«ТУҒАН ЖЕР – АЛТЫН БЕСІГІМ» Тарбағатай күндері облыс орталығында

Қарашаның соңын ала облыс орталығы Өскемен қаласында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Тарбағатай ауданының күндері дүркіреп өтті. Осынау дәстүрлі шараға тарбағатайлықтар тайлы-тұяғымен атсалысып, береке мен бірліктің, өңір болашағына деген сенімнің үлгісін көрсете білді.
Аудан әкімі Д. Жөргекбаев бастап барған делегацияның іс-шарасы ең әуелі С. Аманжолов атындағы университет корпусында өткен «Ауылға бағыт: жас мамандар жәрмеңкесі» атты бос жұмыс орындары жәрмеңкесінен бастау алды. Бұл жерде аудандағы маман тапшылығын жою, жастарды ауданға жұмысқа тарту бойынша жұмыстар жүргізілді және студенттерге өңірді таныстыра отырып, түрлі салада жұмыс істеуге шақырды. Жалпы Тарбағатай ауданы республиканың әр өңірінде көші-қон мәселесі және жұмыс күшін тарту бойынша тұрақты кездесулер мен жәрмеңкелер өткізіп келеді. Соның нәтижесінде ауданға ат басын бұрып, қоныстанушылар мен жас мамандар легі келуде. Оны күнделікті білім, медицина және басқа да салаларға орналасып жатқан мамандардан байқап жүрміз.
Түс ауа ШҚО филармониясының залында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында «Дәстүр мен даму: Тарбағатай өнері» атты мазмұнды көрме басталды. Нағыз қазақылықтың қаймағы саналатын Тарбағатай өңірінің брендтері осы жерге топтастырылды. Шырғанақ шырыны, түрлі сүт өнімдерінен жасалған балқаймақ, сүзбе, құрттың неше атасы, қымыз бен қымыран, шұбат, айран сияқты ағарғандардың көптеген түрі, қазы-қарта, жал-жая, жаңа піскен бауырсақ, нан өнімдерінің сан түрі әдемі оралып, келушілердің таңдайын тақылдатты. Сонымен қатар сурет көрмесі, қолөнер бұйымдары, сырмақ-текеметтер қаз-қатар тізіліп, қазақ тұрмысы мен мәдениетінің тарихынан сыр шертті.
Аталған шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Е. Нұрғалиев, ШҚО мәслихатының төрағасы Д. Рыпаков және облыстың көптеген басқарма басшылары қатысты. Тарбағатай ауданының әкімі Д. Жөргекбаев өзі бас болып көрме барысында Тарбағатай өңірінің мәдени мұрасы, шеберлік мектебі және заманауи өнер бағыттары жан-жақты таныстырылды. Көрмеге келушілер назарына: «Тарбағатай өрнегі» қолөнер туындылары, аудан шеберлері мен ұлттық тағамдар дәстүрінің көрмесі, Тарбағатайдан шыққан қаламгерлердің еңбектерінен құралған кітаптар топтамасы, «Балалар өнер мектебінің» сурет және қолөнер бағытындағы шығармашылық жұмыстары, жас суретшілердің «Арт баттл» сайысы және арнайы шеберлік сабағы, «Тарбағатай өнімдері: табиғаттан тұтынушыға» атты ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік өнімдері, сондай-ақ әзірге игеріліп жатқан жалғыз қазба байлығымыз — «Tagbent» ЖШС-ның «Сорбент сазы – Тарбағатай байлығы» атты таныстырылымы ұсынылды. Иә, бұл шара Тарбағатай өңірінің рухани қазынасын, дәстүрлі өнерін және жаңа буын шығармашылығын бір арнаға тоғыстырған мазмұны терең мәдени алаң болды. Оған келушілер де көз жеткізді, қошаметпен қол соқты.
Кешкісін, көз байлана Тарбағатай ауданының «Туған жер – алтын бесік» жобасы аясындағы концерті басталды. Залда ине шаншар орын жоқ, түрегеп тұрғандардың қарасы көп болды. Кіре алмағандар көрме жағалап, арнайы ұйымдастырылған фотозонада батырлармен рәсімге түсіп мәз. Концерт басында Тарбағатайлық айтыс өнерінің дүлдүлдері Серікхан Жақиянов, Абаш Кәкенов, Аян Әзтаев, Серік Шөкеновтардың ізін басқан Құралай Камалиева, Ержан Әділбеков, Алпыс Жақиянов, Амангелді Тетеповтар айтыс өнерінің керемет үлгісін көрсетсе, дәстүрлі ән өнерін шалқыта шырқаған әншілердің өнеріне де халық жоғары баға берді. Біртіндеп сахнаға шыққан тарбағатайлық тарландар нағыз өнердің қандай болатынын көрсете алды. Абайдың 180 жылдығын және басқа да зиялы қауым мерейтойларын арқау еткен көрініс ерекше сәтті шықты. «Оркестрдің орындаған “Махамбет” күйі басқа аудандық ұжымдар арасында ойналған жоқ, облыстық Бәйжігіт оркестрінен кейін мұндай күрделі күйді ғаламат орындап шыққан аудан өнерпаздарына респект!» — деп өнер жанашыры, жерлесіміз Г. Қазимова әпкеміз де өз пікірін білдірді. Әр қойылымы мен сахналық нөмірі екшеліп, құлжаның асығындай жұмыр да шымыр шықты. Әлемді тамсандырып үлгерген «Барқытбел» этно тобының өнері өз алдына дара шың. Мұң бұралған биші қыздарымыз «тәшкен көрген» кәсіби бишілерден еш кем түспеді. «Қайран бабам» деп шырқаған Нұржан Шөкеновтың әні көрерменге терең ой салды. Аспапсыз шырқаған «Ерлер дауысы» вокалы да жаңа қырынан танылғандай… «Бәрін айт та, бірін айт» демекші, көркем концерт шын мәнінде Тарбағатай өнерінің басқа аудандардан бір бас жоғары тұратынын тағы бір дәлелдеді. Осы тұста жергілікті өнерді өрге сүйреп жүрген Шәкен Мәлікызына және мәдениет үйі өнерпаздарына зор алғыс айту керекпіз. Осылайша жерлестеріміз үкілеп апарған мәдени һәм дүниауи шараның алғашқы күні аяқталды.
29 қараша күні «Алтай» сауда кешенінде ауданның табиғи азық-түлік және мал өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Қала тұрғындарына қолжетімді бағамен сапалы ауыл шаруашылығы өнімдері ұсынылды. Жәрмеңкеге Тарбағатай ауданынан 4,5 тонна ірі қара еті, 1,5 тонна жылқы еті, 1 тонна балық және түрлі сүт өнімдері жеткізіліп, тұрғындарға саудаланды. Осы алаңда ұлттық ойындар сайысы өтіп, «Дала дәмі – ел несібесі» атты мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынылды. Ұлттық ойындар демекші, жәрмеңке басында ұйымдастырылған «қой көтеру» мен «арқан тарту» сайысы өте қызықты болды. Қой көтеріп жарысқан сіңірлі жігіттер 40 келілік салмақты бұйым құрлы көрмеді. Алды 40 мәрте, ортасы 110 көтергенде Құйғандық азамат Әділет Сұлтанов 420 мәрте көтеріп жарыстың нүктесін қойды. Одан кейін батылы барып ешкім шықпады, тиісінше семіз қой жеңімпаздың жетегінде кетті. Қасат қарға табан тіреп, арқанды шірене тартқандар арасында салмақтылар жеңімпаз болды. Ақжар командасы І орын, Қарасу ІІ орын, Ақжар мәдениет үйі жігіттері жүлделі ІІІ орынды қанжығаларына байлады.
Ән мен күйсіз жәрмеңке қайда? Ол жерде де жергілікті өнерпаздарымыз ән қоржындарын сөкті. Қысқы соғым қамымен келген жұртшылық бір ауық ән сиқырына беріліп, алған еттерін ұмытып кетіп жатты. Жәрмеңке қызығымен қатар сол уақытта волейболдан «Тарбағатай лигасы» жалауын көтерген еді. Спорт залда жан алысып, жан беріскен командалар қызықты ойын көрсетіп, өзара жеңімпаздарды анықтады.
Жәрмеңке саябырлаған шақта «Maxi Mall» сауда-ойын-сауық орталығында «Тарбағатай бояулары» атты жас суретшілер көрмесі өтіп, облыс орталығы тұрғындарына ауданымыздың жас таланттарының туындыларын тамашалау мүмкіндігі берілді. Шара барысында келушілер бейнелеу өнерінің ерекшеліктерін танып, балалардың қылқаламмен жұмыс істеу шеберлігін байқататын «шеберлік сабақтарына» қатысты. Шығармашылық алаңда суретшілер туған жер келбетін қылқаламмен өрнектеген «Art Battle» жылдам сурет салу өнерін көрсетті. Сонымен қатар Тарбағатай ауданының өнерпаздары көпшілікке ұлттық киім шеруін ұсынып, өңірдің сәндік-дәстүрлік мәдениетін сәтті көрсете білді. Әрбір киім үлгісі ою-өрнек нақышын, өңірдің тарихи болмысын және ұлттық қолөнер ерекшеліктерін айшықтап, көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Жиынға арнайы келген аудан ақсақалдары жас өрендерге ақ батасын берді.
Осы тұста Самал Нағызханқызы басқаратын аудандық білім бөлімі мекемесінің де еңбегі ерекше. Жалпы екі күндік шараларға ауданымыздан 150-ге жуық өнерпаз, шебер қатысып, 2000-нан астам көрермен іс-шараларды тамашалады. Барлық қатысушыларға, өнерпаздарға, қонақтарға, Өскемен қаласының тұрғындарына және ақпараттық қолдау көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Тарбағатай ауданының әкімі Д. Жөргекбаев шынайы алғысын білдірді. Біздер – журналистер қауымы ел бірлігін бекемдейтін, мәдениетін ұлықтайтын шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба берсін деген тілекпен тарқастық.
Е.Үсенов