Аса қадірменді Тарбағатай ауданының халқы, ардақты жерлестер!

Аға-іні, әпке-қарындастар! Халықты көптен бері күйзелтіп келген Қалбатау - Майқапшағай бағыты бойынша автожолдың жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Бұл - баршаңыз үшін үлкен жаңалық, ортақ қуаныш!Аталған жолдың салынуына Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері, облыс басшылығы, Тарбағатай ауданының әкімдігі мен ел азаматтары бірлесе атсалысты. Ерекше атап өтетін жайт - Тарбағатай ауданының тұрғындары бұл жолдың сапалы әрі уақтылы аяқталуы үшін еліміз тарихында алғаш рет қоғамдық бақылау институтын енгізіп, белсенділік танытты. Аудандық және облыстық мәслихат депутаттары мен жергілікті жұртшылық жол құрылысының әр кезеңін мұқият бақылап отырды. Сондықтан бұл жол - тек инфрақұрылым нысаны ғана емес, бұл - халықтың бірлігінің, елдік мүддені бірге қорғаған ауызбіршіліктің көрінісі. Бұл - барша Тарбағатай халқының ортақ жеңісі! Сіздерді осы үлкен қуанышпен, тарихи сәтпен шын жүректен құттықтаймын!
Ізгі ниетпен: Мәжіліс депутаты,
Тарбағатайдың тумасы Ерлан Саиыров