БӘРЕКЕЛДІ! ТҰҒЫЛДА БАЛЫҚ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ҚАЗЫҒЫ ҚАҒЫЛДЫ

Ауылдың болашағы ең алдымен оның экономикалық әлеуетімен, өндірістік мүмкіндігімен және тұрғындарының тұрақты жұмыспен қамтылуымен өлшенсе керек. Сондықтан ауылдық елді мекендерде жаңа кәсіпорындардың ашылуы, инвестициялық жобалардың жүзеге асуы қашан да маңызды. Бір өндіріс орнының бой көтеруі бірнеше мәселенің қатар шешілуіне ықпал етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылады, жергілікті бюджетке түсім артады, кәсіпкерлікке серпін береді. Ең бастысы, ауыл тұрғындарының өз жерінде еңбек етуіне мүмкіндік көбейеді.
Осы тұрғыдан алғанда Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында жүзеге асқалы отырған жаңа инвестициялық жоба елді мекеннің, сондай-ақ тұтас өңірдің экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды бастама болмақ.
Тұғылда «Zaisan See» ЖШС-нің Қазақстандағы балықты өсіруден бастап, өңдеп, дайын өнім ретінде ішкі және сыртқы нарыққа шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтитын заманауи кәсіпорын салу жобасы қолға алынды. Жобаға Польша Республикасынан шетелдік инвестор тартылып отыр.
Осыған орай болашақ кәсіпорын аумағында жаңа өндірістің алғашқы қадамы ретінде естелік капсула салу рәсімі өтті. Аталмыш рәсімнің ауыл тұрғындары үшін мәні аса бөлек. Себебі капсула салынған аумақта алдағы уақытта заманауи өндіріс орны бой көтеріп, кемінде жүз азаматқа тұрақты еңбек етуге мүмкіндік ашылмақ.
Салтанатты шараға Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Р.Құрмамбаев, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қ.Омаров, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы М.Мұқатов, жоба инвесторлары мен жауапты мамандар, Тұғыл ауылының тұрғындары, ауыл ақсақалдары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімі Д. Жөргекбаевтың аудан дамуына кіргізген бұл жоспары газетіміздің алдыңғы сандарының біріне жарияланған болатын. Бұл жиынның негізгі мәні – сол инвестициялық жобаның жоспар шеңберінен шығып, нақты іске аса бастағанын білдіреді.
Қазіргі таңда әлемдік нарықта азық-түлік қауіпсіздігі, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және өндірісті заманауи технологиялармен дамыту мәселелеріне ерекше мән беріліп отыр. Балық шаруашылығы да осы бағыттардың қатарында. Оның үстіне, балық өнімдеріне деген сұраныс жыл сайын артып келеді. Алайда кез келген өнімді өндірумен қатар оны сапалы өңдеу, сақтау, тасымалдау және тұтынушыға дайын күйінде жеткізу де маңызды. Осы талаптардың барлығын ескеретін өндіріс орындарының қажеттілігі уақыт өткен сайын арта түскені шындық. Тұғылда салынатын кәсіпорынның ерекшелігі де осында. Мұнда өндірістің бір ғана бағыты емес, балықты өсіру мен дайын өнім шығаруға дейінгі бірнеше кезең бір жүйеге (кластер) біріктіріледі.
Жоба аясында балықты заманауи технологиялар арқылы өсіру, алғашқы өңдеу, салқындатылған және мұздатылған өнім өндіру, сақтау, қаптау және дайын өнімді нарыққа шығару қарастырылған. Яғни, өндірістік тізбек бір кәсіпорынның ішінде қалыптасады. Мұндай жүйенің тиімділігі көп. Біріншіден, өнімнің сапасын өндірістің әр кезеңінде бақылауға мүмкіндік береді. Екіншіден, балықты өңдеу барысында уақыт жоғалмайды. Үшіншіден, дайын өнімді заманауи талаптарға сай қаптап, сақтау арқылы оның нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болады. Ал ең бастысы, бұл кәсіпорынның жұмысы тек бір өнім өндірумен шектелмей, балық шаруашылығына қатысты бірнеше бағыттың қатар дамуы жергілікті тұрғындар үшін қызықты болып отыр. Сондай-ақ, Жаңа кәсіпорынның құрылысы мен өндірісті іске қосуға жоспарланған инвестиция көлемі 6 миллион еуроға дейін жетеді. Бұл Тұғыл ауылы үшін ғана емес, аудан экономикасы үшін де қомақты инвестиция. Жобаның тағы бір ерекшелігі - оған шетелдік инвестордың қатысуы. Польша Республикасынан инвестор тартылуы Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың, сонымен қатар жергілікті жерде жаңа өндіріс жүргізуге деген қызығушылықтың бар екенін көрсетеді.
Шетелдік инвестицияның келуімен бірге еуропаның жаңа технологиялары мен тәжірибесі де енгізілетіні анық. Бұл жергілікті мамандар үшін жаңа кәсіби бағыттарды меңгеруге жол ашады. Капсула салу рәсімі кезінде облыс әкімінің орынбасары Р. Құрмамбаев осы мәселеге баса назар аударды. «Кез келген инвестор өз қаражатын ақтап, тиісті пайдасын көрген соң, зауыт пен жаңа технологиялар жергілікті жерде қалып, оның қыр-сырын сол өлкенің жастары меңгереді. Бұл дегеніміз – алдағы уақытта осы кәсіпті жергілікті халық жалғастырып, пайдасын көреді. Сол үшін де инвестор тартудан қашпай, қайта оған өзіміз көмектесуіміз қажет», - деп бұл ауқымды жұмыстың негізгі мәнін түсіндіріп өтті. Жиынға қатысқан инвесторлар тарапы да сөз сөйлеп, жобаның жоспары мен маңызын баяндады. Ауыл ақсақалдары ақ батасын беріп, басталатын іске сәттілік тіледі.
Иә, бүгінде ауыл экономикасын тек дәстүрлі салалармен шектеп қою жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығының әр бағытын заманауи технологиямен ұштастырып, өңдеу өндірісін дамыту маңызды. Өйткені шикізатты өндіру мен оны өңдеп, дайын өнім ретінде нарыққа шығару арасында үлкен айырмашылық бар. Аудан әкімі Д. Жөргекбаев әр жиын сайын осы мәселені көтеріп келеді. Тұғылдағы заманауи балық зауытының құрылысы Тарбағатайдағы тарихи оқиға десек қателеспейміз. Өйткені, дайын өнім шығаратын кәсіпорын ауылдың экономикалық айналымын кеңейтеді. Өндірісте жұмыс істейтін адамдардың табысы жергілікті сауда орындарына, қызмет көрсету саласына әсер етіп, кәсіпкерлік субъектілерінің саны артуы мүмкін. Тұрғындардың сатып алу қабілеті көтеріліп, ауылдағы экономикалық қозғалыс жанданады. Сондықтан Тұғылдағы инвестициялық жобаны бір ғана кәсіпорынның құрылысы деп қарауға болмайды. Оның ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайына әсер ететін жанама нәтижелері жоғары болмақ.
Болашақ кәсіпорынның жобалық қуаты жылына 2000 тонна дайын өнім өндіруге есептелген. Бұл - өндіріс көлемінің айтарлықтай екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Кәсіпорын толық қуатына шыққан жағдайда өндірістің тұрақты жұмыс істеуі үшін түрлі сала мамандары қажет болады. Балық өсіру, өңдеу, өндірістік желілерді басқару, өнім сапасын бақылау, сақтау, қаптау, логистика, техникалық қызмет көрсету секілді бағыттар бойынша кадрларға сұраныс қалыптасады.
Жобаның бірінші кезеңін 2027 жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұл мерзімге дейін құрылыс жұмыстары, өндірістік инфрақұрылымды дайындау, технологиялық жабдықтарды орналастыру, тиісті жүйелерді іске қосу және мамандарды даярлау секілді бірнеше жұмыс кезеңі атқарылуы тиіс.
Кез келген өндірістің табысты жұмыс істеуі оның ғимараты мен құрал-жабдығына ғана емес, мамандарына да байланысты. Сондықтан кадр мәселесі жобаның маңызды бағыттарының бірі болып отыр. Жоба аясында кемінде 100 тұрақты жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Ауыл жағдайында бұл - аз көрсеткіш емес. Оның сыртында алдағы уақытта осы зауытқа мамандар даярлайтын оқу орны да ашылмақ. Мамандықты игерген ауыл жастары дайын кадр ретінде осы зауытқа жұмысқа орналасатын болады. Жастар үшін де мұның маңызы зор. Қазіргі таңда ауыл жастарын туған жерінде алып қалудың бір жолы - оларға тұрақты жұмыс беріп, кәсіби өсуге мүмкіндік жасау.
Балықты өсіру, өңдеу, сақтау және өткізу бір-бірімен тығыз байланысты. Осы тізбектің бір буыны әлсіз болса, өндірістің жалпы тиімділігіне әсер етеді. Ал Тұғылда жоспарланып отырған кәсіпорын осы бағыттарды бір өндірістік жүйеге біріктіруді көздейді. Балықты заманауи технологиялар арқылы өсіруден бастап дайын өнімге дейінгі жолдың бір жерде ұйымдастырылуы өнімнің өзіндік құнын, сапасын және өндірістің тұрақтылығын бақылауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар дайын өнімді ішкі нарықпен қатар экспортқа шығару мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жерде экспорт мәселесінің маңызы ерекше. Егер өңірде өндірілген өнім шетел нарығына шықса, ол Тұғыл ауылының ғана емес, Қазақстанның балық шаруашылығы саласының экспорттық әлеуетін арттыруға үлес қосады. Әрине, экспорттық нарыққа шығу үшін өнімнің сапасы, қауіпсіздігі, қаптамасы мен өндіріс технологиясы халықаралық талаптарға сәйкес болуы керек. Жаңа кәсіпорынның заманауи өндіріс қағидаттарына негізделуі осы талаптарды орындауға мүмкіндік беретін факторлардың бірі деп түсіндік.
Кез келген инвестициялық жобаның нәтижелі болуы үшін инвестор мен жергілікті қауымдастық арасында өзара түсіністік пен сенім болуы шарт. Өйткені өндіріс орны ауылдың тыныс-тіршілігімен бірге дамиды. Оның қызметі жергілікті тұрғындардың жұмысына, әлеуметтік ортаға, инфрақұрылымға және экономикалық белсенділікке әсер етеді. Сондықтан мұндай жобалардың жүзеге асу барысы тұрғындардың назарында болады. Тұғылдағы естелік капсула салу рәсіміне ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың көптеп қатысуы да осы жобаның жергілікті жұртшылық үшін маңызын аңғартты.
Бүгін салынған естелік капсула ертеңгі өндірістің тарихы басталғанын білдіретін белгі болса, оның арғы жағында Тұғылдың жаңа экономикалық мүмкіндіктері тұр.
Нұрбек Заңғар