НАУРЫЗ – 2026

Аудан жаңалықтары Кеше, 13:57 21

НАУРЫЗ – 2026
Ұлыс бақты болсын, төрт түлік ақты болсын!

Жүсіп Көпейұлының сөзімен айтқанда, қазақтың сыбағасына тиген ұлық мейрамы – Ұлыстың ұлы күні, Наурыз мерекесі. Марқакөлге Наурыз жар салып келді. Дархан далада бауырсақтың иісі аңқып, бала шулап, бар тіршілік үмітпен елеңдеп, думан-сауық қызған шақта келді. Киіз үйлерді айнала жүгірген бала-шағаның дауысы, тау мен сайды жаңғыртқан домбыраның күмбірі, қыз-келіншектердің әсем шолпысы мен шашбауының сыңғыры – бәрі де Наурыздың келгенін айшықтай түсті.

Иә, Наурыз келді, жыл келді! Марқакөлде бұл мереке ерекше салтанатпен өтті. Қазақтың ескі өлең жолдарында айтылатын «Ұйқыашар» мен «Селтеткізер» дәстүрі бүгінде ұмыт бола бастағанымен, Ақбұлақ ауылдық округінің жастары осы үрдісті жаңғыртып, бір-біріне сый-сияпат ұсынып, ұлттық дәстүрді жаңаша сипатта көрсетті.

Жалпы, Марқакөлдегі Наурыз мерекесі Ақбұлақтан бастау алды десек болады. Биыл ауыл жұрты береке-бірлікпен бас қосып, наурыз көжеден дәм татып, мерекелік концертті тамашалап, көтеріңкі көңіл күйге бөленді. Сонымен қатар, ауыл жастары волейболдан турнир ұйымдастырып, өзара бақ сынасты. Жаңа әкімнің мереке қарсаңында келуін ауыл тұрғындары жақсылықтың нышаны деп қабылдап, мерекені біркісідей атсалысып өткізді.

Ұлыстың ұлы күні бір күнмен шектелмейді. Қазіргі таңда Наурызды тойлаудың жаңа тұжырымдамасы енгізіліп, Наурызнама аясында он күн бойы аталып өтуде. Бұл бастаманың түп-тамыры тереңде жатыр. Көшпелі халық бұл мерекені бұрыннан айлап тойлаған. 14 наурыз – Амал күні, Көрісу күні. Бұл күні халық бір-бірімен қауышып, «Бір жасыңмен!» деп амандық тілеседі. Одан әрі Қайырымдылық күні, Ұлттық салт-дәстүр күні, Ұлттық киімдер күні, Шаңырақ күні, Жаңару және Ынтымақ күні жалғасады. Осылайша, жыл басы шаттық пен жаңарудың, бірлік пен ізгіліктің мерекесіне айналады.

Марқакөлдің Наурызын тамашалау үшін еліміздің әр өңірінен қонақтар келді. Күн жылып, қар еріп, жер бусанып жатқан шақта ауыл іші мерекеге бөленді. Ақ кимешек киген аналар мен келіншектер ошақ басында қазан қайнатып, наурыз көже әзірледі. Алаңда тігілген киіз үйлер мен алтыбақан мерекенің сәнін арттырды. Ән мен күй асқақтап, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Азаматтар арқан тартып, гір көтеріп, күш сынасты.

Мерекеге арнайы келген қазақ эстрада жұлдыздары Нұрлан Амиров пен Мұрат Қожа («Нұрлан мен Мұрат») өнер көрсетіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жергілікті өнерпаздардың ән-жыры мерекенің ажарын аша түсті. Ұлттық киім киген жастар би билеп, думанның көркін қыздырды.

Киіз үйлерде ақ дастархан жайылып, ауыл ақсақалдары бата беріп, жастарға ақжарма тілектерін арнады. Бұл – ұрпақтар сабақтастығын жалғаған, ұлттық құндылықтардың қадірін ұғындырған тағылымды күн болды.

Келесі күні Боран ауылында бәйге ұйымдастырылып, мереке жалғасын тапты. 15 шақырымдық аламан бәйге, 5 шақырымдық жорға және құнан бәйгелері, 2,5 шақырымдық тай жарысы өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.

Осылайша, ордалы мекен – Марқакөл өңірінде Наурыз мейрамы жоғары деңгейде аталып өтті. Қазақ танымында бұл күн – халықтың, ел-жұрттың ортақ қуанышы. «Ұлыстың тойы – ырыстың тойы» дегендей, бұл мереке бірлік пен берекенің символы.

Наурыз тойлана берсін, дүбірлей берсін!Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!Төрт түлік ақты болсын!

Валентина Свириденко

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]