МАРҚАКӨЛ – ШЫҒЫСТЫҢ МАРЖАНЫ

КӨПТЕН КҮТКЕН ҰЛЫ ТОЙ
Иә, Марқа өңірінде көптен күткен ұлы той өтті! «Марқакөл – Шығыстың інжу-маржаны» фестивалі дүркіреп өтіп, күміс көлдің жағалауы ән мен бидің, өлең мен күйдің нұрына бөленді. Алыс-жақыннан келген қонақтар мен туристер өңірдің көркем табиғатына, ұлттық өнері мен мәдениетіне тәнті болды.
Бұл фестивальге келген де арманда, келмеген де арманда еді. Мұндай ауқымды жиын Ұрынқай ауылында, Марқакөл көлінің жағасында бұрын-соңды болмаған деседі. Ұлттық киіз үйлерден әсем этноауыл бой көтеріп, 20 қолөнер шебері өздерінің бірегей бұйымдарын ұсынды. Ал келген қонақтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында 20 тамақтану орны жұмыс істеді.
Фестиваль аясында айтыс, поэзия кештері ұйымдастырылып, облыстың түкпір-түкпірінен келген шығармашылық ұжымдар мен «Made in KZ» тобы өнер көрсетті. Бай әрі мазмұнды бағдарлама қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлады.
ҚОРЫҚТЫҢ ЖАРТЫ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ
Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығының 50 жылдық мерейтойына Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы қатысты.
Жарты ғасырдан бері бірегей табиғи аумақты сақтап келе жатқан қорықтың мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Облыс әкімі алдымен қорықтың материалдық-техникалық базасымен танысып, өңірдің ерекше қорғалатын флорасы мен фаунасын сақтау бағытында еңбек етіп жүрген табиғат сақшыларын марапаттады.
Сондай-ақ қорық аумағында ағаш отырғызып, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен табиғатты қорғаудың маңыздылығына тоқталды.
– Осы жарты ғасыр бойы қорық қызметкерлері Оңтүстік Алтайдың экожүйесін, Марқакөл көлінің табиғи байлығын көзінің қарашығындай сақтап, бүгінге жеткізіп отыр. Олардың қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігінің арқасында асыл мұрамыз сақталып, болашақ ұрпаққа аманатталып келеді. Үлкен туристік іс-шара мен мемлекеттік табиғи қорықтың 50 жылдық мерейтойының қатар келуі баршамызды қуантып отыр. Фестиваль мен мерейтой құтты болсын! – деп ақжарма тілегін білдірді Нұрымбет Аманұлы.
Шараның ашылу салтанаты әсем әнмен басталды. Кейін табиғатты қорғау ісіне сүбелі үлес қосқан мамандар марапатталды. Еңбегімен елге сыйлы болған азаматтарға алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табысталды.
Бұл – ұзақ жылдар бойы табиғатты қорғау жолында аянбай еңбек етіп, ыстық пен суыққа қарамай, туған өлкенің табиғи байлығын сақтауға үлес қосқан азаматтарға көрсетілген зор құрметтің жарқын көрінісі болды.
Бүгінде қорықта 52 маман еңбек етеді. Олардың әрқайсысының табиғатты сақтауға қосып жүрген үлесі зор.
МАРҚАКӨЛДІҢ БІРЕГЕЙ ТАБИҒАТЫ
– Марқакөл қорығы табиғи байлығымен ерекшеленеді. Қорық аумағында құстардың 238 түрі тіркелген, оның 19-ы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген. Сирек кездесетін жануарлардың қатарында қар барысы мен тас сусары бар. Бүгінде мұнда өсімдіктердің 730 түрі өседі. Жақында жүргізілген ғылыми зерттеулер нәтижесінде бұрын тіркелмеген өсімдік түрлері де анықталды. Қорық мамандары алдағы уақытта жануарлар мен жәндіктер дүниесін зерттеу жұмыстарын жалғастырмақ.
Марқакөлдің басты табиғи бренді – майқан балығы. Бұл балық Канадада және Марқакөл көлінде ғана кездеседі, – дейді қорық инспекторы.
АЙТЫС – ҰЛТТЫҚ ӨНЕРДІҢ АЙБАРЫ
Көл жағасында республикалық ақындар айтысы да тартысты өтті. Сөз додасына еліміздің әр өңірінен келген дүлдүл ақындар қатысып, көрерменге әсерлі айтыс сыйлады.
Жеңімпаздар арнайы марапатталып, ұлттық өнердің мәртебесі тағы бір мәрте биіктеді. Бас жүлдені Айдос Рашатұлы иеленіп, Марқакөлдегі айтыстың ақтаңгері атанды.
– Халықтың қолдауымен бас жүлде бұйырып тұр. Көңіл күйіміз керемет. Көрермендердің айтысқа шөлдегені байқалады. Бұл өңірдің халқы қыстың қаһарын да, өмірдің қиындығын да көп көрген. Жай ғана айтыстың өзі халықтың жүзіне қуаныш сыйлады.
Мұндай мерейтой жұртшылыққа ерекше серпін беріп, шалғайдағы өңірде мәдениет пен өнердің қатар дамып келе жатқанын көрсетті, – деді Өскемен қаласының айтыскер ақыны Айдос Рашатұлы.
ҚОЛӨНЕР МЕН ҰЛТТЫҚ МҰРА
Көлге жақын аумақта қолөнер шеберлерінің қолдан жасаған бұйымдары мен әшекейлерінен көрме ұйымдастырылды. Өскемен қаласы мен Алтай ауданынан келген шеберлер бағалы тастардан жасалған зергерлік бұйымдар мен ұлттық аспаптарды таныстырды.
Агат, топаз, кәріптас, яшма, опал, турмалин, аметист және бөрітас секілді бағалы тастардан жасалған әшекейлер көздің жауын алды. Ал сыбызғы, сазсырнай, домбыра, қос сырнай және тұяқтас секілді ұлттық аспаптар халқымыздың рухани мұрасын насихаттап, қонақтар үшін бағалы кәдесыйға айналды.
Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының ғылыми қызметкері, суретші, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Гүлнар Бекбердинова Марқакөл көлінен ерекше әсер алып, айдын көлдің келбетін қылқаламмен бейнеледі.
Бұл – суретшінің Марқакөлді кенепке түсірген алғашқы туындысы.
– Қай жерге барсам да, өзіммен бірге акварель бояуын, қылқаламымды, кенебімді және мольбертімді алып жүремін. Осы жерге арнайы келгеннен кейін аңызға бай, Шығыстың інжу-маржанын неге бейнелемеске деген ой келді.
Сағат 10-дар шамасында көл беті күн сәулесімен шағылысып, бояу реңктері сан түрлі түске енген сәтте сурет салуды бастадым. Қазір бұлт қаптап, табиғатқа тіпті ерекше көрініс беріп тұр, – дейді суретші.
Иә, «Сұлулық – көре білгеннің көзінде» деген осы болар. Суретшінің жанарында табиғаттың сұлулығы, композициясы, контраст пен түстер гаммасы үйлесім тауып, Марқакөлдің қайталанбас келбетін айшықтап тұрғандай.
ТАБИҒИ ӨНІМ – ТӨЛ КӘСІП
Елге танымал кәсіпкер Алмас Таңғұтұлы өзі өндіретін медовуха, бал шарабы, емдік және көк шай өнімдерімен Қазақстанға кеңінен танылған.
Кәсіпкер Алтайдың емдік шөптерінен дайындалған шайларын фестиваль қонақтарына таныстырып, отандық өнімнің артықшылықтарын көрсетті.
Күреңот, итмұрын, жекен, сарыуыз, борсықшөп, дөңгел, қалақай және шырғанақ секілді өсімдіктер Шығыс Қазақстанның көптеген аймақтарында өседі. Табиғи байлықты тиімді пайдаланып, оны сапалы өнімге айналдырып отырған Алмас Таңғұтұлы өз өнімдерін шетелге экспорттауды да жоспарлап отыр.
– Біздің бренд ешқандай қоспасыз, табиғи әрі отандық өнім. Емдік шөптерді Қазақстанның әр өңірінен кездестіруге болады. Медовуха мен бал шараптарын итальяндық технология бойынша дайындаймыз.
Қазіргі таңда алты түрлі шай шығарып, жиырмаға жуық шөп түрімен жұмыс істейміз. Жақында «ITB Berlin» халықаралық көрмесінде өз өнімімізді таныстырдық. Алдағы уақытта даму жоспарымыз көп, – дейді «Медовая марка» компаниясының жетекшісі Алмас Таңғұтұлы.
Ұсынылған өнімдер келушілер тарапынан жоғары бағаланды. Мұндай кәсіп түрі жергілікті тұрғындарға да өз пайдасын тигізбек. Өнімге қызығушылық танытқан азаматтар алдағы уақытта авторлық өнім әзірлеп, жеке кәсіп бастауға ниет білдірді.
Алмас Таңғұтұлы әлеуметтік желідегі парақшасында:
– Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Марқакөл жағасында мұндай ауқымды шара алғаш рет өтіп отыр. Өңірдің шалғайлығына қарамастан, еліміздің әр аймағынан қонақтар келіп, ерекше өлкенің табиғатымен және тыныс-тіршілігімен танысты.
Бұл – өңірдегі туризмнің дамып келе жатқанын көрсетеді. Қуантарлығы, фестивальден кейін қоқыс көрмедім. Келген қонақтар айналаны таза ұстап, киелі мекенге құрмет көрсетті. Туризм тазалықпен және мәдениетпен ұштасуы керек.
Марқакөлде өткізген бірнеше күн ішінде тауға шығып, емдік шөптерді танып, суретке түсіп, табиғаттың көркемдігіне тамсанып қайттық, – деп жазды.
ТУРИСТЕР МЕН ӨНЕР ЖҰЛДЫЗДАРЫ
Ауқымды жобаны көпшілікке танытып, шалғайдағы мекеннің мерейтойын елге кеңінен насихаттаған туристік блогерлер де фестивальдің арнайы қонағы болды.
Туризм саласында облысқа танымал Сымбат Рамазанов пен қазақтың ұлттық өнеріне қызығушылық танытқан қытайлық блогер Тао Тао этноауылды аралап, көрмелерді тамашалап, жергілікті халықпен жүздесті.
Ал мерекелік шараның арнайы қонағы – «Made in KZ» тобы өңірдің көркем табиғатына тәнті болып қана қоймай, өз әндерімен жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
– Марқакөл – өте әдемі мекен. Моторлы қайықпен жүріп, жабайы табиғатты өз көзімізбен көрдік. Бұл жердің халқы да ақжарқын, көңілді әрі мәдениетті.
Марқаның туризм әлеуеті одан әрі дами берсін. Бұл жерде әлі талай жағымды өзгерістер болады деп ойлаймыз, – деді әнші Назым Хамит.
ҰТЫСТЫ СӘТТЕР МЕН МЕРЕКЕЛІК КЕШ
Мерекелік кеш барысында лотереялық сыйлықтар ойнатылды. Саяхат пен балық аулауға арналған түрлі құрал-жабдықтар ұтысқа қойылды.
Басты сыйлықтар – теледидар мен ұялы телефон. Бір қуантарлығы, бас жүлде осы тойды асыға күткен Төсқайың ауылының тұрғындарына бұйырды.
Сонымен қатар, Өскемен қаласынан келген әншілер мен бишілер өз өнерлерін ортаға салып, халықтың көңілін көтерді.
– Баршаңызды бүгінгі салтанатты мерейтоймен құттықтаймыз! Бұл іс-шара ел ішіндегі дарынды азаматтардың басын қосып, рухани мәдениетіміз бен шығармашылығымызды ұлықтаған айтулы оқиға болды.
Шара тұрғындарға жаңа серпін беріп, келген туристерге шабыт сыйлады деп сенемін. Өнер мен шығармашылық халықты біріктірді. Осы арқылы төл мәдениетімізді дәріптеп, туған жерімізді, табиғатымызды және киелі мекенімізді кеңінен таныта алдық.
Бұл шара алдағы уақытта да өз жалғасын табады, – деді аудан әкімі Р. Кемешев.
ҰЛЫ ТОЙ – ЕЛДІҢ МЕРЕЙІ
Қорыта айтқанда, фестивальдің ұйымдастырылу деңгейін тұрғындар мен қонақтар жоғары бағалады. Себебі әрбір шараның артында қызу дайындық пен ұйымдастырушылардың маңдай тері жатыр.
Келген қонақтардың тыныштығын қамтамасыз еткен тәртіп сақшылары да зор үлес қосты. Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері фестивальдің барлық локацияларында қоғамдық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етті.
Полиция қызметкерлері аумақты патрульдеп, жол қозғалысын реттеп, адам көп жиналған алаңдардағы қауіпсіздік жағдайын бақылауда ұстады.
Жалпы, көптен күткен ұлы той көпшілікпен бірге аталып, Марқакөлдің мәртебесін тағы бір белеске көтерді. Күміс көлдің жағасында өткен бұл фестиваль өңірдің табиғи байлығын, ұлттық мәдениетін, өнері мен туристік әлеуетін кеңінен танытқан айтулы мерекеге айналды.
Валентина Свириденко