Кәріз жүйесі құрылысы шешімін таба ма?

Қазіргі уақытта еліміздің көптеген қалалары мен ауылдарында инфрақұрылымның дамуына айрықша көңіл бөлінуде. Осы ретте кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары да маңызды қадамдардың бірі болып саналады. Әсіресе, соңғы жылдары салынған жаңа кәріз жүйелері турасында Тарбағатай ауданы тұрғындары арасында әртүрлі пікірлер айтылып, түсініспеушіліктер туындап келді. Негізгі мәселе – салынған кәріз жүйесінің әлі күнге дейін іске қосылмауы.
Тұрғындары арасында жер астында жатқан құбырлардың сапасы нашарлап, істен шыққаны туралы түрлі пікірлер тарап жүр. Таяуда осы жағдайды анықтап, түсініктеме беру үшін арнайы жиын ұйымдастырылды. Жиналысқа жергілікті атқарушы органдар мен мекеме басшылары қатысты. Жиынның басты мақсаты – ел арасында тараған әңгімелерге түсінік беру және тұрғындарды кәріз жүйесінің жағдайы туралы ақпараттандыру болды.
Жиын аудан әкімінің орынбасары Т. Бақытбекұлының басқаруымен өтті. Баяндама жасаған ТҮКШ басшысы С. Сабырбаев кәріз жүйесінің толығымен жұмыс істеуге дайын екенін айтты. Қазіргі таңда қажетті қосымша қаржы жұмсалып, ауылдың әр тұсында орналасқан 5 насос пен 55 км кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Сала басшысының айтуынша, жүйе бойынша барлық тексерулер өткізілді, оның ішінде бірнеше мәрте тексеру комиссияларының жұмыстары жүргізілген. Әрбір тексеру барысы кәріз жүйесінің іске қосылуына ешқандай кедергі болмайтынын дәлелдеген.
Мәселе бойынша тараған қауесеттер мен түсініспеушіліктерге байланысты сотқа шағым да түсірілген. Іс жоғары сотқа дейін жеткен, бірақ оның нәтижесі де айқындалып, кәріз жүйесінің құрылысы толықтай дұрыс жүргізілген және ол іске қосылуға дайын деген шешім шыққан. С. Сабырбаев бұл қауесеттердің алаңдауға ешқандай негізі жоқ екенін және олардың тұрғындардың түсінбеушілігін арттыруға себеп болатынын атап өтті.
Қазіргі уақытта кәріз жүйесінің барлық техникалық жағдайы толықтай тексерілген. Жақын арада бұл жүйе ауыл тұрғындарының игілігіне жұмыс істей бастайды. Жиын барысында Серік Советұлы мекеме басшыларын келесі жылдың көктеміне дейін өз ұйымдарын кәріз жүйесіне қосылуға дайындауға шақырды. Өйткені, барлық мекемелерді қоса алғанда тұрғындардың 30 пайызы қосылмай жүйе жұсыс істей алмайды. Кәріз жүйесінің толық іске қосылуы келесі жылдың көктемінде жүзеге асуы тиіс, бұл тұрғындар үшін көптен күткен үлкен жаңалық болары сөзсіз.
Жалпы, осы кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталғанымен, оның іске қосылуы тек қана құрылыстың сапасын қамтамасыз ету емес, сонымен қатар халықтың өмір сапасын арттыру үшін де маңызды. Ауылдың экологиялық жағдайы мен тұрғындардың денсаулығы үшін бұл жүйенің берері мол. Кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеп, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін тек салынған жүйенің дұрыс жұмыс істеуі ғана емес, оны пайдалану мәдениеті де маңызды.
Жиында қаралған мәселелердің барлығы да тұрғындардың дұрыс ақпарат алуы, осы саладағы жұмыстардың мән-жайы мен сапасын түсінуі үшін қажет. Әрбір елді-мекендегі инфрақұрылымның дамуы елдің тұрақты өркендеуінің негізі болып табылады. Кәріз жүйесі іске қосылған кезде, тұрғындар өздерінің күнделікті өмірінде айтарлықтай жақсартуларды сезінетін болады.
Жиын қортындысы бойынша қазіргі уақытта кәріз жүйесі толығымен жұмыс істеуге дайын және алдағы уақытта тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін толықтай іске қосылмақ. Сала мамандарының айтуынша техникалық жұмыстардың барлығы жоғары деңгейде орындалды, енді тек ғимараттар мен тұрғын үйлердің кәріз жүйесіне біртіндеп қосылуы ғана қалған.