ЕҢБЕГІМЕН ЕЛЕНГЕН АЗАМАТ

Аудан жаңалықтары 23-09-2026, 20:09 65


Елімізде Еңбек адамының мәртебесін көтеру, адал маңдай тердің қадірін арттыру бағытында өткізіліп келе жатқан республикалық «Еңбек Жолы» байқауы биыл да өз үздіктерін анықтады. Өндірісті өрге сүйреп, адал еңбегімен ел ықыласына бөленген майталмандардың арасынан Марқакөл ауданының туын биікке көтерген азаматтың есімі де ерекше аталды. Бұл жылдар бойғы табандылық пен адалдықтың жарқын жемісі деп біледі марқа жұрты…

Облыстық деңгейде өткен дүбірлі додада «Өндірістің үздік маманы» номинациясы бойынша «ГРК МЛД» ЖШС-нің аға автомеханигі Исбаев Ильяс Түсіпханұлы жүлделі ІІ орынды жеңіп алып, аудан абыройын асқақтатты.

Еңбек адамының шынайы келбеті қандай болады? Ол – сөзбен емес, іспен дәлелдейтін, толарсақтан су кешіп, қарапайым тірліктің өзінен үлкен жауапкершілік табатын жан. Ильяс Түсіпханұлы – 33 жылдан астам уақыт бойы техника мен өндіріс саласында талмай, адал қызмет етіп келе жатқан, қолын майға салып, маңдай терімен адал нанын тауып жүрген нағыз еңбек майталманы. Оның өмір жолы мен кәсіби соқпағы – бүгінгі жастарға үлгі-өнеге. Сонау әскер қатарынан оралған кезіндегі жас жігіттің техникаға деген құштарлығы уақыт өте келе үлкен шеберлікке ұласты. Бүгінде ол мыңдаған ауыр техниканың тілін де, жайын да беске білетін, қай бөлшектің қай жерде сыр бергенін көзбен көріп, жүрекпен сезетін білікті аға механик. «Бір салада табан аудармай еңбек ету, бұл – тұрақтылықпен қатар, өмірлік ұстаным», – дейді ол. Алдағы 2027 жылы Ильястың вахталық әдіспен еңбек еткеніне тура 30 жыл толады. Алтын уақытын өндіріске, ел экономикасының өркендеуіне аттай 30 жылын арнады.

Кейіпкеріміз өндірісте тек аға механик міндетін атқарып қана қоймай, жастарға бағыт-бағдар беретін, мамандықтың қыр-сырын үйрететін жанашыр тәлімгер. Оның шеберханасынан шыққан талай жас маман бүгінде өз ісінің шеберіне айналды. «Шебердің қолы ортақ» демекші, оның әрбір кеңесі, әрбір көрсеткен бағыты жастар үшін нағыз өмір мектебі.

Сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өмірдегі жетістіктері мұнымен шектелмейді. Өндірісте шыңдалған оның қайсар мінезі спортта да өз көрінісін тапқан. Ол самбодан спорт шеберіне үміткер, шымыр да қайратты спортшы. Осындай шыдамдылық пен тәртіп оған қызметте де, өмірде де әрдайым сүйеу болып келеді.

Ұжымда үлкен беделге ие азамат отбасында да үлгілі отағасы, ардақты әке. Шаңырағында екі азаматты тәрбиелеп, қоғамға пайдалы, адал азамат етіп өсіріп келеді. Ел экономикасын ілгерілетудегі ерен еңбегіңіз бен абыройлы жеңісіңіз құтты болсын! Сізге мықты денсаулық, отбасыңызға береке-бірлік, еңбегіңізге жаңа табыстар тілейміз! Маңдай теріңіз бен адал еңбегіңіз үшін жерлестер атынан алғыс айтамыз!

Валентина Свириденко

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]