Барқытбелден Хайнянға дейінгі жол немесе жетінші мәрте Әлем чемпионатына сапар

Аудан жаңалықтары 14-11-2025, 14:04 9

ШҚО, Тарбағатай ауданы, Жетіаралда туып-өскен оғлан Айбол Слямбеков Қазақстан Республикасы құрамасында гір спортынан тағы бір биікті бағындыруға жолға шықты. Қараша айының 12–19 аралығында Қытайдың Хайнян қаласында өтетін 2025 жылғы Әлем чемпионатына Қазақстан құрамасында қатысатын жерлесімізге жарыс жолында сәттілік тілейміз.

Слямбеков Айбол Слямбекұлы – гір спортынан спорт шебері, республиканың 10 дүркін, Азияның 6 дүркін, Әлем чемпионатының 6 дүркін жеңімпазы.

Тарбағатай ауданы, Жетіарал ауылында 1999 жылы дүниеге келген оғлан 2012 жылы ең алғаш спорт залға келіп, гір спортымен айналыса бастайды. Алғашқы жаттықтырушысы – Жетіарал орта мектебінің дене тәрбиесі мұғалімі Мейрамбек Нұрмолдин. 9-сыныпта оқып жүргенде-ақ жас жеткіншек аудан, облыс чемпионатын ұтып, 2016 жылы оқушылар және колледж студенттері арасында өтетін жазғы республикалық жарысқа қатысып, 53 келі салмақ дәрежесінде ІІІ орын иеленеді.

2017 жылы С.Аманжолов атындағы жоғары колледжге түсіп, кейіннен 2020 жылы университетте білімін жалғастырады. 2017–2020 жылдары Өскемен қаласы гір спорты құрама командасына және республика құрама командасына кіреді. Қазіргі жаттықтырушысы — Абдығалиев Әділ. Бүгінгі күні Өскемен қаласындағы №49 мектепте гір спортынан жаттықтырушы және дене шынықтыру пәні мұғалімі болып жұмыс істейді.

Тау көтерген толағай ұлдың жетістіктері де аз емес. Мәселен, 2018 жылы Щучинск қаласында өткен Универсиада жарысында 63 келі салмақ дәрежесінде І орын, 2018 жылғы республикалық чемпионатта І орын, 2019 жылы жастар және ересектер арасында өткен алғашқы Азия чемпионатында қоссайыс бойынша 63 келі салмақ дәрежесінде І орын алған.

Жастар арасында ұзын цикл – серпе көтеру бойынша (толчок) Азия рекордын орнатқан. 2021 жылы Бурабайда өткен «Ересектер арасындағы Азия чемпионатында» І орын (2 алтын), 2022 жылы Ташкентте өткен «Азия чемпионатында» І орын, 2022 жылы Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен «Әлем чемпионатында» ересектер арасында 63 келі салмақ бойынша ІІ орын, 2023 жылы Хива мемлекетінде өткен «Әлем чемпионатында» жастар арасында 63 келі салмақ бойынша І орын (2 алтын) жеңіп алған.

2024 жылы Қырғызстан мемлекеті, Ыстықкөлде өткен «Жастар арасындағы Әлем чемпионатына» қатысып, көпсайыс, серпе көтеру, жұлқа көтеру, ұзын цикл көтеру бойынша 4 алтын медаль жеңіп алған алтын ұл 2024 жылы Грецияның Корфу қаласында өткен ересектер арасындағы «Әлем чемпионатында» тағы да топ жарды. Ол жарыстан да І орын иеленіп, 6 дүркін әлем чемпионы атанған болатын.

Ал 2025 жылы ұзын цикл (длинный цикл) көтеруден Астана қаласында өткен республикалық чемпионатта І орын иеленіп, Әлем және Азия чемпионатына жолдама жеңіп алған болатын. Бұйыртса, осы жолы Қытайдың Хайнян қаласында өтетін Әлем чемпионатына қатысып, жетінші мәрте Әлем чемпионы болуға бел буып отыр.

Жарыс рекордтарына тоқталсақ:

— Азия чемпионаты 2019 жыл — 100 серпе көтеру (32 кг)

— 2022 жыл – Азия чемпионаты — 120 серпе көтеру (32 кг)

— 2023 жыл — Әлем чемпионаты — ұзын цикл 75 рет

— 2024 жыл Греция — 24 келіні 200 мәрте жұлқа көтеру

— 2024 жыл ұзын цикл көтеруден (24 кг — 80 мәрте, 32 кг — 47 рет) жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырынан еліміздің көк байрағын көтеріп, әнұранын ойнатты.

Айболдың осы жолғы Әлем чемпионатында да ел намысын жетінші мәрте қорғап, көк байрағымызды желбіретіп ораларына сеніміміз мол. Олай болса, Барқытбелден шыққан баһадүрге сәт сапар тілейміз! Тарбағатай алыптары Иісбай, Шиғара, Ығылан балуандардың аруағы қолдап, білегіне қажымас күш-қуат берсін дейміз.

Авторы: Ернар Үсенов 

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]