ЖЕБЕСІН ЖЕҢІСКЕ БАҒЫТТАҒАН МЕРГЕН

Үлкен жеңістің бастауы кейде күтпеген жерден көрініс береді. Көңілге ұялаған қызығушылық бойдағы қабілетті оятып, адамды өзі ойламаған биікке бастайды. Аяш Қабдоллаеваның қолына алғаш садақ тигенде де, алда Қазақстан құрамасы, Корея төріндегі Әлем кубогы, Көшпенділер ойынының алтын жүлдесі күтіп тұрғанын ешкім білген жоқ. Бәрі де келіні Ажардың шаңыраққа ала келген садағынан басталып, нысанаға бағытталған жебемен бірге жаңа мақсаттың жолы ашылды…
Тарбағатайдың Шорға ауылында туып-өскен ұстаздың спорттағы қадамы осылай басталған-ды. Садақшылыққа жастайынан келмесе де, аз уақыттың ішінде мергендіктің қыр-сырын меңгеріп, облыстық бәсекеден республикалық додаға, одан халықаралық жарыстарға дейін көтерілді. Бүгінде оның жеңіс қоржынында Қазақстан чемпионатының жүлделері, Әлем кубогының алтыны, Көшпенділер ойынындағы жеңіс бар.
Аяш Советбекқызы Қабдоллаева алты балалы қарапайым отбасында тәрбиеленген. Әкесі саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаса, анасы кіші қамту саласында еңбек еткен. Аяш Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепті тәмамдаған соң, педагогикалық бағытта білім алып, әке жолын жалғады.
1997 жылдан бері Глубокое кентінде тұрады. Оралхан Бөкей атындағы мекемеде 2022 жылға дейін еңбек етіп, кейін қазақ шығармашылығы бөліміне ауысқан. Негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Қазір қолөнер үйірмесін жүргізіп, шәкірттеріне ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп келеді.
2018 жылы шаңырағына келін түсіргенде, келіні өзімен бірге садақ ала келеді. Ұлттық қаруды қызық көрген Аяш Советбекқызы қолына ұстап, жебе тартып көрген. Алғашқы талпыныстың өзі көңілінен шығып, садақшылыққа деген ықыласын оятады. Жолдасы Бақытбек те қолдау көрсетіп, садақ тартудың әдісін үйретіп, бағыт сілтейді. Қызығушылық тұрақты жаттығуға, ал үздіксіз дайындық үлкен спортқа ұласты.
Садақ атуды – көздің көру қабілеті, дененің тепе-теңдігі, сабыр мен ішкі жинақылық қатар сыналады. Болмашы қателіктің өзі жебенің бағытын өзгертуі мүмкін. Аяш Советбекқызы осы талаптарды жаттығу барысында шебер меңгеріп, бастаған ісіне бар ынтасымен кірісті.
2024 жылы Шығыс Қазақстан чемпионатында «Пута», «Қалқан», «Орта Азия», «Жамбы» нысаналары бойынша сынға түсіп, төрт бағыттың барлығында жеңімпаз атанды. Осылайша төрт алтын медальды қатар иеленді. Кейін «Ақ бидай» республикалық сайысында «Жамбы» нысанасы бойынша бірінші орынға көтерілді. Алайда мергендіктің үлкен сынағы алда күтіп тұрды.
Кореяда өткен Әлем кубогында Аяш Қабдоллаева Қазақстан намысын қорғады. Әлемнің әр қиырынан жиналған тәжірибелі мергендер арасындағы бәсеке оңайға соқпады. Садақ керілді. Жебе нысанаға самғады. Айлар бойғы дайындық шешуші сәтте өз нәтижесін берді. Аяш Советбекқызы «Жамбы» нысанасы бойынша бірінші орынға көтеріліп, халықаралық додада ел мерейін үстем етті. Кореядағы жеңістен кейін Қазақстан құрамасының сапына қабылданды. Осы сәттен бастап жауапкершіліктің салмағы да еселенді. Енді нысанаға бағытталған жебенің артында спортшының жеке мақсаты ғана емес, ел намысы тұрды.
2026 жылдың маусымында өткен лига чемпионатында Көшпенділер ойынына қатысатын мергендер іріктелді. Ел намысын қорғайтын үш әйел мен үш ер спортшыны анықтаған додада екінші орын алып, жолдама иеленді. Алда қызу дайындық күтіп тұрды. Қазақстандағы жаттығулардан соң Қырғызстанда жарты айға жуық шеберлігін шыңдады. Күн сайын керілген садақ, қайта-қайта көзделген нысана, төгілген тер шешуші сында ақталды.
Көшпенділер ойынында 60 метрлік «Пута» нысанасы бойынша бірінші орын иеленіп, жеңіс тұғырына көтерілді. 2026 жылы Қарағандыда өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында да мергендігін дәлелдеп, «Орта Азия» нысанасынан бірінші, «Қалқан» нысанасынан екінші орын алды. Жеңіс тұғырына көтерілу санаулы сәт болғанымен, сол биікке жетер жолдың артында ұзақ дайындық, төгілген тер мен толқыныс жатыр.
Аяш Советбекқызы сол сезімді ерекше толғаныспен жеткізеді:
– Жеңіске жетіп, мемлекетіңнің намысын арқалап тұрғаныңды сезінгенде, көзіңе еріксіз жас келеді. Орта жаста спортқа келіп, осындай биікке жету оңай болған жоқ. Оның артында қаншама тер, тынымсыз дайындық жатыр, – дейді мерген.
Жеңістің жасы болмайды. Бастысы – талап, табандылық және бастаған істі соңына дейін жеткізер қайсарлық. Келінінің садағын қызық көріп бастаған алғашқы талпыныс облыстың төрт алтынына, республикалық жеңіске, Кореядағы Әлем кубогына, Қазақстан құрамасына, Көшпенділер ойынының алтын жүлдесіне ұласты. Кезінде шәкірттеріне қалам ұстатқан ұстаз бүгінде садақ керіп, ұлттық спортта ел намысын қорғап жүр. Қолөнер арқылы ұлттық мұраны дәріптесе, садақшылықта бабадан қалған мергендік дәстүрді жалғап келеді.
Жебенің нысанаға дәл жетуі – мергеннің шеберлігі. Ал жеңіске бастайтын жол – талап пен табандылықтың жемісі. Аяш Советбекқызы садағын алғаш қолына алғанда басталған қызығушылық бүгінде жеңіс тұғырына ұласып, қазақ мергенінің жебесін халықаралық додаларда самғатып келеді. Осы орайда ойымызға мына бір ой келді. Сексен күнге созылған Шорға ұрысы өткен жазықтағы сұрапыл соғыс Аяштай мерген қыздың тарихи жады емес пе, сол қиын кезеңдерде қазақтың мерген қыздары қаншама жауды жер жастандырғаны тарихқа ғана аян. Ал тарих қайталанады…
Еркежан Бақытбекқызы