Шығыс Қазақстанда жылу беру маусымы басталды


Қазіргі уақытта орталықтандырылған жылу Өскемен, Риддер қалаларында және облыстың солтүстік аудандарында қосылған. Қалған аудандарда жылу кезең-кезеңімен беріліп жатыр. Көпқабатты тұрғын үйлерді жылуға қосу техникалық регламенттерге сәйкес жүргізілуде, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасының төмендеуіне байланысты жылыту маусымы 2025 жылдың 1 қазанында басталды. Өңірдегі денсаулық сақтау, білім беру, мектепке дейінгі және өзге де әлеуметтік маңызды нысандардың барлығы жылуға бұдан ерте қосылды. Қазіргі таңда облыстағы 190 автономды және 33 орталықтандырылған қазандық жылыту маусымына толықтай әзір. Оларды қосу температуралық кестеге сәйкес жүргізіліп келеді.
Өңір бойынша 52,8 шақырым жылу желілері қайта жаңғыртылып, жалпы ұзындығы 537 шақырым электр желілері, 39 қосалқы станция және 55 трансформаторлық қосалқы станция күрделі жөндеуден өтті. Апаттардың алдын алу мақсатында 243 шақырым электр желілері бойында орналасқан ағаш бұтақтары кесілді. Бұл жұмыс жыл соңына дейін жалғасады.
Бүгінде облыстағы үш жылу электр орталығы тұрақты түрде жұмыс істеп тұр. Риддер қаласындағы орталықтың жылыту маусымына дайындығына баса назар аударылған. Онда ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті қуат резерві жасалды. Биыл жылу желілерінің жалпы ұзындығы 6 шақырымды құрайтын 23 учаскесі жөнделді.
Инженерлік желілер мен жылу көздерінде техникалық ақаулар туындаған жағдайда коммуналдық қызметтер мен жергілікті атқарушы органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленіп, бекітілді. Апаттық бригадалар құрылып, қажетті арнайы техникамен және материалдармен қамтамасыз етілді.
ҚР Энергетика министрлігімен, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «Қаражыра» АҚ-мен бірге өңірге отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз ету бойынша жұмыс қолға алынған. Қазіргі таңда бюджеттік ұйымдар отынмен толық қамтамасыз етіліп, халық үшін 332,4 мың тонна көмір (жоспарланған көлемнің 73%-ы) дайындалды. Көмір бекітілген кестеге сәйкес жеткізіліп келеді. Барлық жылу көздерінде көмірдің нормативті қоры, яғни кем дегенде 20 тәулікке жететін 424,4 мың тоннасы бар. Жергілікті атқарушы органдар көмірдің жеткізілу барысын күнделікті бақылап, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша тиісті жұмысты жүргізіп жатыр.