Ұстаздық ұлағаты ұрпаққа жалғасқан әулет

Аудан жаңалықтары 15-10-2026, 17:11 85


Ұстаз болу – ұлттың келешегіне қызмет етуді көздейтін қасиетті жол. Бір әулеттің бірнеше буыны осы мамандықты өмірлік мұрат етіп, сан мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім сәулесін түсірсе, оның өнегесі отбасы шеңберінен асып, тұтас елдің рухани қазынасына айналады. Тарбағатай өңірінде ұстаздықты ұрпақтан-ұрпаққа жалғап, ағарту саласына ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан әулеттің бірі – Шомбиндер педагогикалық династиясы. Әулеттің әр буыны заман талабына сай білім берудің жаңа жолдарын игеріп, шәкірт тәрбиесіне өз үлесін қосып келеді. Бұл әулет аудандық «Мерейлі отбасы», облыстық «Парасатты отбасы» байқауларының жүлдегері атанып, «Зияткер отбасы» мадақтамасына да ие болған.

Тарбағатай ауданындағы Шомбиндер әулетінің ұстаздық жолы сонау ХХ ғасырдың басынан бастау алады. Шомбин Смағзам 1897 жылы кедей шаруа отбасында дүниеге келген. Алғашқы білімді ескіше оқып, хат таныған ол жастайынан білімге құштар болып өседі. 1916–1920 жылдары Терісайрық ауылындағы «Прәмилә» бөлімшесінде қазақтың көрнекті ақын-жазушысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтан дәріс алады. Ұлы тұлғадан алған білім мен тағылым Смағзам атаның өмір жолына үлкен әсер етеді. Білімін одан әрі жетілдіріп, өзі де ұстаздық жолға түседі. 1920 жылдан бастап Терісайрық ауылында бастауыш мектеп ашып, бала оқытып, ауыл балаларының сауатын ашуға атсалысады.

Елдегі ағарту ісінің қалыптасу кезеңінде еңбек еткен Смағзам Шомбин Абай орта мектебінде 1942 жылға дейін ұстаздық қызмет атқарады. 1942 жылдан бастап Калинин атындағы мектепте он жылдан астам уақыт директорлық қызмет атқарып, білім ордасының жұмысына жетекшілік етеді. 1951 жылдан Сталин атындағы мектепте, кейін Ленин атындағы мектепте сабақ береді. 1965 жылы құрметті зейнеткерлікке шығады. Ұзақ жылдарғы ұстаздық еңбегі лайықты бағаланып, Смағзам Шомбин «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталады. 1953 жылы Кеңес үкіметінің жоғары мемлекеттік марапаттарының бірі – Ленин орденіне ие болады. Ал 1954 жылы «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі» атағын алады. Осылайша, ол Тарбағатай өңірінен Ленин орденін алған алғашқы ұстаздардың бірі ретінде тарихта қалды. Смағзам атаның алдынан талай шәкірт өтті. Солардың арасында Тарбағатайдан шыққан алғашқы ғалымдар мен профессорлар қатарында аталған Сақасын Кенжебаев, Иманмәлік Нұғыманов, Жұмақан Жатқанбаев, Қанипа Бітібаева сынды тұлғалар да бар.

Ұстаз еңбегінің ең үлкен бағасы – шәкіртінің жетістігі. Смағзам атаның ұстаздық жолы осы сөздің мәнін айқын аңғартады. 2018 жылы Абай орта мектебінің 90 жылдық мерейтойына орай мектепте Смағзам Шомбиннің есімімен бастауыш сынып кабинеті ашылып, ардақты ұстаздың есімі кейінгі ұрпақ жадында жаңғырды. Смағзам атаның ұлы Шомбин Уалбек Смағзамұлы – әулеттің екінші буынының өкілі. Ол 1957 жылы 26 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының Жетіарал ауылында дүниеге келген.

Әке жолын жалғаған Уалбек Смағзамұлы еңбек жолын 1979 жылы Асусай орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып бастады. 1980 жылы Шолақорда мектебінде оқу ісінің меңгерушісі қызметін атқарды. 1981 жылы Ақжардағы СПТУ-29 мекемесінде математика пәнінің мұғалімі әрі оқу ісінің меңгерушісі болды. Кейін Ақжар сегіз жылдық мектебінде педагог, Ушинский атындағы орта мектепте математика және информатика пәндерінің мұғалімі болып еңбек етті. 1989 жылы Абай орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі болып келіп, 1994 жылы осы мектепте оқу ісінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Ал 1995 жылы ауданымызда алғаш ашылған Қ. Билялов атындағы гимназияның тұңғыш директоры болды.

Уалбек Смағзамұлының ұстаздық жолындағы ерекшеліктің бірі – білім саласына жаңа технологияларды енгізуге белсенді араласуы. 1998 жылдан бастап информатика пәнінен сабақ беріп, Ақжар аймағындағы оқушылар мен мұғалімдердің компьютерлік сауаттылығын арттыруға үлкен үлес қосты. Алғашқылардың бірі болып интернетті оқу үдерісіне енгізіп, қашықтан оқыту мүмкіндіктерін пайдалануға жол ашты. Оның шәкірттері де ұстазының еңбегін жалғап, ақпараттық технологиялар саласында өз орындарын тапты. Қабанбаева Әлия Астана қаласындағы «ҚазТрансОйл» компаниясында, Даненов Медет елордадағы «Арта» компаниясында бағдарламалаушы болып еңбек етуде. 2009 жылы гимназияны тәмамдаған Жұмағалиев Әсет Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бағдарламалаушы мамандығын меңгерді. 2006–2007 оқу жылында ШҚТУ ұйымдастырған «Жас Талап» виртуалды академиясының курсына Уалбек Смағзамұлының шәкірті Құнапиянова Қымбат қатысып, жаңа технологиялардың мүмкіндігін меңгерді.

42 жылдық еңбек жолында білімі мен тәжірибесін шәкірт тәрбиесіне арнаған Уалбек Смағзамұлы аудандық, облыстық, республикалық деңгейдегі марапаттарға ие болды. 2001 жылы «Аудандық жыл мұғалімі» байқауының бас жүлдесін иеленді. 2019 жылы Тарбағатай ауданының экономикасына қосқан үлесі үшін төсбелгімен марапатталса, 2023 жылы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсенбаевтың «Алғыс хатымен» марапатталды. Бүгінде Уалбек Смағзамұлы – зейнеттегі құрметті ұстаз, Тарбағатай ауданының еңбек ардагері. Үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіріп, он бір немеренің атасы атанып отырған ардақты әке мен ата.

Шомбиндер әулетінің педагогикалық жолындағы екінші буын өкілдерінің бірі – Уалбек Смағзамұлының өмірлік жары Құсаинова Алмагүл Шүренқызы. Алмагүл Шүренқызы 1961 жылы 23 қазанда Тарбағатай ауданының Андреевка ауылында дүниеге келген. 1981 жылы Өскемен педагогикалық училищесін «бастауыш сынып мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдады. 1992 жылы Талдықорған педагогикалық институтында арнайы оқу орындарының оқытушысы, педагог-психолог мамандығын меңгерді. Еңбек жолын 1981 жылы Ақжар ауылындағы «Балауса-Балғын» балабақшасында тәрбиеші болып бастады. 1983 жылдан 2022 жылға дейін осы білім беру мекемесін басқарып, балабақша жұмысын дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Қырық бір жыл бойы бір мекемеде үздіксіз еңбек ету – үлкен табандылықтың, кәсіби жауапкершіліктің көрінісі. Осы уақыт аралығында Алмагүл Шүренқызы талай бүлдіршіннің алғашқы ұстазы, талай ата-ананың сенімді тірегіне айналды. Балабақшаның тыныс-тіршілігін жетік меңгеріп, ұжымның жұмысын ұйымдастырумен қатар, мектепке дейінгі тәрбиенің сапасын арттыруға күш салды. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты. 1981 жылдан бері Ақжар ауылдық округінің әйелдер кеңесінің төрайымы, аудандық әйелдер қоғамдық ұйымы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарып, ел ішіндегі әлеуметтік мәселелерге өз үлесін қосты. Еңбегі еленіп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды. Бүгінде құрметті зейнеткер Алмагүл Шүренқызы үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірген көпбалалы ана, он бір немеренің ардақты әжесі.

Әулеттің педагогикалық дәстүрін үшінші буын өкілдері де лайықты жалғастырып келеді. Солардың бірі – Шомбина Арайлым Уалбекқызы. Жоғары білімді педагог-зерттеуші, «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығы бойынша педагогика ғылымдарының магистрі Арайлым Уалбекқызы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін қызыл дипломмен тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 2006 жылы Астана қаласындағы № 52 мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып бастады. Жас маман ретінде кәсіби ізденісін ерте бастап, «Үздік жас маман» байқауының жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, Астана қалалық педагогикалық байқауында «Шығармашыл ұстаз» номинациясына ие болды.

2011 жылдан бері Тарбағатай ауданындағы Қ. Билялов атындағы мектеп-лицейінде ағылшын тілі пәнінен сабақ беріп келеді. Туған жеріне оралып, әулеттің ұстаздық дәстүрін жалғастырған Арайлым Уалбекқызы аудандық «Тіл-дарыны» және «Үздік ағылшын тілі пәнінің мұғалімі» байқауларының бас жүлдесін иеленді. Ұстаз еңбегінің нәтижесі оның шәкірттерінен көрінеді. Арайлым Уалбекқызының оқушылары ғылыми жоба мен пән олимпиадаларының облыстық кезеңдерінде жүлдегер атанды. Олардың қатарында Айкенов Ернұр, Рахымбаев Шыңғыс, Яшарова Шұғыла, Жиашева Ақбота, Сәлімбекова Айым, Жетпісова Мадина, Әнурбекова Дина бар. Ал Байезов Әділет, Тоқтарбек Салауат, Мухаметбекова Таңшолпан, Бақытбек Шыңғыс, Тілеубереген Алихан, Жетпісов Нұрәлі сынды шәкірттері республикалық кезеңдерде жеңімпаз атанып, ұстазының еңбегін еселеді. Бүгінде жиырма жылға жуық еңбек өтілі бар білікті ұстаз Арайлым Уалбекқызы әулеттің білім беру дәстүрін жаңа заман талабымен сабақтастырып келеді. Шекара қызметінде жүрген жұбайымен бірге үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы ата-ана.

Ұстаздық әулеттің үшінші буынында Шомбина Шырайлым Уалбекқызының да өзіндік орны бар. Ол Қ. Билялов атындағы білім ордасын «Алтын белгімен» тәмамдап, С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің шетел тілдері мұғалімі мамандығы бойынша білім алуға грант иегері атанды. Кейін магистрлік білімін Астана қаласында жалғастырып, қазіргі таңда шетелдік компанияда оқытушы болып еңбек етуде. Оның таңдаған жолы да әулеттен жалғасқан білім мен ұстаздық дәстүрдің өміршеңдігін көрсетеді.

Шомбиндер әулетінің тарихына үңілсек, бір ғасырдан астам уақытқа созылған ұстаздық жолды көреміз. Смағзам атаның ауыл балаларының сауатын ашудан басталған еңбегі бүгінде оның ұрпақтарының заманауи білім беру ісімен жалғасып келеді. Бірінші буын қарапайым мектепте бала оқытып, ағарту ісінің негізін қаласа, кейінгі буын білім басқару, информатика, жаңа технология, мектепке дейінгі тәрбие, шетел тілдерін оқыту бағыттарында еңбек етті. Әр кезеңнің талабына бейімделе отырып, басты мақсат – шәкірт тәрбиелеу мен сапалы білім беруді өзгеріссіз сақтап келеді. Шомбиндер үшін ұстаздық – жай ғана мамандық емес, әулеттік аманатқа айналған өмірлік жол. Бір кездері Смағзам атаның алдынан білім алған шәкірттер елге танымал азаматтарға айналса, бүгінде оның ұрпақтары жаңа буынның білім алуына қызмет етіп жүр.

Әулеттің жетістігі де осында: ұстаздық жол ұрпақ ауысқан сайын үзілмей, заманмен бірге жаңарып келеді. Бір әулеттің бірнеше буыны білім мен тәрбиеге ғұмырын арнаса, оның артында мыңдаған шәкірттің тағдыры, талай отбасының алғысы, елдің ертеңіне қосылған өлшеусіз үлес қалады. Шомбиндер әулетінің ғасырдан астам уақытқа жалғасқан педагогикалық жолы – ұстаздық ұлағаттың ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, дәстүрдің тағылымға, тағылымның ел игілігіне айналғанының жарқын көрінісі.

Бақыт Ережепова

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]