ДӘУІР ДАУЫСЫ МЕН ЗАМАНА ТЫНЫСЫ

Аудан жаңалықтары 3-10-2026, 09:53 138


Биыл ұлттың үнжариясы – Қазақ радиосына 105 жыл. Тарбағатай ауданының ақпарат көзі, аудандық басылымға (бүгінгі «Тұғырлы Тарбағатай» газеті) – 90 жыл. Екі ақпарат көзі де Тарбағатай ауданына ғасыр көлемінде қызмет етіп келеді.

Қазақ радиосы – қазақ даласына хабар таратудың негізін қалаған бірден-бір ұлттық ақпарат құралы. Оның тарихы өткен ғасырдың басынан бастау алған (1921 ж.). Әсіресе Ұлы Отан соғысы жылдарында халық пен майдан даласы арасындағы маңызды ақпарат арнасы болған екен.

Ал жергілікті баспа (ең алғашқы атауы «Ленин туы») 1936 жылдан бастау алған халықпен етене араласқан ең маңызды ақпарат жаршысына айналды. Әр жылдары «Большевиктік колхоз», «Колхоз туы», «Совет туы», «Ленин туы», «Тарбағатай нұры», «Тарбағатай», бертін келе «Тұғырлы Тарбағатай» деген тамаша атаумен оқырманға жол тартқан жайы бар. Аумалы-төкпелі бір белеңнен кейін, Тарбағатай ауданы қайта құрылған кезде халық пен зиялы қауым, баспа жанашырларының ұйғарымымен жергілікті баспаның атауы «Тұғырлы Тарбағатай» деген атқа ие болды. Баспа атауының мәні – ширек ғасырдан кейін қайта қонған тұғырың берік болсын дегенді білдірсе керек-ті.

Осы мерейлі қос мерекеге Маңырақ ауылы мәдениет үйінің ұйымдастыруымен, ауылдық кітапхана, жастар ісі маманымен біріккен (арнайы ереже бойынша) тағылымы мол, тамаша байқау өтті.

Ереже шарты бойынша қатысушылардың тіл тазалығы, дауыс дикциясы, интонациясы және дикторлық дауысына басымдық берілді. Сондай-ақ оқитын шығармалары өлкетану бағыты, поэзия, радио қойылым және радио хабар тарату бағыты бойынша сараланды. Байқауға 5 мұғалім, 17 оқушы қатысып, бақтарын сынады. Оқушы мен ұстаздар арасындағы бәсеке болған соң, саралау екі бағытта жүргізілді.

«Дәуір дауысы» атты бас жүлдені (әкімнің жүлдесі 30 000 теңге сыйақы) қазақ тілі пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Меруерт Хадиева жеңіп алса, оқушылар арасындағы бас жүлде талай додалы айтыста топ жарған ақын қыз Дашын Айгүлге бұйырды. Сонымен қатар жастар ресурстық орталығының директоры Т. Мажитовтың – «Көрермен көзайымы» арнайы жүлдесі де оқушыларға табысталды. Осы іс-шараға жалпы қаржылай көмек беріп (110.000 тг), қолдау көрсеткен ауыл әкімі Б. Табиевке мәдениет қызметкерлері және қатысушылар атынан ризашылығымды білдіремін. Қазақ радиосы мен жергілікті басылымның ғұмыры ұзақ болып, халықпен бірге жасай берсін!

И. Дакебаева

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]