Ұлағат иелеріне құрмет - ұлт болашағына сенім

Аудан жаңалықтары 15-10-2025, 17:31 56

Ұстаз - уақыттың өзі мойындаған парасатты тұлға. Ұлттың ұлы перзенттерін тәрбиелейтін, адамзаттың болашағын қалыптастыратын абзал жандардың кәсіби мерекесі - Ұстаздар күніне орай Тарбағатай ауданында бірқатар мазмұнды іс-шаралар өтті. Шаралар легі ұстаздарға деген шынайы құрмет пен ризашылық сезімін білдіруге бағытталды.

Биылдан бастап 5 қазанда аталып өтетін Ұстаздар күніне орай, Тарбағатай ауданында білім беру саласының қызметкерлеріне арналған мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан әкімдігі мен білім бөлімі, жастар ресурстық орталығы бірлесіп өткізген шаралар легі бірнеше бағытты қамтып, жоғары деңгейде өтті.

Ұстаздар мерекесі ең бірнші «Менің алғашқы ұстазым» атты челленджден бастау алды. Аудандық жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған бұл онлайн акцияда жастар өздерінің алғашқы ұстаздарына арнап жүрекжарды лебіздерін бейнежазба арқылы жеткізіп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратты. Науқан көпшіліктің қолдауына ие болып, ұстаздар қауымының мерейін арттырды.

Мерекелік көңіл күй әрі қарай салтанатты кешпен жалғасты. Іс-шараны Тарбағатай аудандық мәдениет үйі мен аудандық білім бөлімінің қатысуымен аудан әкімдігі ұйымдастырды. Кеш барысында аудан әкімі Д. Жөргекбаев құттықтау сөз сөйлеп, барша ұстаздар қауымына жылы лебізін жеткізді және осындай құттықтау газетіміздің өткен санында да жарияланған болатын. Шара барысында білім саласының ардагерлері мен белсенді қызметкерлеріне арнайы марапаттар мен алғыс хаттар табысталып, құрмет көрсетілді. Ұйымдастыру деңгейі жоғары болған кеште ұстаздар қауымы бір сергіп, рухани демалып қайтты. Ән мен жырдан шашу шашылған бұл басқосу - ұлағатты жандарға арналған шынайы алғыс пен ізеттің айқын көрінісі болды.

 Ұстаздарға арналған мерекелік шаралар легі мұнымен шектелмей, волейбол жарысынан аудандық ашық турнирмен жалғасын тапты. Бұл жарысты Тарбағатай аудандық жастар ресурстық орталығы, Абай атындағы орта мектебінің директоры Н. Ниязбекқызы, кәсіпкер А.Мұрат бірлесіп ұйымдастырды. Турнирге ауданға қарасты ауылдық округтерден келген мұғалімдер қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша: I орынды - Абай атындағы орта мектебі командасы жеңіп алды, II орынды -  Б.Сайханов атындағы спорт мектебі, ал жүлделі III орынды - Қабанбай атындағы К.Төгісов орта мектебі иеленді.

Сонымен қатар, жарыс барысында ерекше көзге түскен ұстаздар арнайы номинациялармен марапатталды: Үздік шабуылшы - Ақжол Гемеңлай (Абай атындағы орта мектеп), үздік үйлестіруші  болып - Тұрсын Хамзин (Б.Сайханов спорт мектебі) танылды.

Барлық қатысушы ұстаздарға алғыс хаттар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталды. Мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылған бұл игі бастамалар - ұстаз еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі еді. Әлеуметтік желідегі жүрекжарды челленджден бастап, салтанатты кеш пен спорттық жарыстарға дейінгі шаралар ұстаздардың қоғамдағы орнын, мәртебесін айқындай түсті.

Ұстаз - тек білім беруші ғана емес, жас ұрпақтың жүрегіне үміт ұялатып, болашағына бағдар беретін шамшырақ. Осындай мазмұнды шаралар арқылы мұғалім мамандығының қадірі артып, жас буынның ұстазға деген құрметі тереңдей түсетіні анық. Тарбағатайда аудандық деңгейде өткен бұл іс-шаралар ұстаздар қауымына рухани демалыс сыйлап қана қоймай, олардың еңбегі бағаланатын және қадірлейтін қоғамда өмір сүріп жатқанын сездірді. Ұстазға құрмет - елге құрмет. Себебі, білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы ұлттың келешегі қалыптасады. Осындай тағылымды шаралар ұдайы жалғасын таба берсін, ал ұстаздар қауымының еңбегі әрдайым ел есінде, ұрпақ жүрегінде ұлықтала бергей!

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]