Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырған жоба: “Қалбатау – Майқапшағай” халықаралық дәлізі іске қосылды

Облыс жаңалықтары 17-10-2025, 14:51 39

  Бүгін Шығыс Қазақстан және Абай облыстары үшін ерекше тарихи күн –инфрақұрылымдық, республикалық маңызы бар жобаларының бірі “Қалбатау - Майқапшағай” автожолы ресми ашылды. Бұл жоба еліміздің көлік логистикасын жаңа деңгейге көтеріп, Қазақстан, Ресей және Қытай арасындағы транзиттік байланысты нығайтуға бағытталған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Салтанатты рәсімге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Абай облысының әкімі Берік Уәли, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары мен жол құрылыс жұмыстарын жүргізген компания өкілдері қатысты. 

415 шақырымды құрайтын “Қалбатау-Майқапшағай” жолы тек облысаралық байланысты ғана емес, халықаралық транзитті қамтамасыз ететін стратегиялық белдеу. Жоба Шығыс Қазақстан, Абай облыстарының Жарма, Көкпекті, Ақсуат, Зайсан аудандары арқылы өтіп Қазақстан-Ресей-Қытай арасындағы көлік және сауда қатынастарын нығайта түсуге бағытталған. Халықаралық логистикалық дәліздің 184 шақырымы Абай облысын, 231 шақырымы Шығыс Қазақстан облысын басып өтеді. 

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, үлкен көлік логистикалық инфрақұрлымды жаңғырту бағдарламасы аясында Халықаралық маңызы бар “Қалбатау-Майқапшағай” жобасы іске асырылып отыр. Батыс Еуропа- Батыс Қытай дәлізінің маңызды буыны болып табылатын жол еліміздің сыртқы саудасын, транзиттік әлеуетін, өндірістік ынтымақтастықты дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Жаңа жолдың ашылуымен жол қозғалысы қауіпсіздігі нығайып, туризм, бизнес салаларының жолы жарқын бола түсетініне сенімдімін. Өңірді басып өтетін 231 шақырым жолдың бойында 7 көпір мен 223 су өткізу құбыры салынды. Жол мамандары, мердігерлермен өте ауқымды жұмыстар атқарылды. Шығыс Қазақстан халқының атынан Қазақстан Үкіметіне, Көлік министрлігіне, “ҚазАвтоЖол” компаниясына, мердігер компания мен жол құрылысына маңдай терін төккен әр маманға алғысымызды білдіреміз, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов құттықтау сөзінде. 

Ал Абай облысының әкімі Берік Уәли бұл жолдың екі өңір үшін өмірлік маңызы бар екенін атап өтті. 
   - Бұл жолдың аяқталуын Шығыс Қазақстан мен Абай облысының халқы ерекше ынтамен күтті. Өйткені Майқапшағай мен Қалбатау арасындағы 415 шақырым жол ел-жұрт үшін өмірлік маңызға ие болып келді. Бұл бағыт аймақтың экономикалық дамуына, өңіраралық байланысты жақсартуға септігін тигізері анық, - деді Абай облысының әкімі Берік Уәли. 
Құттықтау шарасынан соң облыс әкімдері мен ҚР Мәжіліс депутаттары арнайы бағыттаушы белгіні салтанатты түрде бұрып, жолдың ашылуын ашық деп жариялады.
2018 жылы басталған жұмыстар биыл мәресіне жетті. Игі істің Республика күні мерекесі қарсаңында ашылуының мәні зор. Отандық құрылыс материалдары мен жергілікті халықтың жұмыс күшімен тұрғызылған күре жолға 8 асфальт-бетон зауыты, 1100-ге жуық ауыр техника, 1800-ден астам маман жұмылды. 
 
Құрылыс жұмыстары барысында 2,4 млн асфальт-бетон қоспасы, 1,3 млн текше метр қиыршық тас пайдаланылған. Нәтижесінде 37 көпір, 2 жол өткелі, 2 жол айрық, 349 су өткізу құбыры, 5 демалыс алаңы және 2 санитарлық торап салынды. 
- Жоба бойынша шамалы жұмыстар қалды. Желтоқсан айының ортасына дейін абаттандыру, жол белгілерін орнату жұмыстары аяқталады. Бұл жұмыстар көлік қозғалысына кедергі емес және бүгіннен бастап айналма жолсыз қозғалыс күре жол арқылы ашылады. Құрылыс материалдары тапшылығына байланысты кедергіге тап болғанымен, былтыр Президент тапсырмасына сәйкес барлық мәселелер шешімін тапты. Аталған кезеңде 415 шақырым жол қайта жаңғыртудан өтті. Жоба құны - 215 млрд теңгені құрады. Транзиттік әлеуеті зор бағыттың Майқапшағай бекетіне кірер жерінде жол 6 жолаққа ұлғайтылды және жүк көліктері кезек күтетін аялдама жасалды, - дейді “ҚазАвтоЖол” ҰК” АҚ Басқарма төрағасы Дархан Иманашев. 
Мердігер «Синьсин» корпорациясының халықаралық істер департаментінің директоры Сяохуа Хуан жобаның күрделі кезеңдерін еске алды. 
- Жобалау жұмыстарын қоса алғанда 2017 жылдың желтоқсанынан жұмыс бастап келеміз. Жұмысты атқару барысында күрделі мәселелер орын алды. Соның ішінде, пандемия жағдайын, серіктесіміз жобадан шығып кетіп шарттық міндеттерді мойнымызға алдық. Шетелдік компания ретінде алдымызға үлкен міндеттемелер жүктелді. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы құрылыс жұмыстары маусымының қысқа болуы да жайсыздық тудырғаны жасырын емес. Осыған байланысты қысқа мерзімде жұмыс күшін арттырып, техникаларды үздіксіз жұмысқа салу керек болды. Осындай күрделі мәселелердің көптігіне қарамастан, екі ел арасындағы түсіністіктің арқасында, облыс әкімдігінің, тапсырыс беруші «ҚазАвтоЖол» компаниясының қолдауымен барлық жұмысты сәтті аяқтадық, - дейді Сяохуа Хуан. 
Салтанатты рәсім Республика күні мерекесімен тұспа-тұс келіп, шараның маңызын арттыра түсті. ҚР Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов бұл жолдың қоғам үшін маңызы зор екенін айтты.
- Қалбатау — Майқапшағай жолының мәселесі халықтың тарапынан жиі көтерілді. Мәселемен тікелей айналыстық. Парламент Мәжілісінде Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде бірнеше талқылаулар болып, депутаттық сауалдар жолданды, заңдарға өзгерістер енгізілді. Үкімет, Көлік министрлігі және “ҚазАвтоЖол” компаниясымен бірлескен жұмыстардың нәтижесінде жол жұмыстары аяқталып, қолданысқа беріліп отыр. “Amanat” партиясы жұмыс барысын өз назарына алған болатын. Құрылыс жұмыстарын тоқсан сайын бақылап жүрдік, - дейді халық қалаулысы.
Салтанатты шара соңында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының әкімдері мен Мәжіліс депутаттары арнайы бағыттаушы белгіні бұрып, «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын ресми түрде ашық деп жариялады.
Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]