Марқаға барып, қармақ салған ғанибет.

Аудан жаңалықтары 18-10-2025, 10:36 39

  🗒️Бүгін 11:00 👤Валентина Свириденко

  

Маңғаз Марқакөлдің жағасында орналасқан шағын Ұрынқай ауылының негізгі кәсібі – балық аулау. Балабақша, шағын мектеп пен қорық қызметінен өзге тұрақты жұмыс көзі жоқ ауыл тұрғындарының күнкөріс тірлігі осы кәсіппен тығыз байланысты. Дегенмен, балық аулау – оңай шаруа емес, әрі оның заңдық реттелуі де қатаң. Редакциямыз осы кәсіптің шынайы тыныс-тіршілігімен танысу үшін Ұрынқай ауылының балықшыларымен бірге бір күндік сапарға аттанды.

Аудан орталығы – Марқакөлден ертемен шықтық. Күздің екінші айы. Біздің жақта жапырақтар әлі сарғайып тұрса, көлге жақын Ақжайлау, Ұрынқай, Төсқайың, Шанағаты ауылдары ақ мамыққа оранған. Биыл бұл өңірге қыс ерте түсіпті. Марқакөл ауылы сұр бұлтқа оранған күз күйінде қалса, ары қарайғы ауылдарда қыс толық келіп үлгерген. «Қыс қызығы – қансонар» дейді жергілікті жұрт. Даланы көбік қар жапса да, Марқакөл мұз қатпаған. Бұл – балықшылар үшін ең қолайлы кезең. Дегенмен, көлде толқын көтерілсе – аса қауіпті. Қайық тербеліп, ескек есу мүмкін болмай қалады. Ал моторлы қайық бүгінде табиғат қорғаушыларының да, заңның да қас жауы. ҚР «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» заңына сәйкес моторлы қайықтармен, катерлермен, гидроциклдермен жүруге қатаң тыйым салынған.

Көк тұман мен ұлпа қар арасында көлге бет алдық. Кейбіреулер үшін ең маңызды құрал – қармақ дейді. Алайда, ең маңызды құрал – лицензия екені анық. Бұл құжатсыз көлге шығуға болмайды. Жергілікті тұрғындар заңды түрде 5 келіге дейін балық аулауға рұқсат алады. Құжаттарымыз тексерілген соң, ескекті қайыққа жайғасып, суға шықтық. Матабай тұсы – ең терең жер. Ұрынқай маңында су әлдеқайда тайыз.

— «Бүгін ұзақ отырмаймыз, көлдің беті мазасыз», — деді балықшылардың бірі.

Ауылдың ер-азаматтары таңғы бестерден бастап көлге шығып кеткен. «Таңғы уақытта балық жақсы қабады» дейді олар. Кейбіреулер түске таяу бастайды. Нағыз шеберліктің сыры да осында болар дедім — әр балықшының өз уақыты, өз амал-айласы бар. Құдды апаларымыз ғана білетін тәтті бәліштің құпия рецепті секілді.

Түске қарай аспан қоюланып, желдің күші артты. Қасымда Марқакөл қорығының ғылыми инспекторы Айым Оралғазина жүр. Ол балық аулау ісінің жанкүйері. Демалысында қолына гаджет емес, қармақ ұстайтын қыз. Ауа райы кенет өзгеруі мүмкін. Сәл ғана аңызақ жел соқса, толқын көтеріледі. Бұған қарайтын балықшы жоқ. Толқынмен бірге теңселеді. Іліккен балықты көз ілеспес жылдамдықпен суырып алдық. Жел мен жауған қардың күші одан әрі күшейе түсті. Шекемізден шып-шып тер шығып, аяқ-қолымыз мұздап сала берді. «Балық түсетін мезгіл енді басталды» — дейміз бір-бірімізге. Құмарланған күйі тоңғанымызды ұмытып та қалдық. Ауа райының қолайсыздығынан балық қаппайтынын кейін білдік. Олардың да сезгіштік қабілеттері бар екенін қайдан білейік?

Термостағы ыстық кофе суыған кезде ақырын жинала бастадық. Борандаған қардан ба, әлде тұманнан ба — көлдің ұшы-қиыры көрінбеді. Ауылдың жасыл, қоңыр, қызыл шатырлары әлсін-әлсін ғана көрініп тұр. Жиекке жеткенше балықшылар үнсіз. Жағаға таяғанда жергілікті балықшылармен біраз әңгімелесіп қалдық.

— «Біздің күнделікті тірлігіміз осы. Бұйырғанын алып жатырмыз. Кейбіреулер көлдің бергенімен отбасын асырайды», — дейді балықшылардың бірі. Соқталдай жігіттердің маңдайынан сорғалаған тер — тіршіліктің қиындығын көрсеткендей.

— «Қадеке, сіз аулаған балық қаладан келген туристердің назарына түсіп қалмасын», — деді біреу әңгіме барысында әзіл араластырып.

— «Турист-муристіңді білмеймін, жөнсіз протоколға іліксем — таң қалмаймын. Сырттан келгендер моторлы қайықпен зырылдатып көл бетінде тайраңдап жүргенде, штрафты біздің мойнымызға артпай қайтсын?!»

Екі балықпен олжалы болып сапарымыз сәтті басталса да, әңгімеміз әділетсіздікке келіп тірелді. Балықшылардың мұңы мен зары көп, қиындығы мен қауіп-қатері де қатар жүреді. Осылайша, бір күн балықшы болып, табиғатпен тілдесіп, ауа райының тылсымын барлап, балықшылар өмірімен танысып қайттық. Балық аулау — біреу үшін хобби шығар, жергілікті жұрт үшін – маңдай термен тапқан нәпақа.



Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]