Марқакөлде көне таңбалар табылды

Марқакөлде көне таңбалар табылды
Марқакөл ауданының ең шалғай ауылдарында археологиялық зерттеу жұмыстары кезінде, бұған дейін зерттелмеген рулық тамғалары бар тарихи құлпытастар табылды.
Тасқа қашалған рулық белгілер - ғасырлар бұрыңғы қазақ руларының тарихын, орналасу бағыттарын және әлеуметтік қатынастар жүйесін қалпына келтіруге үлкен септігін тигізген дейді ғалымдар.
Бұл көне жәдігерлерді әлі үш жыл бойы зерттеп, Марқакөл өңіріне барлау жасап экспедиция жүргізетін болады. Кешенді зерттеу жобасына белгілі археолог Самат Самашев жетекшілік етуде.
Биыл «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкерлері Марқакөл ауданы аумағында нәтижелі барлау-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Экспедиция барысында табылған тастағы тамғалар Сарыжомарт, Бура, Көкжарлы руларына тиесілі «ергенек» рулық тамғасы болып шықты. Бұл жаңалық тарихи мәліметтерді нақтылап, зерттеушілердің Шығыс Қазақстан өңіріндегі рулық тамғалардың таралу түсінігін кеңейтті.
- Табылған рулық тамғалар мал шаруашылығында, мәселен, төрт түлік малға таңба басу үшін де кеңіннен қолданылған. Сондай-ақ, қай руға тиесілі екенін белгілеу үшін қару-жарақ пен тұрмыстық бұйымдарға түсірген және құлпытастарға қашап жазуға да пайдаланған. Сонымен қатар, бұл таңбалар рудың өзіндік заңды «мөрі» қызметін атқарған, - дейді археолог ғалымдар.
Өңірден табылған тарихи графикалық белгілер арқылы ғалымдар қазақ руларының шежірелік байланыстарын, көші-қон бағыттарын және тарихи қоныстауын зерттеуге мүмкіндік алды. Жалпы, Марқакөл тарихи мекен, шежіреге бай өлке. Әзірге зерттелмеген, халыққа жұмбақ, ғалымға ғана аян жерлер көп-ақ.
Валентина Свириденко