Шалғайдағы Шанағатыға интернет жетті

Биыл шанағатылықтар үшін ерекше жыл болды. ШҚО-ның бұрынғы әкімі Ермек Көшербевтің Қазақстанның ең суық нүктесіне алғаш рет арнайы келіп, жергілікті тұрғындармен жылы жүздескені әлі есімізде. Енді, міне, сол кездегі өтініш-тілектер ескеріліп, қазіргі облыс әкімі Нұрымбет Аманұлының қолдауымен ауыл интернет желісімен қамтылды. Бұл — тұрғындар үшін зор қуаныш.
Иә, шынымен де, жылдамдығы жоғары интернет ШҚО, Марқакөл ауданындағы ең шалғай ауылдың біріне жетіп отыр. Шанағаты ауылында интернет бұрын-соңды мүлде болмаған (мектеп ішіндегі Wi-Fi платформасын есептемегенде). Қазіргі таңда бұл өңірде 17 отбасы тұрады. Оның ішінде 13 үй Starlink жүйесіне қосылған. Қалған отбасыларға тегін Free Wi-Fi желісі тартылды.
— «Шалғайдағы ауылымызда интернетке қол жеткізіп отырмыз. Қажетті шаруаларымызды атқару үшін мектепке немесе көрші ауылға бармай-ақ, өз үйімізден шеше алатын жағдайға жеттік. Барша тұрғындар атынан облыс әкімі Н. Сақтағановқа және жергілікті әкімшілікке алғыс айтамыз», — деді ауыл тұрғындары әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаларында.
Бұл игі іс ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға тағы бір қадам жасалды деген сөз. Интернеттің жетуі — шалғайдағы халық үшін тек ақпараттық байланыс қана емес, білімге, жұмысқа, денсаулық сақтау мен онлайн қызметтерге, цифрлық сервистердің қолжетімділігіне жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Жырақта жатқан ауылға үлкен игіліктің келуі — барша шанағатылықтар үшін қуанышты жаңалық.
Шалғайдағы жерлестерімізді интернеттің келуімен құттықтаймыз!
Валентина Свириденко