Өскеменде Марқакөл күндері өтті

Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласында «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Марқакөл ауданының күндері дүркіреп өтті. Іс-шарада Марқаның мәдени саласы, ауылшаруашылығы өнімдерінен жәрмеңке, 10 тақырыптан тұратын қолөнер және көркем суретке арналған көрме, гала-концерт және басқа да көптеген мәдени шаралар жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Марқакөлдің мәдени өркениеті сан жылдардың қойнауында жатқаны рас. Шағын елді мекендердің өзінде отбасылық ансамбльдер, күміс көмей әншілер, қасиетті қара домбыраға жан бітіретін дүлдүл күйшілер болған. Әр халықтың «төлтума мәдениеті» жайлы Олжас Сүлейменов: «Төлтума мәдениет деп – сан ғасырлар бойы кеменің зәкірі тасталмаған елді айтуға болады» деген екен. Бұл не деген сөз? Елдің мәдениеті өз ішінде толыса дамып, көршілес елдің мәдениетін сіңіріп алмай, тарихтан өз орнын алып, ерекшелігін көрсетіп, өзгеше екенін дәлелдей алады дегенді білдірсе керек. Марқакөл ғасырлар бойы бояуы айшықты өз төлтума мәдениетін жоғалтпай, өзгеше дамып келеді. Осынау інжу-маржандарға толы бар өнерін облысқа алып келіп, паш етті.
Өз жерлестерін қолдап, қолпаштауға келгендердің де қарасы қалың болды. Жергілікті кәсіпкерлердің арпа, сұлы, бидай, тары, талқан, құрт, май, бал, тосап секілді өнімдері ақ дастарханға қойылып, көрменің сәнін ашты. Бауырсақтардан жиналған қазақ қызының бейнесі көпшіліктің көңілінен шықты.
– Марқакөл егін егуден, сүт өнімдерін өндіруден жалыққан емес. Бұл дастарханда Ақжайлаудың сары майы, тау баурайынан терілген бүлдірген, мүкжидек пен таңқурайдан жасалған тосап қойылған. Марқакөлдің балы ең үздік деп танылды. Сондықтан өз балымызды да, қымыз бен сүт өнімдерін де алып келдік. Былғары Табыты, Төсқайың, Ақжайлау, Марқакөл, Қалжыр ауылдары ерекше белсенділік көрсетті, – деді ауыл шаруашылығы бөлімінің қызметкерлері.
Марқакөл қорығының қызметкерлері де өз туындыларымен ерекшеленді. Марқакөлдің тұмса табиғатын көрсетіп, жан-жануарлардың экспонаттарын киіз үйдің іргесіне топтастырды.
– Біздің музейде аң-құстардан бастап ірі жануарларға дейін жинақталған жануарлар әлемінің макеттері бар. Яғни браконьерлерден тәркіленген аңдардан тұлып жасалған. Қазір жануарлардан тұлып жасайтын таксидермист мамандар жоқ. Бұлардың бәрі 90-жылдары жасалған. Бүгінгі көрмеге ірі аңдарды емес, үкі, қасқыр, түлкі секілді аң-құстарды алып келдік. Жол ұзақтығын, ауа райының қолайсыздығын ескердік. Әйтпесе марал, бұғы, аюларды да көрсеткіміз келген еді, – деді қорық қызметкері.
«Болашақтағы Марқакөл» атты жасанды интеллект көмегімен жасалған макеттер келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл ерекше жобаны Марқакөл ауылының №1 мектеп оқушылары таныстырып, өз білімдерін ортаға салды.
Сондай-ақ, мұндай игі шараларда Марқакөлдің ерен тұлғасы – Құмаш Нұрғалиұлын айтпай кету мүмкін емес. Кеш барысында жаңашыл ұстаз, ҰОС ардагері, халық ұстазы Құмаш Нұрғалиевтің көрмесі де таныстырылды. Бұл көрмеде ұстаздың ғұмырнамалық кітаптары, сол кезде қолданылған алғашқы техникалық жабдықтар таныстырылды. «Книги профессиональных династий Республики Казахстан» атты кітаптың бірінші бетіне енген халық мұғалімі жайлы біршама мағлұмат айтылды. Кеш барысында тағдыр тәлкегіне қарсы тұра білген Құмаш Нұрғалиұлы туралы салиқалы ойлар қозғалды. Тау тұлғаның өмірі мен еңбек жолын қас-қағым сәтте айтып өту мүмкін емес. Сонда да көрмедегі экспонаттарға қарап сол жылдардың қажырлы еңбекпен келген білім мен ғылым көрінісін елестетіп өттік.
Марқакөл аудандық кітапхана қызметкерлері Марқа өңірінің әдебиеті мен болмысы аңқыған рухани жәдігерлерді алып келді. Соның ішінде Сайлау Төлеуов ағамыздың туындысы – «Марқакөл – Атамекенім» кітабының екі нұсқасы, Қалиғұмар Қабдешовтың ғұмырнамасы, Жолаушы Тұрдығұловтың шеберлік өнеріне арналған туындылары және басқа да шығармалар көрмеге қойылды.
– Мәдениет тұнған өлкеде қашан да руханият қатар жүреді. Марқакөлдің тарихы мен аңыздарын Өскеменге алып келіп, кеш қонақтарына таныстырып жүрміз. Концертке жиналғандардың көбі біздің жерлестеріміз екен. Бұл кеште руханиятпен тоғысып қана қоймай, талай жыл көрмеген жақындарымызбен де қауышып, мәре-сәре болып отырмыз, – деді кітапханашылар.
Марқакөл ауданының фотогалереясы да көрменің маңызды бөлігіне айналды. Фото десек, ең бірінші қазақтан шыққан тұңғыш фототілші ағамыз – Қалиғұмар Қабдешов есімізге түседі. Фотожурналистиканың жолын салған десек қателеспейміз. Ал қазақтың тұңғыш фотографы – Жәңгір ханның немересі, ақын Шәңгерей Бөкеев. Ақын жігіттен кейін бұл тізімде жерлесіміз Қалиғұмар ағамыз тұр. Шәңгерей ақынға фотоаппаратты Николай патша сыйға тартыпты. Ол осыдан 120 жыл бұрын тұңғыш суреттерін түсіре бастаған. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханмен де сыйластық қарым-қатынаста болып, бірнеше фото жасаған. Техникаға үйір болған Шәңгерей Бөкеевтің үйінде фонограф, рояль, үлкен фотоаппарат сынды дүниелер болған. Қалиғұмар Қабдешов қолына фотоаппаратты алғаннан кейін алғашқы фотоларын газеттерге жібере бастаған. Марқакөлдің «Шамшырақ» газетінің фототілшісі болып қызмет етіп жүргенде өңірдің тыныс-тіршілігін, табиғатын, жануарлар әлемін таспаға түсіріп облысқа, тіпті республикаға да жіберіп отырған. Дінмұхаммед Қонаевтің жеке фототілшісі болып қызмет етіп жүрген кезде одан батасын алып, «Бүгінгі фотосурет – кешегі тарих» деген сөзбен Қалиғұмар ағамыздың еңбегін айшықтап кеткен еді. Фотогалереяда оның «Шамшырақ» газетіне басылған фотолары таныстырылды. Айта кету керек, фотокөрме аяқталғаннан кейін Қалиғұмар ағамыз редакциямызға хабарласып, алғысын жаудырды. Еңбек пен өнерді ұмыттырмай, ұрпаққа жеткізіп отырғанымызды құптап, ризашылық білдірді.
– Менің фотожурналистика саласына қосқан үлесімді ұмытпай, көрмеде таныстырып отырғандарыңа қуаныштымын. Әлеуметтік желіден Марқакөл редакциясын көрген кезде қуанып қалған едім, үңіліп қарасам, мені облысқа таныстырып, кішігірім фотокөрме жасап қойыпсыңдар. Қуанышымда шек болмады. Осыны көріп, қандай бақытты адаммын деп ойладым. Еңбегімді елеп, жұмысымды тамашалаған Марқакөліме рахмет айтамын. Фотожурналистика сырттай оңай мамандық болып көрінеді екен кейбір жандарға. Бұл – тынымсыз, қарбаластыққа толы қызмет. Мен айлар бойы, тіпті жылдар бойы үйде болмай, дархан даланы таспаға түсіріп, суреттерді көрмеге ұсынып жүрдім. Сол кездегі техника қазіргідей оңай емес. «Шамшырақ» газетіне алғаш келгенімде ауыл тұрғындары фотоға түскісі келген жоқ. Сенім болмады. Себебі сол кезде фото түсірсең, оны облысқа жіберуің керек, ары қарай өңдеу керек. Жазда түсірілген фото қыста келуі мүмкін, күзде түсірілген фото көктемде келуі мүмкін еді. Қолымда фотоаппарат болды. «Шамшырақ» газетінің редакциясынан сұранып, облыс орталығына барып, бұл жағдайды қолға алған едім. Бұл қызметімді, тапсырылған жұмысымды абыроймен атқардым десем қателеспейтінім хақ, – деді Қалиғұмар Қабдешұлы өз сөзінде.
Президентіміз Қ. Тоқаевқа етік тіккен, бүгінде танымал кәсіп иесіне айналған етікшінің туындылары да көрменің сәнін келтірді. Самғау Нәсіпханұлы – алғашқылардың бірі болып Марқакөл ауданына табан тіреген қандасымыз. Кейіннен облыс орталығына көшіп барып, аяқ киім тігетін шеберханасын ашып, бүгінде Мемлекет басшысының тапсырысын жасап, көпшілікке танымал болды.
– Осыдан 3 жыл бұрын Мемлекет басшысына етік тігіп беру керек деген шешім қабылдадым. Дайын болғанда отандық өнім болғандықтан сыйлыққа берейін дедім. Тапсырыс берген азамат: «Әділеттілік осындай дүниелерден басталады, тегін емес, ақшаға аламыз» деді. Содан бері бұл кәсіпті одан әрі қолға алып, шабыттана дамытып жүрмін. Президенттің еңбек адамына деген құрметін осыдан да көруге болады, – деді Самғау Нәсіпханұлы.
Көрмеден кейін кештің ең қызық сәті – гала-концерт басталды. Бұл концертке мәдениет қырандары әу бастан-ақ дайындалған. Оларға демеу беріп, концерт жүргізуге арнайы жерлесіміз, актер Алмат Сақатов келді.
– Бұл шараға дайындық өте жақсы болды. Мәдениет үйінің жұмысшыларынан бастап, мұғалім, оқушыларына дейін барлығы атсалысты. Директоры Ерболат Матабаевтың да үлесі зор болды. Барлығы өз өнерін аса шеберлікпен ортаға салды деп айта аламыз. Әсіресе Боран мен Қалжыр ауылынан келген қатысушылар маған қатты ұнады. Тәртіп, өз ісіне жауапкершілік таныту, сахнадағы мәдениеті мен этикасы бірден баурап алды. Боран ауылы мектебінің директоры қандай жауапты адам! Абайдың қара сөзін мүдірмей оқып шығу да оңай емес. Құмаш Нұрғалиұлына арналған қойылымды да ерекше атап өтуге болады. Қайта құрылған аудан бір жыл ішінде басқа аудандардан қалыспай, сүрінбей, өз өнерлерін паш еткендеріне қуаныштымын. Осы шараға мен де шамам келгенше үлес қосқаныма ризамын. «Әрине, Марқакөл ауданы қандай концерт қояр дейсің?! Әйтеуір барып-келсеңдер жеткілікті емес пе?» – деген кертартпа әңгімелерді де естіп қалдым. Бірақ шындығына келсек, Марқакөлдің кереметін көрсетемін деп барған ақсақалдан бастап, кішкентай оқушыға дейін, Марқакөл әкімдігінің өкілдері – барлығы бір кісідей жұмылған жұдырықтай болып, бұл кештің мерейін асқақтатты. «Қалауын тапса, қар жанар» демекші, халық алдында мықты өнер көрсете алды. Өзім де аудандағы қай шара болсын демеу беріп, жәрдемдесуге қашан да дайынмын. Мәдениетті дұрыс таныған адам бұқара алдында мол абырой жинайды, ал қадірін білмеген – жинаған абыройын қасықтап шашады. Өз сөзім – өзімдікі. Десек те, бұны дұрыс түсінсе екен деймін. Себебі мәдениет пен өнер барлық дүниенің алтын алқасы болған, бола да береді, – деді актер Алмат Сақатов.
Сахна саңлақтары концертке келген қонақтардың ғана емес, әлеуметтік желі пайдаланушылардың да көзайымына айналды. Ринат Хасеновтің «Қара жорғасы» халық көңілінен шығып, көп қаралымға ие болды.
«Бөрі соғар жігіт – бөрігінен белгілі, балта соғар жігіт – көрігінен белгілі» – дейді дана халқымыз. Өнерге және мәдениетке жақын саңлақтар сахна төрінде сап түзесе, еңбегі және руханиятымен, шығармашылығымен танылған тау тұлғалар көрменің сәніне айналды. «Өнерпаз адам шаһар түзетер» дейді ақсақалдарымыз. Демек, бұл кештің майталмандарын мақтап өткеніміз жөн. Сахнада төгілген ән мен күй естіледі, сахна сыртында қолөнершілердің экспонаттары осыған көрік береді. Көз алдымызда өткен концертті әлі талай әңгімелеп айтармыз. Алайда бұл әдеміліктің артында тынбай еткен еңбек, бірлесіп істеген жетістіктер, жұмыла атқарылған жұмыс жатыр. Бұл аудан күндерін, ондағы шараларды, оның ішінде мерекелік концертті көргендер де арманда, көрмегендер де арманда…
Валентина Свириденко






