ШАҢЫРАҚТЫҢ ШАТТЫҒЫ – СЫЙЛАСТЫҚ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІКТЕ

Аудан жаңалықтары 12-09-2026, 19:50 199

Отбасы – адам өміріндегі ең қымбат құндылықтардың бірі, мейірім мен ізгілікке бастайтын алғашқы тәрбие бесігі. Адамның бойындағы жақсы қасиет, үлкенге құрмет, кішіге ізет, жауапкершілік пен жанашырлық ең алдымен туған шаңырағында қалыптасады.

Сондықтан, отбасының беріктігі – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның тұрақтылығы мен берекесінің негізі. Қыркүйек айының екінші жексенбісінде елімізде Отбасы күні аталып өтеді. Осы мерекеге орай Тарбағатай аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Қалтаева Гүлжан Бияхметқызымен кездесіп, шаңырақтың қадірі, неке мен отбасы құндылықтары, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігі, ажырасу мәселесі және бүгінгі жастардың отбасылық өмірге көзқарасы төңірегінде сұхбаттасқан едік.

– Гүлжан Бияхметқызы, алдымен Сізді Отбасы күні мерекесімен құттықтаймыз! «Отбасы» деген ұғымды қалай түсіндіресіз?

– Рақмет. Отбасы – әр адамның өміріндегі ең алғашқы тәрбие мектебі әрі сенімді тірегі. Отбасы дегеніміз – бір шаңырақ астында өмір сүретін адамдар ғана емес, ол – өзара сыйластыққа, сенімге, түсіністік пен жауапкершілікке құрылған қасиетті орта. Қазақ халқы «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Себебі отбасында көрген тәрбие баланың болашағына, оның қоғамдағы орнына тікелей әсер етеді.

– АХАТ қызметкері ретінде күнделікті жұмысыңызда көптеген жас жұбайлармен кездесесіз. Олардың отбасын құруға дайындығы қандай деңгейде деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастардың білімге, кәсіби дамуға деген ұмтылысы қуантады. Дегенмен, отбасын құру тек қуаныш пен әдемі өткізілген тойдан тұрмайтынын түсіну өте маңызды. Неке – екі адамның заңды түрде қосылуы ғана емес, бір-бірінің өміріне жауапкершілікпен қарауы. Жас жұбайлар отбасын құрмас бұрын бір-бірінің мінезін, көзқарасын, өмірлік мақсатын түсініп, болашақтарына ортақ жоспар құра білулері қажет. Отбасылық өмірге дайындық тойға дайындалумен ғана шектелмеуі керек. Жастар ерлі-зайыптылық міндет пен жауапкершілікті де алдын ала сезіне білгені жөн.

– «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Сіз бұған келісесіз бе? Берік отбасы болудың басты шарты неде?

– Әрине, келісемін. Үйлену, той жасау – бір күндік қуаныш, ал отбасы болып өмір сүру – ер мен әйелдің өмір бойына жалғасатын ортақ жауапкершілігі. Отбасылық өмірде қуанышпен қатар түрлі қиындықтардың кездесуі заңдылық. Сол сыннан бір-біріне сүйеніп, түсіністік танытып, бірге өте білгенде ғана шаңырақтың босағасы берік болады. Менің ойымша, бақытты отбасының үш негізгі тірегі бар. Олар – сенім, сыйластық және жауапкершілік. Осы үшеуі берік болса, ерлі-зайыптылар кез келген қиындықты бірге еңсере алады.

– АХАТ мекемесінің отбасы құндылықтарын нығайтудағы рөлі қандай?

– АХАТ қызметі көп жағдайда туу, неке қию, ажырасу секілді азаматтық хал актілерін тіркейтін мекеме ретінде қабылданады. Алайда оның қоғамдағы орны бұдан әлдеқайда кең. Әсіресе неке қиюға келген жастар үшін бұл – жаңа өмірге жасалған маңызды сәт. Біз жас жұбайларға некенің мәні мен жауапкершілігін түсіндіруге, отбасының қадірін бағалауға бағыт-бағдар беруге тырысамыз. Әрбір қиылған неке берік болып, әр шаңырақта татулық пен түсіністік орнауы маңызды. Өйткені берік отбасы – қоғамның берік негізі.

– Бүгінгі қоғамға қандай отбасы үлгісі қажет деп ойлайсыз? Заманауи отбасында қандай құндылықтар бірінші орында тұруы керек?

– Заман өзгергенімен, отбасының негізгі құндылықтары өзгермеуі қажет. Қазақ отбасында үлкенге құрмет, кішіге ізет, ата-анаға қамқорлық, балаға дұрыс тәрбие беру ежелден маңызды орын алған. Бүгінгі отбасы да осы құндылықтарды сақтай отырып, заман талабына бейімделе білуі шарт. Ерлі-зайыптылар бір-бірін тыңдап, пікірін құрметтеп, отбасылық міндеттерді бірге атқарғаны дұрыс. Бала да ата-анасының айтқан сөзінен бұрын, күнделікті ісіне қарап бой түзейді. Сондықтан ата-ананың өзара қарым-қатынасы мен отбасындағы тәрбие – келер ұрпақ үшін үлкен өнеге.

– Қазіргі жастар арасында ажырасудың жиілеуіне не себеп деп ойлайсыз? Жас отбасылардың шаңырағын сақтап қалуына не көмектеседі?

– Ажырасудың бір ғана себебі бар деп айту қиын. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Дегенмен, жастардың отбасылық өмірге жеткілікті дайын болмауы, бір-біріне түсіністікпен қарай алмауы, тұрмыстық және қаржылық қиындықтар, жауапкершілікті толық сезінбеу секілді жағдайлар әсер етіп жатады. Кейде бір сәттік реніш пен ашудың салдарынан асығыс шешім қабылданып жатады. Ал отбасы болған соң қуанышпен қатар сынақтың да кездесетінін түсіну керек. Осындай сәтте ерлі-зайыптылар ашық сөйлесіп, бір-бірін тыңдап, мәселені бірге шешуге ұмтылғаны жөн. Әсіресе, ортада бала болса, әр шешімге үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Шаңырақты сақтаудың негізі – сабыр, кешірім, өзара құрмет пен ортақ жауапкершілік.

– Соңғы уақытта жастардың отбасын кеш құруы немесе бойдақ жүруді таңдауы жиі байқалады. Мұның негізгі себептері қандай деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастардың көбі алдымен білім алып, мамандық игеріп, тұрақты жұмысқа орналасып, материалдық жағдайын қалыптастыруға ұмтылады. Бұл – түсінікті жағдай. Сонымен қатар отбасы құрудың үлкен жауапкершілік екенін сезініп, маңызды шешімге асықпайтын жастар да бар. Дегенмен, отбасы құруды тек баспанаға, жоғары табысқа немесе барлық жағдайдың толық жасалуына байланыстырып қою дұрыс емес деп ойлаймын. Өмірдегі көп нәрсеге ерлі-зайыптылар бірге еңбек етіп, бірге қол жеткізеді. Сондықтан жастар жар таңдағанда бір-бірінің адамгершілік қасиетіне, мінезіне, өмірлік ұстанымына мән беріп, отбасылық өмірге саналы түрде қадам басқаны дұрыс.

– Жас отбасылар арасында туындайтын түсініспеушіліктердің алдын алу үшін некеге дейінгі дайындық пен отбасылық жауапкершілікке тәрбиелеу қаншалықты маңызды?

– Өте маңызды. Отбасылық өмірге дайындық тек үйлену тойына әзірліктен тұрмауы керек. Жастар некеге дейін отбасы алдындағы міндетті, ерлі-зайыптылардың жауапкершілігін, бала тәрбиесін, отбасылық бюджетті және ортақ шешім қабылдауды түсінгені жөн. Бұл тәрбие ең алдымен отбасынан басталады. Бала ата-анасының бір-біріне деген қарым-қатынасын көріп өседі. Әкенің жауапкершілігі, ананың мейірімі, үлкендердің өнегесі – барлығы баланың ертеңгі отбасылық өміріне әсер етеді. Сондықтан отбасы құндылықтарын дәріптеу тек бір мекеменің емес, ата-ананың, білім беру ұйымдарының және жалпы қоғамның ортақ міндеті деп ойлаймын.

– Отбасының беріктігіне ата-ананың, үлкендердің ақыл-кеңесі мен тәрбиесі қаншалықты ықпал етеді? Жас шаңырақтың жеке өміріне араласу мен қолдау көрсетудің ара-жігі қандай болуы керек?

– Қазақ халқы қашанда үлкеннің батасын, ата-ананың ақылын қадірлеген. Жас отбасы үшін өмірлік тәжірибесі мол үлкендердің кеңесі қажет. Әсіресе қиындық туған кезде ата-ананың сабырға шақырып, дұрыс бағыт көрсетуі көп көмегін тигізеді. Бірақ жас отбасының да өз шаңырағы, өз шешімі бар екенін ұмытпаған жөн. Үлкендер ақылын айтып, қолдау көрсеткенімен, ерлі-зайыптылардың әрбір мәселесіне араласа беру кей жағдайда кері әсер етуі мүмкін. Үлкендердің міндеті – жастарды бір-бірінен алыстату емес, керісінше татуластырып, түсіністікке шақыру. Ал жас жұбайлар ата-ананы құрметтей отырып, өз отбасына қатысты жауапкершілікті өздері көтере білуі керек.

– Гүлжан Бияхметқызы, мазмұнды сұхбатыңызға рақмет! Отбасы күні құтты болып, әр шаңыраққа бақ-береке, татулық пен амандық тілейміз!

– Рақмет! Сіздерді де Отбасы күнімен құттықтаймын! Әр шаңырақта береке мен бірлік, өзара сыйластық пен түсіністік орнасын. Отбасыларымыз аман, босағамыз берік, ұрпағымыз тәрбиелі болсын. Еліміздегі әрбір отбасы бақыт пен қуанышқа кенелсін!

Сұхбаттасқан Еркежан Бақытбекқызы

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]