- Республика күні қарсаңында Тарбағатай ауданының Қабанбай ауылдық округіне қарасты Қазақстан ауылында ерекше қуанышты шара өтті. Аудан әкімінің орынбасары Т. Бақытбекұлы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған жаңа үйдің кілтін салтанатты түрде табыстады.

- Шараға аудан әкімінің орынбасары Е. Советбекұлы, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және сәулет бөлімінің басшысы С. Советұлы, сондай-ақ аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Н. Бахтиярұлы қатысты. Мердігер «Электро Техно Строй» ЖШС өкілдері де жаңа қоныс иелерін құттықтап, қуанышты шараға белсенді қатысты.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы Тарбағатай ауданының дамуына тың серпін беруде. Соңғы үш жылда бағдарлама аясында 103 жаңа үйпайдалануға берілді: 2022 жылы – 14 баспана, 2023 жылы – 27 баспана, 2024 жылы – 62 баспана тұрғындар игілігіне берілді. Биылғы жылы да 20 жаңа үй бой көтеріп, олардың бірі дәл осы Қазақстан ауылында салтанатты түрде ауыл тұрғындарына табысталды.
«Жаңа шаңырақ — береке мен тұрақтылықтың белгісі. Бүгін табысталған баспана — отбасының ғана емес, бүкіл ауылдың қуанышы. Республика күні құтты болсын!»
— Т. Бақытбекұлы, аудан әкімінің орынбасары
Салтанатты шара барысында ауылдық округтің әжелер ансамблі өнер көрсетті. Әннен шашу шашылып, мереке рухы мен қуанышқа толы атмосфера орнады. Осылайша, Президент Қ. Тоқаевтыңтапсырмасы негізінде жалғасын тапқан бағдарлама аясында Қазақстан ауылында салтанатты түрде табысталған жаңа баспана – тек отбасының ғана емес, бүтін ауылдың қуанышы әрі ел дамуының айғағы.
Республика күні мерекесінің қарсаңында өткен бұл шара – ел бірлігі мен мемлекет тарапынан халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған нақты қолдау үлгісі. Жаңа үй – жаңа үміт пен жаңа бастамалардың бастауы, ауыл тұрғындарының әл-ауқатының артатынына сенімнің нышаны іспетті. Мұндай игі істер елдің тұрақты дамуына зор үлес қосатыны сөзсіз.
