НАУРЫЗНАМА – 2026

Аудан жаңалықтары / Әлем жаңалықтары Кеше, 12:44 13

             

            НАУРЫЗНАМА – 2026
Тарбағатайда Ұлттық киім күні атап өтілді

Наурызнама онкүндігі аясында 18 наурыз – Ұлттық киім күні Тарбағатай ауданына қарасты ауылдық округтерде ерекше аталып өтті. Бұл күні ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері ұлттық киім киіп, ата-баба дәстүріне деген құрметін білдіріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге белсенді атсалысты. Ұлттық киім күні – халқымыздың мәдени мұрасын ұлықтап, жас ұрпақтың бойына ұлттық рух сіңіруге бағытталған тағылымы мол мереке.

Тұғыл ауылында мерекелік күн кең көлемде ұйымдастырылып, баладан қартқа дейін түгелдей қазақы киім киіп, бірлік пен дәстүрге деген құрметін көрсетті. Қазақы нақыштағы шапан мен камзол, кимешек пен тақия киген ауыл тұрғындары ұлттық мәдениетіміздің көркемдігін айшықтап, ата-баба мұрасын ұлықтады. Бұл шара ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, ұлттық рухты асқақтатуға бағытталған өнегелі бастама болды.

Маңырақ ауылында Наурызнама онкүндігі аясында Ұлттық киім күніне орай мекемелер арасында шеру ұйымдастырылды. Шара барысында қатысушылар дәстүрлі киім киіп, халқымыздың бай мәдениеті мен салт-дәстүрін насихаттады. Әр мекеме өз ерекшелігін көрсетіп, ұлттық нақыштағы киім үлгілерін көпшілік назарына ұсынды. Бұл көрініс ауыл тұрғындарына ерекше әсер сыйлап, ұлттық құндылықтарға деген қызығушылықты арттыра түсті.

Қабанбай ауылдық округінде өткен мерекелік шара да ерекше әсер қалдырды. Ауылдың үлкен әжелерінен бастап еңбектеген балаларына дейін барлығы ұлттық киім киіп, ата-бабадан қалған асыл мұраны дәріптеуге үлес қосты. Әжелердің зерлі камзолдары мен ақ кимешектері өткеннің шежіресін еске салса, аналардың оюлы көйлектері мен қыздардың үкілі тақиялары қазақы сәннің көркемдігін көрсетті. Балалардың кішкентай шапандары мен тақиялары ұлттық киімнің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқанын айқын аңғартты. Әрбір ою мен өрнекте терең мағына жатқандай әсер қалдырып, ауыл іші ұлттық бояуға бөленді.

Құйған ауылында Ұлттық киім күніне орай мерекелік челлендж ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары мен мекеме қызметкерлері ұлттық киім киіп, арнайы бейнежазбалар түсіріп, мерекелік эстафетаны жалғастырды. Бұл шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа ата-баба дәстүрін сақтаудың маңызын түсіндіру, ұлттық киімнің тәрбиелік мәнін көрсету болды.

Қарасу ауылында да ұлттық киімге арналған арнайы челлендж өтіп, тұрғындар қазақы нақыштағы киім үлгілерін киіп, ұлттық мәдениетке деген құрметтерін білдірді. Қазақтың әр ою-өрнегі мен әрбір киім үлгісі – халқымыздың тарихы мен болмысының көрінісі екені тағы бір мәрте насихатталды.

Жаңаауыл ауылында мәдениет үйінде мерекелік кеш ұйымдастырылып, барлық мекеме қызметкерлері белсенді қатысты. Шара барысында қазақы киім үлгілері көрсетіліп, дәстүрлі әндер орындалып, ұлттық көріністер сахналанды. Басқа ауылдық округтер де ұлттық киімді ұлықтаудан қалыс қалмай, атаулы күнді жоғары деңгейде өткізді.

Ұлттық киім күніне арналған осындай тағылымды шаралар арқылы халқымыздың бай мәдени мұрасы жаңғырып, ұрпақтар арасындағы сабақтастық нығая түсті. Ұлттық киім – халқымыздың рухының, тарихының және мәдениетінің айнасы. Сондықтан мұндай мерекелік бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, ұлттық құндылықтарымыз әрдайым ұлықтала беретіні сөзсіз.

Заңғар Нұрбекұлы

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]