Темірдің тілін табу оңай, «суын» табу қиын.

🗒️ Бүгін 11:00 👤Валентина Свириденько
Қытай елінде дәстүрлі қазақи тұрмыс кешіп, түйе қомында туып, ат жалында өскен екі миллионнан астам этникалық қандас бары белгілі. Бұлардың аз бөлігі диаспора (Қазақстаннан қуғын-сүргін кезінде қоныс аударған) болғанымен, ирриденттер (баяғыдан сол елде тұратын, тарихи ата қонысында отырғандар) көп бөлігін құрайды, ел тәуелсіздік алғанда біраз қандас ағайын тарихи отанына оралған еді...
Солардың біразы Марқа өңірінде тұрып жатқан, біздің кейіпкеріміз – Сәуле Құдабайұлы арғы бетте ауыл басқарған әкім болса да, атасынан дарыған ағашшылық, теміршілік өнеріне жетік ұсталығын тастамай келеді. Бес атасынан бері ұсталық дарыған әулетте өскен Сәуле ағамыз ұстара, пышақ, бәкіден тартып, аттың таға-шегесі, әр үйдің таңбасына дейін қара темірді қамырша илеп, қосымша табыс көзіне айналдырып келеді. Тілді- жақты ағамыз қара сөзге ұста, қолынан да, тілінен де келіп тұрған адам екені көрініп тұр. Қолөнердің ішінде теміршілік Дәуіт пайғамбардан қалған өнер деп қазақ ішінде қатты дәріптелген, қастерленген өнер. Олай дейтініміз, ағашшылық, қайысшылық, үйшілік өнеріне қарағанда өте ептілікті, төзімділікті талап етеді. Ал апаларымыз шалын мақтағанда «Қаймана қазаққа қара темір балқи ма!? Қара шалдың қасиеті ғой..» деп көсілетін көрінеді.
Қолөнердің бәрі төзімділікке, ептілікке, шыдамдылыққа үйретіп, адамды өмірге тәрбиелейді, мұның бәрі бір күні болмаса, тағы бір күні керек болатын қарапайым адами қасиеттер. «Мысалы, «Өтірік сөз жанға қас, Өткір пышақ қынға қас» деген мақал бар, пышақ қанша өткір болғанымен оның қыны пышақтан мықты болмаса өз пышағың өзіңе жау боп шықпасына кім кепіл?!», - дейді қара темірді қамырша илеп жатқан Сәуле ақсақал.
Кенжелеп қалған дейміз-ау, ұмытылып бара жатқан ұсталық өнерді жанына серік еткен ұстаның күнделікті жұмысы ұстаханадағы күйбең тіршіліктен басталады. Тұрмысқа қажетті құралдарды өзі жасап, ауылдастарының қажетін өтеп отырған шебердің қолына дерт бермесін айтамыз.