ШҚО, Тарбағатай ауданы өнері – тарихтан бастау алады

Аудан жаңалықтары 31-10-2025, 21:53 9

Тарбағатай – тарихы терең, мәдениеті мен өнері өркендеген, талай талантты тұлғалар түлеткен киелі аймақ. Ауданның мәдениет саласы соңғы жылдары жаңа серпін алып, шығармашылық өрісін кеңейтті. Өнер ордалары жаңарып, ұлттық дәстүр мен заманауи өнер үйлесім тапқан рухани орта қалыптасып келеді.

Аудан бойынша бүгінде 8 мәдениет үйі мен 3 ауыл клубы тұрақты жұмыс істейді. Бұл – халықтың рухани өмірінің тірегі, өнер мен шығармашылықтың алтын ұясы. Жалпы мәдениет саласында 80-ге жуық қызметкер еңбек етіп, өңірдің мәдени тынысын жандандырып отыр.

Соңғы жылдары аудан мәдениетіне зор қолдау көрсетілуде. Барлық мәдениет үйлері мен клубтар заманауи музыкалық құрылғылармен, LED-экрандармен, сахналық костюмдермен қамтамасыз етілді. Бұл материалдық жаңару ауданның шығармашылық әлеуетін арттыруда маңызды рөл атқаруда. Аудан басшылығы мен мәдениет бөлімінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде ауыл сахналары да кәсіби деңгейге көтеріліп, көрермен мәдениетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл – елді мекендерде өнер мен мәдениеттің шырағын сөндірмей, ұлт рухын сақтауға бағытталған нақты іс-шаралар.

Тарбағатайдың мақтанышы саналатын «Ақжар» ұлт-аспаптар оркестрі қайта жанданып, сахнаға жаңа қарқынмен шықты. Оркестрге сапалы ұлттық аспаптар алынып, орындаушылар құрамына жас музыканттар тартылды. Нәтижесінде халық күйлері мен заманауи шығармалар жаңаша өңделіп, көрерменнің ықыласына бөленіп жүр. Сонымен қатар, аудан өнерін облыс пен республика деңгейінде танытып жүрген «Барқытбел» этно-ансамблі, «Ақжар» халық театры, «Достар дауысы» тобы – мәдени өмірдің белсенді өкілдері.

Атап айтқанда, «Барқытбел» этно-ансамблі тек өңірлік емес, халықаралық деңгейдегі жетістіктерге жетіп, ел абыройын асқақтатты. Бұл ұжым «Алтай-Фест» халықаралық өнер фестивалінде бас бәйге иеленіп, талай топтан топшысы биік тұрғанын дәлелдеді. Бұдан бөлек, ансамбль Баян-Өлгей мен Ұлан-Батырда өткен мәдени шараларға қатысып, марапаттарға ие болды. Жетістіктерінің ең жаңасы – ЮНЕСКО қолдауымен Тайюань қаласында өткен халықаралық өнер фестивалінде Қазақстан атынан қатысып, Гран-при иеленуі. Қазылар алқасы олардың орындаушылық шеберлігін, сахна мәдениетін және қазақтың ұлттық нақыштағы өнерін жоғары бағалап, «Құрлықтағы ең үздік ансамбль» атағын берді. Бұл жеңіс – Тарбағатай ауданының ғана емес, күллі қазақ мәдениетінің мәртебесін көтерген айтулы сәт.

«Барқытбел» этно-ансамблінің шығармашылық бағыты – қазақтың бай музыкалық мұрасын әлем сахнасына таныту. Домбыраның күмбірі, қобыздың сыңсуы, дауылпаздың дүбірі арқылы ансамбль ұлт рухын, ел тарихын, даланың үнін жеткізеді. Әрбір өнер көрсетілімі – ұлттық колорит пен кәсіби шеберліктің үйлесімі. Сол себепті олардың өнерін шетелдік көрермендер де жоғары бағалайды. Бұл – мәдени дипломатияның жарқын көрінісі, яғни қазақ мәдениетінің әлемдік деңгейде мойындалуы.

«Ақжар» халық театры мен «Достар дауысы» тобы да аудан өнерін өрге сүйреп келе жатқан шығармашылық ұжымдар. Театрдың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Әке аманаты» қойылымдары жоғары бағаланғанын айтуға болады.

Тарбағатай ауданында мәдениетке қамқорлық үздіксіз жасалуда. Аудан әкімі Д. Жөргекбаев және мәдениет саласының басшылығы шығармашылық ұжымдарға тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Ал Ақжар мәдениет үйінің директоры Ш. Көпшікбаева жаңа жобаларға бастамашы болып, жас таланттарды қолдап, аудандық фестивальдер мен байқауларды тұрақты ұйымдастырып жүр.

Ауылдық мәдениет ошақтарының жаңаруы – ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізіп, рухани өмірін байытуға жол ашты. Бұл – ел бірлігін арттыратын, ұлттың мәдени жадын сақтайтын маңызды миссия. Аудан өнерпаздарының әлем сахнасына қазақтың үнін жеткізіп, ұлт мәдениетінің мәртебесін көтеріп жатқаны – қуаныш әрі мақтаныш.

Мұндай жетістіктер – жүйелі еңбектің, рухани жаңғырудың және ел басшылығының мәдениетке деген шынайы қамқорлығының нәтижесі.

Тарбағатайдың талантты жастары мен өнер иелеріне шабыт, жаңа жетістік пен биік белестер тілейміз!

Өнеріміз өрге жүзсін, мәдениетіміз мәңгілік болсын!


Заңғар Нұрбекұлы

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]