Қандастар көші «Жолашар» арқылы атажұртқа ағылуда

Аудан жаңалықтары 26-02-2026, 21:43 33

Соңғы жылдары атажұртқа қоныс аударушы қандастар қарасы молайды және ШҚО, Тарбағатай ауданына келушілер саны да артып келеді. Бұл – жалаң статистика немесе кезекті науқан емес. Бұл – тағдыр, бұл – тарихи әділеттіліктің көрінісі, бұл – ұлттың тамырына қан жүгіртетін күрделі әлеуметтік құбылыс. Әркөштің артында жеке драма, үлкен үміт, бүтін бір әулеттің тағдыры тұр.

Ата жұртқа бет бұру – көрші ауылға көшкендей жеңіл шешім емес. Әсіресе шетелдегі қазақ диаспорасы үшін бұл – сана сүзгісінен өткен, сан таразыға салынған салмақты қадам. Көшіп келіп жатқан ағайынның әрқайсысы туған жерге тек географиялық мағынада емес, рухани кеңістік ретінде қарайды. Бұл көштің астарында «қайда жақсы өмір бар?» деген сұрақтан гөрі «қайда менің тамырым бар?» деген терең сауал жатыр.

Осы үдерістің алдыңғы шебінде жүрген азаматтар да жоқ емес. Солардың бірі – Болыс есімді азамат. Ол өзі де Қытай Халық Республикасынан бір жыл бұрын ғана көшіп келген. Бүгінде әлеуметтік желілер арқылы қандастарға бағыт-бағдар беріп, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен айналысып жүр. Бұрын журналистика, дикторлық, дубляж салаларында еңбек еткен тәжірибесі оның сөз саптауынан, мәселені жеткізу мәнерінен анық аңғарылады. Жұмыс барысымен ортасында көп жүргендіктен,қарапайым халықтың нені білгісі келеді, нені түсінгісі келетіні Болысқа мәлім. Сол себепті, көкейлеріндегі сұрақтарға дөп басып жауап беруде.Алғашқы да тек таныстыру мақсатында құрылған «Жолашар» ақпараттық орталығы қазірде ақпарат қана емес, қосымша кеңес беру тобы, психологиялық қолдау да көрсетіп отыр. «Бел ортамнан осы ортада жүрмін, шегінетін жерден асып кеттім. Өмір жолым мені осы басты миссияма дайындаған секілді»,- деп күледі Болыс би.

Әлеуметтік желілердің ықпалына бүгінде ешкім күмән келтірмейді. Бір кезде тек ойын-сауық алаңы ретінде қаралған платформалар қазір қоғамдық пікір қалыптастыратын қуатты құралға айналды. TikTok секілді желілерде жарияланған қысқа бейнематериалдардың өзі мыңдаған, тіпті миллиондаған көрерменге жетіп, нақты шешімдерге түрткі болуда. Болыс жүргізіп отырған насихат жұмыстарының нәтижесінде Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарына көшіп келушілер саны артқаны айтылып жүр. Бұл – жалаң үгіттің, құрғақ ұранның емес, нақты ақпарат пен сенімнің жемісі.

Шекаралық аймақтардың демографиялық, экономикалық ахуалы – мемлекет үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Халық санының азаюы, еңбек ресурстарының тапшылығы, ауылдардың бос қалуы секілді түйткілдер жылдар бойы айтылып келеді. Осындай жағдайда елге оралған қандастардың келуі – жеке отбасының қоныс аударуы емес, тұтас өңірдің тынысына әсер ететін фактор. Әрбір жаңа отбасы – жаңа мектеп оқушысы, жаңа салық төлеуші, жаңа кәсіпкер немесе жаңа маман деген сөз.

Мысалы, «Мансап» орталығының мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 4 отбасы келіп, аудан орталығы Ақжар ауылына тұрақтаса, ағымдағы жыл басында 1 отбасы көшіп келген. Сонымен қатар, ауданымызға келіп, ауылдарды аралап, тыныс-тіршілігін саралап жүрген ағайындардың аяғы үзілген жоқ. Көпшілігі біржола отбасымен қайта оралып, осында табан теуіп, ендігі өмірін еліміздің көсегесін көгертуге арнайтындықтарын жеткізуде.

Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары да аз емес. Қоныс аударушыларға тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған қаржылай көмек, көші-қонға байланысты төлемдер қарастырылған. Әрине, бұл қаражат барлық мәселені бірден шешпейді. Бірақ жаңа ортаға бейімделу кезеңінде айтарлықтай демеу болатыны анық. Көштің ауыртпалығы мен белгісіздігін бастан өткерген адам үшін мұндай қолдаудың психологиялық маңызы да зор.

Дегенмен, көші-қон тек жеңілдіктер мен ресми есептерден тұрмайды. Бұл жерде адам факторы, әлеуметтік бейімделу, мәдени ортаға сіңісу, еңбек нарығына кірігу секілді сан алуан қырлар бар. Елге келген қандастың басты арманы – тіркелу немесе жәрдемақы алу емес. Оның арманы – қоғамға толыққанды мүше болу, баласының болашағына сенімді болу, өзін бөтен сезінбеу.

Өкінішке қарай, осы тұста көңілге қаяу түсіретін жайттар да кездеседі. Кейбір мекеме қызметкерлерінің «тып-тыныш отыратын едік, жұмысымыз көбейді» деген сыңайдағы сөздерқандастар құлағына жетіп жүргені қынжылтады. Бір қарағанда бұл – төмен деңгейдегі шағым секілді көрінуі мүмкін. алайда мәселенің астарына үңілсек, мемлекеттік көші-қон мәселесіне байланысты болғандықтан сергек қарауды талап етеді.

Қандастар – бұл елге сырттан келген бөгде топ емес. Олар – тарихи себептермен шекара сыртындақалған, бірақ ұлттық болмысы мен руханибайланысын сақтап қалған ағайын. Олардың елгеоралуы – мемлекет жүргізіп отырған сарабдалсаясаттың нәтижесі ғана емес, ұлттың ішкітұтастығын қалпына келтірудің тәсілі. Сондықтанбұл мәселеде тек экономикалық есеппен шектелужеткіліксіз. Мұнда моральдық, тарихи, өркениеттікөлшемдер де бар.

Жаңа ортаға бейімделу үдерісі екіжақтыпроцесс екенін ұмытпауымыз керек. Бір жағынан, көшіп келген азамат жергілікті тәртіпке, заңға, еңбек нарығының талаптарына бейімделуі тиіс. Екінші жағынан, қабылдаушы қоғам да жаңаданкелгендерді түсіністікпен қарсы алуға міндетті. Төзім мен сабыр, өзара құрмет болмаса, кез келгенкөші-қон саясаты формальды сипатта қалып қоюымүмкін.

Журналистік тәжірибемде талай тағдырменжүздестім. Ата жұртқа келгеніне қуанып, көзжасына ерік берген аналарды да көрдік. Құжатрәсімдеу кезіндегі кедергілерден қажығанотбасыларды да кездестірдік. Бірақ бір нәрсеөзгермейді: елге оралған әрбір қазақтың жанарындаүміт оты бар. Сол үмітті сөндіріп алмау – тұтасқоғамның жауапкершілігі.

Аталмыш мақаланы жазу барысында биыл көшіп келген отбасыға «Ерулік апарамыз» деген көршілерінің ниетін естіп, жақсы істің басына бізде барып қайттық. Бізді Қытай Халық Республикасының Іле аймағынан келген 3 балалы Айдын есімді азамат жарымен бірге күтіп алды. Үй іші құттықтай келген жасқа да жасамысқа да толы екен. Бірінен кейін бірі сөз алып, Айдынға ыстық ықыластарын білдірді. Жайылған ақ дастарханнан дәм ауыз тиіп, тілегімізді жеткізіп, құттықтапқайттық. Қазақтың қазаққа деген бауырмалдылығы жүрегімізге жылы нұр болып құйылды.

Бүгінгі көші-қон – демография немесе әлеуметтік саясат мәселесі ғана емес. Бұл – ұлттық сананың, тарихи жадымыздың, болашаққа деген көзқарасымыздың айнасы. Қандастардың елге келуі арқылы біз өзіміздің кім екенімізді, қандай құндылықтарды ұстанатынымызды тағы бір таразылаймыз. Оларды қалай қарсы аламыз, қандай жағдай жасаймыз, қандай сөз айтамыз – мұның бәрі ертеңгі ұрпақтың есінде қалады.

Атажұртқа ағылған көш тоқтамайды. Өйткені тамырдың тарту күші ешқашан әлсіреген емес. Ендеше, бұл көшті тек бақылап қана қоймай, оның сапалы әрі әділетті жүруіне үлес қосу – баршамыздың ортақ парызымыз. Үмітпен келген ағайынның сенімін ақтамау – тәуелсіз елдің абыройына сын.

Заңғар Нұрбекұлы

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]