Өнерге сүйіспеншілік немесе табиғатқа тағзым

Аудан жаңалықтары 1-12-2025, 12:28 10

 Өнер – адамның жан дүниесін байытып, оның рухани әлемін қалыптастыратын ерекше күш. Әсемдікті жүрекпен сезіп, оны шәкірт бойына жеткізу – үлкен жауапкершілік. Осы жауапкершілікті өмірлік ұстанымына айналдырған, табиғатпен үндескен шығармашылық иесі – ШҚО, Тарбағатай ауданы, «Балалар өнер мектебінің» көркемөнер пәні мұғалімі Жетпісов Мейір Мұратбекұлы. Оның бойындағы табиғатқа деген іңкәрлік, өнерге деген адалдық, салт-дәстүрге деген құрмет ұстаздық жолының да, азаматтық болмысының да айқын көрсеткіші.


Мейір Мұратбекұлының табиғатқа деген ерекше махаббаты – оның шығармашылық қуатының негізгі көзі. Ол демалыс күндері атына мініп, Тарбағатайдың тауларын, тасты өңірлерін, қойнауы құпияға толы жон-жоталарын аралауды әдетке айналдырған. Бұл тек серуен емес, бұл – табиғатпен тілдесу, ой тоқтату, жанды тыныштандырып, рухтың жаңғыруы. Жүйрік аттың үстінде таудың самалына бетін тосып, күннің шығуы мен батуының арасындағы әрбір сәтті тамашалау – оның ішкі әлемінің ажырамас бөлігі. Қасына ерген серігі – тазысы да осы сапарлардың шынайы ажарын аша түседі. Жүгірген тазының сергек қимылы, еркіндігі, табиғатпен үйлесімділігі ұстаздың жүрегіне жақын.

 

Кейіпкеріміздің ұялы телефонында сақталған суреттер – бір ғана адамның емес, тұтас өлкенің шежіресі. Әр кадрда Тарбағатайдың сәні, дала гүлдерінің нәзік бояуы, тау шыңдарының асқақтығы, түнгі аспанның тұңғиығы көрініс табады. Мейір Мұратбекұлы табиғаттың уақытпен ұштасқан ерекше сәттерін дәл ұстап, суретке түсірудің хас шебері. Бұл фотолар жай ғана кадр емес, оның ішкі сезімінің көрінісі және шабытының бастауы. Кейін сол суреттерді қағаз бетіне түсіріп, жан бітіреді. Оның салған картиналарынан туған жерге деген махаббат, табиғаттың үнсіз әуені, дала кеңдігінің рухы сезіледі. Суретші әр туындысына өзіндік жан жылуын қосып, табиғатты өзінше сөйлете алады.


Кейіпкеріміздің ерекше қырының бірі – тазы асырау мәдениетін жалғастыруы. Қазақтың ұлттық құндылығы болып саналатын тазы итін ол тек серік емес, бапталған жарыс жүйрігі ретінде қарайды. Ол төрт аяқты достарына үлкен қамқорлықпен, жауапкершілікпен қарағандықтан, тазылары бірнеше мәрте аудандық және өңірлік жарыстарда жүлде алған. Бұл – оның тазы баптаудағы тәжірибесі мен еңбегінің нақты нәтижесі. Ұлттық спортымыздың қайта жандануына осылай үлес қосып жүрген азаматтың еңбегі көпке үлгі десек болады.


Суретшінің жүрегін тербететін өнердің тағы бір саласы – домбыра аспабы. Табиғат аясында түскен суреттеріне қарап шабыттанатын ол кейде қара домбыраны қолға алып, әуезді күй төгеді, ән салады. Оның орындауындағы әндер – даланың тынысы, таудың үнімен астасқан тереңдікке ие. Ұстаздың бұл қасиеті оны тек суретші ретінде ғана емес, жан-жақты өнер иесі ретінде танытады. «Жігітке жеті өнер де аз» деген сөздің шынайы мағынасы дәл осындай жандарға арналғандай.


Мейір Мұратбекұлы табиғатты қастерлей жүріп, өз өмірін шәкірт тәрбиесіне арнап келеді. Ол балаларға тек сурет салуды ғана емес, қоршаған ортаны көруді, сезінуді, түсіне білуді үйретеді. Шәкірттерінің әрқайсысына шығармашылық еркіндік беріп, олардың табиғаттан шабыт алуына жол ашады. Өнер мектебіндегі әр сабағы – жаңа әлемге бастайтын кілт іспетті. Оның сабағына қатысқан балалар өз ойларын еркін жеткізіп, табиғаттың ұсақ-түйегіне дейін байқауды үйренеді. Осылайша ұстаздың өмірге деген сүйіспеншілігі жас буынға беріліп, жалғасып келеді. Оның хоббиі – жай әуестік емес, бұл – өмірінің мәні. Табиғатқа жақындық, өнерге адалдық, ұлттық дәстүрді дәріптеу – оның күнделікті тіршілігінің ажырамас бөлігі.


Ол – тауды аралап жүріп, сұлулығына тамсанып сурет салатын, сурет салғанда табиғаттың үнін жеткізетін, табиғат пен өнерді, ұлттық дәстүрді бір арнаға тоғыстырған ерекше жүрек иесі.Еңбегіңіз жемісті болсын!

Еркежан Бақытбекқызы

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]