ӘКІММЕН СҰХБАТ

Аудан жаңалықтары 3-06-2026, 08:57 28


Тарбағатайдың бүгінгі тынысы мен ертеңгі межесі

Өңірдің дамуы – халықтың әл-ауқаты мен болашаққа деген сенімінің көрінісі. Соңғы жылдары Тарбағатай ауданында инфрақұрылым жаңарып, ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікке серпін беретін жаңа бастамалар қолға алынуда. Ауданның бүгінгі тынысы, түйткілді мәселелердің шешімі және алдағы жоспарлар туралы Тарбағатай ауданының әкімі Дархан Шомпайұлы Жөргекбаевпен арнайы сұхбат құрған едік.

– Құрметті Дархан Шомпайұлы! Алдымен ауданның өткен жылғы көрсеткіштеріне қысқаша тоқталып өтсеңіз. Жылан жылының басты жетістіктері қандай?

– Тарбағатай ауданында 2025 жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық көрсеткіштері бойынша жақсы жетістіктеріміз бар. Әрине, бұл тұрғыда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы негізінде, облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановтың тікелей басшылығымен жүзеге асырылып жатқан кешенді шаралар жоспары мен мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы өте зор.

Цифрларды сөйлететін болсақ, бір газеттің көлемі аздық етуі мүмкін және мен оны қаламайтынымды білесіздер. Десек те, негізгілеріне тоқталып өтейін. Мәселен, 2025 жылы өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі 4,2 млрд теңге межесінде болды. Аудан экономикасына 2025 жылы 28,1 млрд теңге инвестиция тартылды, нақты көлем индексі – 155,0%. Оның ішінде жеке инвестициялар 2 есеге өсіп, 21,9 млрд теңгені құрады.

2026 жылғы 1 қаңтарға тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 1 945 бірлік, яғни өсу қарқыны – 93,6%. Құрылыс жұмыстарының көлемі 25,3 млрд теңге, нақты көлем индексі – 216,5%.

Аудан көлемінде 2025 жылы 6,1 мың шаршы метр тұрғын үй («Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша 20 пәтер – 1 580 шаршы метр, жеке тұрғын үй – 4 545 шаршы метр) пайдалануға берілді. 2025 жылға қойылған жоспар 100,4% орындалды.

Ал 2026 жылы ауданда 44 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, яғни өсім бар. Бұл – халықты баспанамен қамту саясаты бір сәтке де тоқтамайды деген сөз.

2025 жылға меншікті кірістер бойынша бекітілген жоспар 1 885 904,0 мың теңге еді. Нақтылаудан кейінгі жоспар 2 261 022,2 мың теңгені, ал нақты түсім 2 267 259,1 мың теңгені құрады. Жоспардың орындалуы – 100,3%, ал бекітілген жоспардан 120,2% өсті.

Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2022 жылы Тарбағатай ауданы бөлініп шыққандағы меншікті кіріс 630,0 млн теңге шамасында болған, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша ол 3,6 есе өсті.

– Ауданымыздың даму бағытын айқындайтын негізгі ірі инвестициялық жобаларға тоқталсаңыз және ауыл шаруашылығы саласындағы межеміз қандай?

– Тарбағатай ауданының өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешенінде және балық шаруашылығы салаларында бірқатар ірі инвестициялық жобалар іске асырылуда.

Солардың бірі – «East Smelting» ЖШС-нің мыс өндіру және өңдеу бойынша тау-кен байыту комбинатын салу жобасы. Жобаның инвестициялық көлемі 216,0 млрд теңгені құрайды, қуаты – жылына 25,0 млн тонна кен. Қазіргі уақытта геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, өндірістік және инфрақұрылымдық бағытта «Бенто Технологии KZ» ЖШС жобасы жүзеге асырылуда. Жоба аясында 40 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 30 мың тонна өнім өндіру көзделген.

Бүгінде жол инфрақұрылымы әжептәуір жақсарып қалғаны белгілі. Аудан арқылы өтетін республикалық маңызы бар «Омбы – Майқапшағай» күре жолын қайта жаңғырту жұмыстарының аяқталуына байланысты «СиньСин» құрылыс және басқа да Қытай компанияларының асфальт-бетон қоспасы, битум және тағы басқа өндірістері тоқтаған болатын.

Алайда біз осыған дайын болып, 2025 жылы Тәуке ауылында «Ивега» ЖШС асфальт-бетон зауытын іске қосты. Өндірістік қуаты жылына 317 мың тонна болатын кешенге тартылған инвестиция көлемі – 200 млн теңге.

Бүгінгі таңда аудан аумағында «Ивега» ЖШС асфальт-бетон зауытын қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын салу үшін инертті материалдарды өндіруге арналған екі карьер рәсімделді. Бұл алдағы уақытта кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру көлемін арттыруға және жер қойнауын пайдалану саласындағы көрсеткіштерді жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 15 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Оған қосымша «ОблШығысЖолға» қарасты тағы бір асфальт-бетон зауыты келешекте аудан қажеттіліктерін толықтыратын болады.

Сондай-ақ болашақта Толағайдағы көмір қорын да игеретін боламыз.

Аудан экономикасының негізгі тірегі саналатын аграрлық секторда мал шаруашылығын өркендету, егін көлемін ұлғайту, суармалы жерлерді игеру, өңдеу өнеркәсібін қалыптастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері басты назарда тұр. Әзірге Тарбағатай ауданының негізгі бағыты – мал шаруашылығы. Осыған байланысты мал басын көбейту, асыл тұқымды мал үлесін арттыру, өнім көлемін ұлғайту және бордақылау алаңдарын ашу бағытындағы жұмыстар қолға алынуда. Сонымен қатар, жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіру арқылы кооперативтер құру жұмыстары да кезек күттірмейтін мәселе.

Бүгінде аудан бойынша асыл тұқымды мал үлесі ірі қарада – 12,7 пайыз, қой шаруашылығында – 21 пайыз, жылқыда – 0,3 пайызды құрайды. Қазіргі уақытта 78 асыл тұқымды шаруашылық жұмыс жүргізуде. Оның ішінде 52 шаруашылық ірі қара, 21 шаруашылық қой, 4 шаруашылық жылқы өсірумен айналысады. Дегенмен, өз нақтылауым бойынша, 78 шаруашылықтың тек 31-інде ғана ресми асыл тұқымды шаруашылық мәртебесі қалыптасқан. Осыған байланысты 2026 жылы бірқатар шаруа қожалықтарына асыл тұқымды шаруашылық мәртебесін беру бойынша жұмыстар жүргізуді тапсырдым.

Мал бордақылау алаңдарын көбейтуге де ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта 100 бастан асатын 5 бордақылау алаңы жұмыс істейді. Ақжар ауылдық округінде орналасқан «Ихан баба», «Мойын», «Сенім» шаруа қожалықтары және Жетіарал ауылдық округіндегі «Дарабоз», «Жетіарал даму» шаруашылықтары ірі қараны бордақылау бағытында нәтижелі еңбек етуде. Сондай-ақ, 1000 бастан 5000 басқа дейінгі ірі бордақылау алаңдарын салу жобалары қолға алынуда. Олардың саны жоспар бойынша әзірге үшеу.

Соның ішінде Ақжар ауылдық округінде қуаттылығы 5000 басқа арналған заманауи бордақылау алаңын салу бар. Бұл жоба ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге серпін бермек. Қазіргі таңда жобаға қажетті жер телімін рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, мал тасымалдауға және жем-шөп жеткізуге қолайлы жол қатынасы қарастырылған. Жоба аумағына Ақжар және Жаңалық ауылдарынан таза су тарту, электр желілеріне қосылу мүмкіндігі де бар.

Бұл жоба аясында болашақта толыққанды жұмыс істейтін агроөнеркәсіптік кешен қалыптастыру жоспарланып отыр. Яғни, ол жерде мал базары, ет өңдеу цехтары, ет өнімдерін дайындайтын өндірістік нысандар, арнайы техника мен жүк көліктеріне арналған автопарк орналастырылмақ. Сонымен қатар, жол инфрақұрылымы тартылғаннан кейін логистикалық орталық қалыптастыру көзделуде. Бұл орталықта жүк көліктерінің тұрақ алаңдары, ауыл шаруашылығы өнімдерін қабылдау және тарату бекеттері, көлік-логистикалық қызмет көрсету орындары жұмыс істейтін болады. Яғни, агроөнеркәсіпке байланысты жұмыстар қайнап жатуы тиіс.

Аталған жобаның іске асуы аудан мен облысты сапалы ет өнімдерімен қамтамасыз етуге, республикалық маңызы бар қалаларға ет жеткізу көлемін арттыруға және тұрақты жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ауданның инвестициялық және транзиттік әлеуеті де арта түседі. Дәл осындай тағы бір жобаны Жаңаауыл ауылдық округінде, енді бірін Маңырақ ауылында («Әмір-Темір» ш/қ) іске асыруды жоспарлап отырмыз.

Ал өсімдік шаруашылығын дамыту бағытында да ілкімді істеріміз бар. Алдағы уақытта суармалы жер көлемін ұлғайту және мал азығы қорын нығайту мәселесіне басымдық беріледі. Биылғы жылы аудан бойынша 6437 гектар суармалы егістік жер игеру жоспарланған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1622,86 гектарға артық көрсеткіш. Болашақта «Қандысу» су қоймасы жөнделген соң, шаруаларымыз судан таршылық көрмейді. Әзірге бар суды үнемді пайдаланып, көбірек өнім алуға тырысуымыз қажет.

Су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алуда. Нақты айтқанда, «Қызылбұлақ» АӨК, «Қайқы» және «ALUA CORPORATION» кооперативтері арқылы жаңбырлатып және тамшылатып суару жүйелері енгізіліп жатыр. Бұл жобалар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жеңілдетілген несиелер арқылы мүмкін болуда. Сонымен қатар, агроөнеркәсіп саласында «Tarbagatai Agro» ЖШС-нің су үнемдеу технологияларын енгізу және суармалы егістік көлемін ұлғайтуға бағытталған инвестициялық жобасы іске асырылуда. Жоба аясында отандық «Su Bereke» маркалы 14 дана жаңбырлатқыш суару машиналарын орнату жоспарланған. Қазіргі таңда су ұңғымаларын қазу, су жинақтау қоймаларын дайындау, инфрақұрылым тарту және жаңбырлатып суару аппараттарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы ауданымызда «Қызылбұлақ» АӨК базасында осы мәселе бойынша тәжірибе алмасу семинары өткен болатын.

«ЖЕҢІС АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ» ЖШС-де жерді тиімді игеру мақсатында су үнемдеу технологияларын және тамшылатып суару жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жоба біртіндеп іске асырылуда. Сонымен қатар бұл жоба аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту көзделген. Атап айтқанда, өндірістік және қойма ғимараттарын салу, электр желілерін тарту, су жүйелерін жүргізу, жол инфрақұрылымын дамыту және ауыл шаруашылығы техникаларын орналастыру базасын құру жұмыстары жүзеге асырылмақ. Кәсіпорын алдағы уақытта мал шаруашылығын дамыту мақсатында 10 мың басқа дейін ірі қара мал сатып алуды жоспарлап отыр. Жоба аясында 21 тұрақты және 10 маусымдық жұмыс орны ашылады. Жалпы инвестициялық көлемі 18,149 млрд теңгені құрайтын жоба толықтай кәсіпорынның өз қаражаты есебінен қаржыландырылатын болады.

Осы орайда айтарым, біз үлкен жобаларды қолға алудан қашпауымыз керек, себебі оның бәрі өңіріміздің қарқынды дамуы үшін қажетті шаралар. Тарбағатай ауданының 2029 жылға дейінгі даму жоспары бойынша 20,3 млрд теңге бюджет қаражатын және 231,2 млрд теңге жеке инвестиция тарту жоспарлануда. Ал оны іске асыру үшін бізге ауқымды істер қажет. Ол істер еңбектеген баладан, еңкейген қартымызға дейін қолдау білдіріп, болашаққа сеніммен қараған кезде ғана нәтижесін береді.

Иә, түсінемін: халыққа жайылымдық жер, тыныш өмір керек. Инвесторлар келсе қарсы шығып, бір техника жер қазып, қазық қаға бастаса «алып қойды», «беріп қойды» деп алаңдаймыз. Бірақ мұндай жағдайда инвесторлар қалай жұмыс істемек?

Халқымыз сол инвесторлар арқылы игілікті істердің жемісін көруі қажет. Инвестор – бюджетке салық төлеуші, жаңа жұмыс орындарын ашушы. Сол арқылы инфрақұрылымдарымыз ретке келеді, қызмет көрсету сапасы артады, халық саны көбейеді. Ертең өндіріс қызған кезде соларға малымызды сатамыз, қызмет көрсетеміз, қымыз-қымыранымызды ұсынамыз, дүкендерде сауда-саттық жанданады.

Сондықтан осыны терең түсінген жөн: инвесторлар тек пайда табушы ғана емес, жергілікті жерге қаржы әкелуші, даму драйвері. Осыны дұрыс түсінсек, ұтылмаймыз.

Аудан басшысы ретіндегі менің міндетім және ауданымызда іске асырылып жатқан жобалардың басты мақсаты – Президентіміздің тапсырмасына сай халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту, жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту, ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік салада жинақталған мәселелерді тиімді шешу.

Өздеріңізге мәлім, аудан экономикасының қарқынды дамуы үшін ең алдымен инфрақұрылым жүйесі ретке келуі керек. Ертеңгі күні ірі инвесторлар келген кезде жол, су, электр энергиясы сияқты мәселелерде ахуал туындамауы қажет. Біз осы арқылы оларды қызықтырып, қажетті келісімдерге қол жеткізе аламыз.

Өткенде көлемді егін шаруашылығымен айналысатын инвесторлар жұмысын бастаған кезде жерлестер тарапынан тағы да түсінбеушілік болып, «Қытайлар келіп жерді бүлдіріп жатыр» деген сипатта әлеуметтік желіде шу көтерілді. Алайда ол – Қытай технологиясын әкеліп жатқан біздің инвесторларымыз болатын.

Болашақта Байтоғас пен Тұғыл арасына 20 мың гектарға дейін егістік егуді жоспарлап отырмыз. Бұрын ауыл шаруашылығы әлеуеті жоғары Кеңестік кезеңнің өзінде бұл аумақта небәрі 3 мың гектар шамасында ғана егістік болған. Оны біртіндеп ұлғайтып, Дабардың қырына дейінгі аумақты қамту көзделіп отыр. Ол жерден қосымша 7 мың гектарға жуық алқап дайындалады. Осылайша, жалпы 27 мың гектар жер көлемін игеру жоспарлануда.

Ал Зайсан аумағы арғы жақтан өз жобаларын бастап жатыр, сондықтан бұл тұтас кешенге айналады. Егер осындай жетістікке жетсек, бұл – үлкен мүмкіндік.

Осы тұста тағы да толықтыра кетейін: бұл тек егістік алқабы ғана емес, оның жанында бордақылау алаңдары, сүт фермалары, сондай-ақ осы өнімдердің барлығын өңдейтін зауыттар мен фабрикалар бой көтеретін ауқымды жоба. Халықпен тұрақты кездесулерімде айтып жүргендей, экономикалық еркін аймақ қалыптасады. Яғни бұл – болашақтың жобасы.

Осыған орай «Зайсан шеңбері» («Зайсанское кольцо») деп аталатын 200 МВт-тық ірі электр желісінің техникалық-экономикалық негіздемесі қолға алынды. Себебі бүгінгі таңда бізде 100 МВт электр энергиясына қажеттілік бар. Бұқтырма арқылы электр желісі тартылатын болса, Күршім, Марқакөл, Зайсан және біздің өңірді қамтитын тағы бір энергетикалық шеңбер іске қосылады. Бұл электр мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді.

Осы арқылы «Қызыл қайың» кен орны да өз жұмысын тұрақты жүргізе алады. Алдағы уақытта көлік ағыны артқан сайын сапалы жанармайға деген сұраныс та өсетіні анық. Осыған байланысты Тұғыл және Ақжар ауылдарында «Лукойл» брендімен жанармай құю бекеттерін салу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Күре жолдың бойында қызмет көрсету сервистері де ашылады. Соның бірі – Тұғыл ауылынан 5 шақырым жерде орналасатын кешен (сауда орындары, эстакада, қоғамдық дәретхана және басқа да қызмет түрлері).

- Ауыл шаруашылығы туралы сөз болғанда, әрине Зайсан көлінің су маржандары ойға оралады. Балық шаруашылығы бойынша қандай ілгерілеулер бар?

- Иә, сұрағыңыз орынды. Біздің өңірде тек мал шаруашылығы емес, балық шаруашылығы да жаңа кезеңге аяқ басып келеді. Осы сала бойынша «CRYSTAL LAKE» ЖШС-нің балық өнімдерін өңдеу зауытын салу жобасы іске асырылуда. Зауыттың жылдық қуаты 6 мың тонна, жобаның жалпы құны – 3,5 млрд теңге.

Сонымен қатар, Зайсан көлінде балық өңдеу кешені мен шабақ өсіру бойынша тағы бір зауыттың құрылысы басталмақ. Жобаның бастамашысы – «Zaisan See» ЖШС. Бұл жобаның негізгі мақсаты – балық өңдеу өнеркәсібі және балық өсіру шаруашылығын дамыту. Жобаның жалпы құны 6 млн еуроны (3,3 млрд теңге) құрайды. Бұл жоба Қазақстан Республикасындағы тұңғыш өнеркәсіптік шабақ өсіру зауыты болып табылады. Ол бағалы жыртқыш балық түрлерін – көксерке, алабұға және шортанды – тұйық су айналымы технологиясын (УЗВ) қолдана отырып жасанды жолмен көбейтуге арналған. Дәл осы балық түрлері Зайсан көліндегі кәсіптік аулаудың негізгі бөлігін құрайды.

Бүгінгі күні ауданда балық өндірісімен айналысатын 4 заңды ұйым тіркелген. Олар: «Ұлтарақ» ЖШС, «Байтоғас» АӨК, «Рыбаки Зайсана» ӨК және «Дигам» ЖШС. Аталған ұйымдар Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінен әр жылға арналған балық аулау лимитін алып жұмыс істеуде.

Тұғыл бұрын өнеркәсіптік ауыл болса, біз оны болашақта қала қыламыз деп айтып жүрмін. Темір жолы мен кеме тоқтайтын порты бар, барлығы жұмыспен қамтылған 15 мың адам тұруы тиіс ол жерде. Жоғарыда айтып өткендей, балық зауытын да жобалап жатырмыз. Сондықтан да Тұғыл ауылының болашағы өте зор. Бұның бәрі бір-бірімен тығыз байланысты.

Мысалы, бұрынғы әуежайды кеңейтіп Зайсан қаласында салуға болатын еді, бірақ ол бері таман салынды. Себебі, туризмді дамытуға, екі ауданның әлеуетін, экономиканы көтеруге қажет. Ол жерден тек қана адам ұшпайды, оның келешек әлеуеті өте зор. Қазір үшінші деңгейлі әуежай болса, кейін біртіндеп өсе береді. Жоғарыда айтылған жобалар іске асқан кезде Тарбағатай мен Зайсанның өнімдерін ұшақпен тасимыз. Сол үшін қолға алынған жобаларды қолдап, оны іске асыруды бірге ойластыруымыз қажет.

– Биылғы дала жұмыстарына қандай қолдаулар бар, жер қатынастары саласы қай бағытта дамуда?

– Көктемгі егістік жұмыстары аяқталып қалды. 2026 жылғы көктемгі және күзгі дала жұмыстарына аудан бойынша 908,17 тонна жеңілдетілген дизель отынына өтінім берілген. Оның ішінде 667,25 тоннасы көктемгі егіс жұмыстарына, 240,92 тоннасы күзгі жұмыстарға арналған.

Қазіргі уақытта дизель отынын жеткізуші операторларды анықтау жұмыстары жүргізіліп, «RV-OIL GAS» ЖШС-мен келіссөздер жасалды. Сонымен бірге ауданның ауыл шаруашылығы техника паркін жаңарту бағытында да нақты жұмыстар жалғасуда. Биыл ауданға 4 дана трактор мен рулондау техникасы жеткізілді. Аталған техникалардың жалпы инвестициялық құны – 59,38 млн теңге. Жаңа техникалар көктемгі, күзгі егіс жұмыстарын және мал азығын дайындау науқанын уақытылы әрі сапалы өткізуге мүмкіндік береді.

Осы орайда жергілікті шаруаларға айтарым, мемлекет қолдауын тиімді пайдаланып, жоба-жоспар жасау қажет. Экономикалық тиімділігі дәлелденсе, мемлекет тарапынан қолдау болады.

Жер қатынастары саласында да ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жылдың өзінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалану үшін 3 конкурс өткізіліп, жалпы көлемі 21 806 гектардан астам 59 жер учаскесі шаруа қожалықтарына 15 жыл мерзімге пайдалануға берілген.

Сонымен қатар, Тұғыл ауылының маңында кемпинг орналастыруға арналған 3 гектар жер телімі аукцион арқылы сатылып, туризм саласын дамытуға бағытталған жаңа жобалар қолға алынуда.

«Жер Аманаты» жобасы аясында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары да тұрақты жалғасуда. Биыл аудан бойынша 4500 гектар жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазіргі уақытта 3307,4 гектар жерді қайтару бойынша құжаттар дайындалу үстінде.

Жалпы алғанда, Тарбағатай ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде жалғасып келеді. Мал шаруашылығын дамыту, суармалы жер көлемін ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу, ауыл кәсіпкерлігін қолдау және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қолға алынған жобалар аудан экономикасын нығайтып, халықтың әл-ауқатын арттыруға зор мүмкіндік бермек. Бірақ ол үшін диқаншы, малшы және басқа да агро саланың өкілдері белді бекем буып, білекті сыбанып жұмыс атқаруы қажет.

– Агроөнеркәсіп, инвестиция бойынша үлкен жобаларға қанық болдық, енді ауданымыздағы білім беру және денсаулық саласына тоқталып өтсеңіз.

– Иә, білім беру саласы бізде үлкен контингентті қамтиды. 2025 жылы Тарбағатай ауданында осы сала бойынша жалпы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын 17 жоба іске асырылды. Өздеріңізге белгілі, оның ішінде оффтейк шартымен салынған үш мектеп бар.

Өткен жылы Сарыөлең ауылында 50 орындық жаңа мектеп құрылысы басталып, пайдалануға берілді. 208,2 млн теңгеге 10 мектепке ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 210,2 млн теңге қаражатқа 23 білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. 3 білім беру ұйымына STEM кабинеттері алынып, 43,5 млн теңге жұмсалды. «Абай атындағы орта мектебі» КММ-де 3,7 млн теңгеге ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды қолдау кабинеті іске қосылды.

Бұған дейін Абай мектебі «Қазақстан халқына» қорының атынан НЗМ базасында қайта жабдықтаудан өткен болатын. Биыл бұл бағдарлама қорытындыланып, ауданымызда ірі республикалық семинар өткізілді және оның тиімділігі дәлелденді.

2026 жылы «Қ. Билялов атындағы мектеп-лицей» КММ ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 800 млн теңге және «Құйған орта мектебі» КММ ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстарына 782,6 млн теңге қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылуда. Қазіргі таңда құжаттарын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Денсаулық сақтау саласы

Денсаулық сақтау саласында аудан халқына 1 аудандық аурухана, 7 дәрігерлік амбулатория, 19 медициналық пункт қызмет көрсетеді.

Тарбағатай ауданында денсаулық саласы бойынша 2025 жылы жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеге медициналық нысандарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді, 1 271,2 млн теңге қаражатқа 11 негізгі жоба жүзеге асырылды.

Атап айтқанда:

– Аудандық аурухананың инженерлік желілері толық жаңартылды (315 592,0 мың тг.);

– Тұғыл ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға күрделі жөндеу жүргізілді (348 412,0 мың тг.);

– Жаңатілеу ауылының медициналық пункті аудандық бюджеттен күрделі жөндеуден өтті (15,9 млн тг.);

– Тарбағатай аудандық ауруханасының емхана бөлімшесіне күрделі жөндеу жүргізілуде (347 316,0 мың тг.);

– Ақжар ауылындағы аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесі толық жаңғыртылды (96 604,0 мың тг.);

– Шасси базасында орнатылған жылжымалы цифрлық флюорографиялық рентген кешені «Флюокар» алынды (72,918 млн теңге). Бұл кешен мамыр айында жұмысын бастап, қазіргі таңда 150 адамға қызмет көрсетіп үлгерді;

– Демеушілік арқылы «Қазақстан халқына» қорынан құрал-жабдықтар беріліп, оңалту кабинеті ашылды (48,0 млн теңге);

– «Қазцинк» АҚ демеушілігімен медициналық қалдықтарды өңдеуге арналған заманауи жабдық алынды (101,0 млн теңге);

– Жылжымалы медициналық кешен (ПМК) алынды. Бұл шалғай ауыл тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

2025 жылы алғаш рет травматология бөлімі ашылды. 1 жыл ішінде 30 күрделі операция сәтті жасалып, травматологиялық төсектер саны 6-ға жетті.

2026 жылы Тарбағатай аудандық ауруханасының емхана бөлімінде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында ауруханаға «С-дуга» рентген аппараты сатып алуға 77 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда клиникалық-техникалық негіздемесі әзірленіп, құжаттары облыстық денсаулық сақтау басқармасына жолданып, сатып алу рәсімдері жүргізілуде.

Сонымен қатар, гемодиализ аппаратын сатып алуға 102 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. Гемодиализ аппаратын қолданатын 2 медицина қызметкерін оқыту жоспарлануда. Бұған дейін бүйрек жетіспеушілігі бар тұрғындар өз қаражатына көлік жалдап, Зайсан қаласына барып ем қабылдап жүрді. Алдағы уақытта науқастар өз ауданымызда ем алатын болады.

Тұғыл амбулаториясында флюорография аппараты мен ФАК жүйесі орнатылды. Енді ауыл халқы аудан орталығына бармай-ақ, қажетті тексерулерден өте береді. Сонымен қатар, физиотерапия аппараты алынып, физиокабинеттің жұмысы жанданды. Тағы бір маңызды жаңалықтың бірі — стоматологиялық кресло орнатылды. Енді стоматолог дәрігер арнайы бекітілген кестеге сәйкес Тұғыл ауылдық округінің тұрғындарына медициналық көмек көрсететін болады.

Алдағы кезеңде Қабанбай және Қарасу ауылдарында дәрігерлік амбулатория, Жаңалық пен Бозша ауылдарына медициналық пункттерді жаңадан салу мәселелері қарастырылуда.

- Ауданымыздағы спорт және мәдениет саласына ерекше көңіл бөлініп отырғанын білеміз және жетістіктеріміз де баршылық.

          —Бұл салада 2025 жылы 9 жобаға 583 016 млн теңге қаражат игерілді. Мәселен, ауданда дене шынықтыру және спортпен тұрақты айналысатындардың игілігіне жалпы саны 84 спорт ғимараты қызмет көрсетуде. Жуықта аудан орталығында тағы бір ірі дене шынықтыру-сауықтыру орталығы ашылмақ.

Мәдениет саласында бірқатар ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар жөнделіп, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. 2025 жылы қосымша 9 жоба жүзеге асырылып, мәдениет үйлері мен жастар орталықтары жөнделді, кітапханалардың материалдық базасы жаңартылды. Ақжар мәдениет үйі заманауи сахналық жабдықтармен, көлік құралдарымен қамтамасыз етілді, ауылдық мәдениет нысандарына LED экрандар орнатылды. Жергілікті бюджеттен бірнеше ауылдық округтердің ауылдық клуб үйлері ағымдағы жөндеуден өтті.

Жыл ішінде жүздеген мәдени іс-шара өткізіліп, 120 мыңнан астам тұрғын қамтылды. Аудан өнерпаздары республикалық және халықаралық фестивальдерде жоғары жетістіктерге жетуде. Оны аудан халқы күнделікті жаңалықтардан біліп отыр. Өткен жылы аудан көлемінде ауылдық елді мекендерде 7 балалар ойын алаңы, 4 стрит воркаут, 6 шағын футбол алаңын орнату жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта Ақжар және Құйған ауылдарында мәдениет үйлерін, сондай-ақ Қабанбай мен Құйған ауылдарында спорттық модульдер салу жоспарлануда. Тарбағатай өңірі спорты мен мәдениеті жағынан өзге көршілес аудандардан оқ бойы озық екенін мақтанышпен айта аламыз.

- Қазіргі таңда туризмді дамыту күн тәртібіндегі басты мәселелер қатарында. Облыс көлемінде осы бағытты дамытуға кешенді шаралар қабылдануда, ал біздегі жұмыс барысы қалай?

 — Облыста жаңа туристік аймақтарды құру үшін 2025 жылғы ақпанда үздік туристік-рекреациялық аймаққа байқау өткізіліп, оның қорытындысы бойынша 6 жеңімпаз жоба іріктелді. Оның ішінде Тарбағатай ауданының муниципалды жағажайы бар. Туризмді одан әрі дамыту үшін Зайсан көлінің жағалауында инфрақұрылымды жақсарту және абаттандыру, Байтоғас демалыс аймағында қысқы демалыс түрлерін ашу көзделген. Онда 172 демалыс үйінің құрылысы жоспарланған. Бүгінде 30 жер учаскесінің иелері аукцион арқылы анықталды. Болашақта әуежай ашылатын болса, өлкемізге алыс-жақыннан туристер ағылатын күн де алыс емес. Сол үшін тұрғындарымыз осы салаға бейімделуі керек. Көл жағасынан жер алып, талапқа сай демалыс орындарын ашуға барынша қолдау көрсетеміз. Ол үшін кәсіпкерлік бөліміне хабарласып, нақты ақпарат алуға болады. Жоғарыда айтып өткен жобалар сияқты туризм әлеуеті де өте жоғары, біз соны осы бастан көре білуіміз қажет. Алдағы уақытта Зайсан көлінің жағалауында муниципалды жағажай салу жобасы қорытындыланып, абаттандыру жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде.

- Елді мекендердің таза ауыз сумен қамтылуы кей өңірлерде әлі де өзекті, ал біздегі жағдай туралы айта кетсеңіз.

— Аудандағы 28 елді мекеннің барлығы таза ауызсумен қамтамасыз етілген. 2025 жылы 10 жобаға — 1 078,7 млн теңге қаражат бөлінді. Атап айтсақ, Құйған және Жаңауыл ауылдарына ауызсу жүйесі желілерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Қазіргі уақытта Асусай, Шорға ауылдарында орталықтандырылған су құбыры желілері мен су жинау резервуарларының құрылыстары жүргізілуде. Аудандық бюджет есебінен 12,5 млн теңгеге Тұғыл ауылындағы ауызсу құбыры желісіне су ұңғымасы қазылды. Жаңаауыл округіне қарасты Жаңаталап ауылында ауыл халқы толығымен сумен қамтылды.

2026 жылы ауызсу жүйесіне республикалық бюджет есебінен 5 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда: Шолақорда, Ахметбұлақ, Тауке, Бозша, Жамбыл ауылдарының ауызсу желілері құрылысына республикалық бюджет есебінен қаржы қарастырылуда. Алдағы уақытта Ақжар ауылының тұрғын үйлері орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылатын күн де алыс емес.

- Ауылдарды абаттандыру, салауатты өмір салтын қолдау бойынша қандай жұмыстар атқарылды және оған көңіліңіз тола ма?

— Ауылдарды абаттандыру жұмыстарына 2023 жылы 149,0 млн теңгеге 25 жоба, 2024 жылы 57 жоба іске асырылып, 662,8 млн тг қаражат игерілді (23 жоба — бюджеттік, 2 жоба — бюджеттен тыс). Атап айтсақ, бұл жылдары ауылдық елді мекендерде балалар ойын алаңы, стрит-воркаут алаңдары, шағын футбол алаңдары көптеп салынды. Ал 2025 жылы аудан көлемінде ауылдық елді мекендерде 7 балалар ойын алаңы, 4 стрит-воркаут, 6 шағын футбол алаңы орнату жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар аудан орталығындағы көпқабатты 3 үйдің сыртқы қасбеті жаңаланды.

2026 жылы аудан көлемінде 4000 түп ағаш көшеттері отырғызылды. Ақжар ауылындағы мектеп шағын ауданында балалар ойын алаңын орнату басталды. Ойын алаңына қажетті құрал-жабдықтарды ауыл әкімшілігі алып берді, әрі қарай ауыл тұрғындары өздері бірігіп ойын алаңын орнатып жатыр. Сонымен қатар, биыл Ақжар ауылындағы орталық стадиондағы трибунаны, кофехананы, комментатор кабинасын, орындықтарды, шешінетін орындарды жөндеу, ағымдағы жөндеу, әрлеу жұмыстарына 34 млн тг және Даулетбай көшесінде орналасқан көпқабатты үйлерді мюнхен әдісімен әрлеуге 17 млн қаржы қарастырылып отыр. Тұғыл ауылдық округінде 2 балалар ойын алаңы және 1 стрит-воркаут алаңын орнату жоспарлануда.

Қазіргі уақытта ауданымызда футбол ойын алаңы және балалар ойын алаңы салынбаған бірде-бір ауыл жоқ. Аудан орталығы Ақжар ауылдық округінің өзінде ғана 10 футбол алаңы, 14 балалар ойын алаңы тұрғындар игілігіне пайдаланылуда. Әрине, қосымша абаттандыру ешқашан да артық болмайды, алдағы уақытта да бұл жұмыстар назарымда. Оның сыртында ауылдардың тазалығына мән беріліп, «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясында тұрақты тазалық жұмыстары мен көгалдандыру, тал-терек, алма ағаштарын отырғызу, гүл егу жұмыстары жалғасып келеді. Биыл Ақжар ауылы мен Тұғыл ауылының шыға берісінде арнайы қоршау ішіне тал егу жұмыстары сәтті ұйымдастырылды. «Әкеден мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөзді тазалық науқанымен ұштастыра отырып ұйымшылдықпен атқарып шықтық. Жалпы, абаттандыру кең ұғым болғандықтан оның ішінде тазалық, жасыл желек отырғызу, әлгінде сіз айтқан салауатты өмір салтын қолдауға арналған орындар бар, ең бастысы – бұның бәрі өз ауламыздан, өзімізден басталады деген түсінік жатуы тиіс, мен осыны әрдайым насихаттап келемін.

— «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында өткен жылы қандай жобалар іске асты және биылғы меже қандай?

— Бұл да республикамыз бойынша жалғасып келе жатқан ауқымды жобалардың бірі. 2025 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 236,16 млн теңгені құрайтын 19 жоба мақұлданды. Аудандар арасында ең көп өткен жобалар Тарбағатай ауданына тиесілі. Ал 2026 жылы бағдарлама аясында жалпы құны 356,901 млн теңгені құрайтын 21 жоба мақұлданған. Оның ішінде Ақжар ауылдық округінде 12 жоба, Жаңаауыл ауылдық округінде 4 жоба, Қарасу ауылдық округінде 2 жоба, ал Тұғыл, Құйған және Маңырақ ауылдық округтерінде бір-бір жобадан жүзеге асырылуда. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға, ұсақ мал өсіруге және ірі қара бордақылауға бағытталған. Бағдарлама ауыл тұрғындарының кәсіпкерлікпен айналысуына, табысын арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға оң ықпал етеді. Осы тұста тағы бір қайталап өткім келеді, Президентіміздің тікелей тапсырмасымен жүзеге асырылатын ауқымды жобалар қатарында: Зайсан – Тарбағатай аудандары ортасындағы Сәтпай ауылының маңына салынып жатқан әуежай. Зайсан көліне түсетін су жолы порты мен Майқапшағай – Тұғыл ауылы аралығын жалғайтын теміржол. «SHYGYS» арнайы экономикалық аймағын құру тұжырымдамасына (АЭА «SHYGYS») сәйкес, Тарбағатай ауданының аумағында өндіріс, логистика және сауда салаларында шетелдік және отандық инвестицияларды тартуға бағытталған инфрақұрылымдық хаб қалыптастыру көзделуде. Бұл аймақтың басты ерекшелігі – оның Қытай Халық Республикасымен шекараға жақын, яғни небәрі 130 шақырымда орналасуы және көлік-логистикалық бағыттағы транзиттік әлеуетінің жоғары болуы. Болашақта ауданымызда жүзеге асырылатын мега жобалар баршылық екенін осыдан байқауға болады, олар іске асқан жағдайда инфрақұрылымы дамыған, көлік-логистикасы жолға қойылған, халқы экономикалық тұрғыда сауатты, жері де, елі де бай аймаққа айналатынымызға бек сенімдімін. Мен ол күнді әкім ретінде көрмеуім мүмкін, бірақ Барқытбел баурайын жайлаған берекелі еліміз бұл игіліктерді міндетті түрде бастан кешіреді.

— Ауданымызда 2026 жылға жоспарланған басқа жобалар туралы да айта кетсеңіз.

— Жоғарыда әр сала бойынша өткен жыл мен биылғы жылдың жоба-жоспарларын бірге айтып өттім. Жалпы Тарбағатай ауданы бойынша 2026 жылы 2 470,221 млрд теңгеге 93 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде инфрақұрылымдық жобалары бойынша 2026 жылға 14 ірі жоба жоспарланған. Мәселен, құрылыс саласы бойынша 2 үлкен жоба бар. Атап айтқанда, Ақжар ауылындағы әкімшілік ғимаратты (Қазахтелеком) күрделі жөндеу жұмыстарына 700 млн тг қаражат облыстық бюджет есебінен қарастырылуда, қазіргі таңда ЖСҚ әзірленуде. Сонымен қатар, Ақжар ауылында жылу қазандығын салу жұмысына 4 млрд тг, ол да республикалық бюджет есебінен алынады.

Жол құрылысы саласы бойынша 2026 жылға облыстық бюджет есебінен 5 жоба жоспарланып отыр. Атап айтқанда: Жаңаауыл ауылының Ислямова (0–0,8 шақ), Кенжебаева (0–0,5 шақ), Буланбаева (0–0,4 шақ) көшелерін орташа жөндеуге – 144,202 млн тг; Құйған ауылының Тарбағатай (0–0,7 шақ), Өзтүрік (0–0,3 шақ), Ы. Алтынсарин (0–0,2 шақ) көшелеріне орташа жөндеу жүргізуге – 106,900 млн тг; Қарасу ауылындағы Ж. Сүлейменов (0–0,65 км) және А. Атабаев (0–0,7 км) көшелеріне орташа жөндеу жүргізуге – 93,500 млн тг; Байтоғас ауылындағы Абай көшесіне (0–1,3 км) орташа жөндеуге – 89,456 млн тг және Қабанбай – Шорға автомобиль жолының 0–2,2 км учаскесіне орташа жөндеу жүргізуге – 430 млн тг облыстық бюджет есебінен қарастырылуда.

Бұл жобалар мен бағдарламалардың негізгі мақсаты – шекаралық аймақ тұрғындарының әл-ауқатын көтеру, күнделікті тұрмысқа қолайлы, жайлы орта қалыптастыру екенін жеткізгім келеді. Әлгінде айтқанымдай цифрларды сөйлететін болсақ газет беті жетпеуі мүмкін, сол себепті негізгілеріне ғана тоқталдым.

— Бәрекелді, Дархан Шомпайұлы! Қайта құрылғанына бірнеше жыл ғана болған ауданымызда көптеген жұмыстар атқарылып жатқанына тағы бір көз жеткіздік. Алда әлі де атқарылатын қыруар шаруа бар екенін білдік. Бұл сұхбатымызды Тарбағатай жұртшылығына айтар тілегіңізбен қорытындыласақ.

— Құрметті жерлестер! Қазақта «Көрінген таудың алыстығы жоқ» деген керемет сөз бар. Сол үшін де ел игілігі жолындағы жобаларды қолдап, оған әрқашан тілекші болғанымыз жөн және қолымыздан келгенше әрқайсымыз өз ісімізбен сол күндерді жақындатуға күш салғанымыз абзал. Тірлігіміз түзеліп, тұрмысымыз тіктеліп келеді. Ауданымыздың оралып, қазанымыздың қайта қайнағаны осының дәлелі. Жергілікті атқарушы билік – біз де біріңізге бауыр, біріңізге аға, яғни жерлестерміз. Өз туған жеріне, өскен еліне ешкім жамандық ойламаса керек-ті. Сондықтан да осынау істердің басы-қасында жүрген азаматтарды қолдап, оларға дем берулеріңіз қажет деп ойлаймын. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарсақ, біз алмайтын қамал жоқ. Еліміз қуатты, болашағымыз жарқын болсын!

— Жаңалықтар жаршысы аудандық газеттің қалың оқырмандарына арнап сұхбат бергеніңізге рахмет айта отырып, алдағы жұмысыңызға сәттілік тілейміз!
Рахмет!

Сұхбаттасқан: Е. Үсенов

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]