Марқакөл төрінде облыстық театр өнер көрсетті

Марқакөлдегі Мәдениет үйінің шымылдығы түріліп, жергілікті халық үлкен өнер кешінің куәсі болды. Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры мен Жас көрермендер театрының шығармашылық ұжымы арнайы ат басын бұрып, көрермен қауымға «Хат жазып тұр…» атты терең мағыналы спектакль-концерттік қойылымын ұсынды.
Режиссер Жантай Тұрысбектің жетекшілігімен сахналанған бұл қойылымның негізгі өзегі – шынайы оқиғаларға, өткен күннің елесіне, адамдар арасындағы нәзік байланыс құралы болған қағаз хаттарға сүйенген. Бүгінгі цифрлық дәуірде, технология қарыштап дамып, SMS, аудио мен бейнежазбалар лезде жететін заманда біз қағаз бетіне түскен хаттың қадірін ұмытып бара жатқандаймыз. Алайда, осы қойылым көрерменге заман өзгергенімен, адамның ішкі терең сезімдері мен сағынышы өзгермейтінін шебер жеткізді.
Музыкамен көркемдеуші Данияр Аллабергенов, балетмейстер Нұржан Қайнолла және хормейстер Ажар Амангельдинованың, сондай-ақ режиссердің көмекшілері Ксения Коновалова мен Зикамал Қайсанованың үйлесімді еңбегінің арқасында сахнада ән мен өлең, драмалық шегіністер бір ырғақта тоғысты. Сахнада Пошташы рөлін сомдаған Балтам Абмаханов пен хат баяндаушылар – Олжас Тұрғанов, Ақжол Сақанов, Думан Дулатұлы, Ермахан Мұхаметбеков, Қанат Саматов, Аяулым Тұрысбекова, Алмажай Төремұрат, Айгүл Хамит, Үміт Асқарова, Тахмина Архатова, Бақытгүл Альбекова, Көркем Маданова, Әлибек Малшин, Ерназар Махамбетов және Нұргүл Орынбаева сынды театр актерлері өнер көрсетті.
Олардың шынайы ойыны арқылы әскердегі азаматтың үйіне жазған сағынышқа толы хаты, ата-анаға деген перзенттік махаббат, сүйген жанға арналған ынтық сезімдер мен қоштасу сәттері қайта жанданды. Апталап күтетін бұрынғы хаттардың ішінде қаншама сыр, қаншама үміт пен жылылық жататыны сахна төрінен көрермен жүрегіне шым-шымдап бойлады. Залдағы халық әрбір көріністі ерекше толқыныспен тамашалап, артистерге зор қошемет көрсетті.
Кеш соңында аудандық мәслихат төрағасы М. Қалелов аудан әкімі Р. Кемешевтің атынан театр ұжымына ризашылығын білдіріп, арнайы алғыс хат табыс етті. Бұл қойылым әрбір көрерменді өзінің өткеніне үңілдіріп, жүректегі өшпес сезімдерді қайта оятқан, өнер арқылы қарапайым әрі маңызды шындықты жеткізген рухани кеш болды.
«Өнер – ұлттың рухани қазынасы» десек, Марқакөл төрінде өткен бұл шара халықтың есінде ұзақ сақталатын шынайы сезім мен өнер салтанатына айналды. Сағат Әшімбаевтың сөзімен айтсақ, театр – интеллектуалдық гармониядан тұратын, үш жақтан бірдей қиыннан қиысқан сахналық өнер. Бұл өнер – расымен де бекзада өнердің нағыз биігі!
Валентина Свириденко