ҚОНЫС ТОЙЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

Аудан жаңалықтары 13-08-2026, 16:24 29

Ақжар ауылында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңадан бой көтерген сегіз тұрғын үйдің кілті өз иелеріне табысталды. Баспана. Адам үшін бұдан асқан ыстық ұғым бар ма? Шаңырақ көтеріп, бала-шағасының қызығын көріп, ұрпағын өсіріп отырған әр отбасының ең үлкен армандарының бірі де осы. Өз үйінің табалдырығын аттап, төріне қуанышпен кіріп, «Бұл біздің үйіміз» деген сөзді айту кез келген жанға ерекше жылы сезім сыйлайды.

Ақжар ауылында өткен салтанатты шарада осындай қуанышты сәтке сегіз отбасы куә болды. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жаңадан салынған тұрғын үйлердің кілті жаңа қоныс иелеріне табысталып, ауылда тағы бір игіліктің шымылдығы түрілді. Жаңа үйлердің маңында сол күні ерекше көңіл күй орнады. Бірі көптен күткен баспанасының есігін алғаш рет ашса, енді бірі жаңа шаңырақтың табалдырығын қуанышпен аттауға асықты. Қоныс иелерінің қуанышын бөлісуге аудан басшылығы, ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты әжелер, ауыл тұрғындары жиналды.

Салтанатты шараға аудан әкімі Д. Жөргекбаев, аудан әкімінің орынбасары Е. Сабырбаев қатысты. Жиында сөз алған аудан әкімі жаңа қоныс иелерін құттықтап, баспаналы болудың әр отбасы үшін үлкен қуаныш екенін атап өтті. Баспана мәселесі қашанда елдің әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты. Үйлі болған отбасының тұрмысы түзеліп, ертеңге деген сенімі де арта түседі. Сондықтан тұрғын үй салу, елді мекендердің ажарын ашып, жаңа шаңырақтарға жағдай жасау бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.

Аудан әкімі жаңа баспаналардың ауыл тұрғындарының игілігіне қызмет ететініне тоқталып, қоныс иелеріне шаңырақтарының берекелі, тұрмыстарының баянды болуын тіледі. Артынша жаңа үйлердің кілттері салтанатты түрде табысталды.

Кілт табысталған сәтте ауылдың ақсақалдары ақ батасын берді. Ақ жаулықты әжелер шашу шашып, жаңа қоныстың қуанышын еселей түсті. Қазақы дәстүрмен ақ тілек айтылып, жаңа шаңырақтарға ізгі ниет білдірілді. Бұл жерде баспананың кілтін табыстау рәсімімен қатар ауыл өміріндегі тағы бір маңызды өзгерістің белгісі байқалды. Өйткені жаңа үйдің бой көтеруі бір отбасының ғана қуанышы емес, ол ауылдың өсіп-өркендеуіне, халық санының тұрақтануына, жаңа шаңырақтардың көбейіп, елді мекеннің еңсесінің биіктеуіне ықпал етеді.

Ел Президенті Қ. Тоқаевтың шекаралық аймақтарды дамыту саясатының арқасында Тарбағатай ауданында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жұмыстар соңғы жылдары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Соның бірегейі – «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы. Аталған бағдарлама аясында аудан тұрғындары үшін жаңа үйлер салынып, пайдалануға берілуде. Бұл бастама әсіресе ауылдық жерлердегі тұрғын үй мәселесін шешуге мүмкіндік беріп отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Н. Сақтағановтың да басты назарында және оны сапалы ұйымдастырып отырған аудан басшылығының да еңбегін айта кеткен орынды.

Бүгінде Ақжардағы құрылыс қарқынына қарап, ауылдың жаңа шаңырақтармен толығып келе жатқанын бірден аңғарамыз. Жаңа тұрғын үйлер салынған сайын ауылдың инфрақұрылымына қойылатын талап та арта түсетіні белгілі. Сондықтан баспанамен қамту ісі тек үйдің қабырғасын тұрғызумен шектелмей, инженерлік желілерді, жолды, абаттандыруды және тұрғындарға қажетті әлеуметтік жағдайларды қатар дамытуды қажет етеді. Бұл ретте жаңа тұрғын үйлердің салынуы ауылдың болашағына тікелей әсер ететін фактор деп айта аламыз. Өйткені баспаналы болған отбасы ауылда тұрақтап, еңбек етеді, бала тәрбиелейді, қоғамдық өмірге араласады. Яғни, жаңа үй – ауылдың ертеңіне қосылған үлес, сенімді болашақтың кепілі.

Тарбағатай ауданы қайта құрылғаннан бері Ақжар ауылының өзінде жаңадан салынған тұрғын үйлердің саны 130-дан асып отыр. Бұл аз көрсеткіш емес. Бірнеше жыл ішінде ауылда жүздеген отбасының тұрмысына серпін беретін баспаналар бой көтерді. Бір кездері үй мәселесін ойлап, баспана күтумен жүрген тұрғындардың енді өз шаңырақтары бар. Бірінің балалары жаңа үйдің кең бөлмелерінде ойнап жүрсе, енді бірі ауласын абаттандыруды бастап кеткен. Ауылдың бір шетіндегі жаңа үйлер көбейген сайын елді мекеннің де тынысы кеңейіп келеді.

Баспана мәселесін шешудің ауыл үшін тағы бір маңызды тұсы бар. Ол – елді мекенде халықтың тұрақтап қалуына мүмкіндік беру. Ауылдың болашағы ең алдымен оның тұрғындарына байланысты. Жастардың туған жерінде қалып, еңбек етуі үшін тұрақты жұмыс пен қатар баспана, әлеуметтік нысандар, сапалы жол, ауызсу, байланыс секілді қажетті жағдайлар болуы керек. Осы тұрғыдан алғанда тұрғын үй құрылысы ауылды дамыту жұмыстарының маңызды бөлігі саналады. Сондықтан Ақжардағы бұл оқиғаға тек сегіз отбасының жеке қуанышы деп қарауға болмайды. Бұл – ауылдың өсіп, жаңарып келе жатқанын білдірсе керек.

Қазақта «Үйі бардың – күйі бар» деген аталы сөз бар. Шынында да, баспаналы болу адамның өміріндегі ең маңызды белестердің бірі. Жаңа үйге ие болған отбасылардың қуанышын сол күні сөзбен айтып жеткізу қиын еді. Жылдар бойы күткен арманның орындалып, өз үйінің кілтін қолына алған сәттің орны бөлек. Қазақы дәстүр бойынша жаңа үйге кіргенде үлкендердің батасын алу да бекер емес. Бата – жақсы ниеттің, ақ тілектің белгісі. Ақжардағы шарада ауыл ақсақалдарының батасы мен әжелердің шашуы жаңа қоныстың берекесін арттырғандай әсер қалдырды. Ақ тілектің астарында бір ғана тілек жатты: жаңа үйлерде ұрыс-керіс болмасын, балалардың күлкісі үзілмесін, шаңырақтар шайқалмасын, әр отбасының ырысы артсын!

Осынау кілті табысталған сегіз баспана ертеңгі күні талай қуаныштың куәсі болары анық. Бұл үйлерде сәбилер дүниеге келіп, балалар өседі. Шаңырақтарда қуанышты күндер көбейіп, үлкендер немере сүйеді. Осындай қарапайым отбасылық қуаныштардың өзі ауылдың әлеуметтік өмірін алға жылжытады. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы арқылы жүзеге асып жатқан жұмыстардың басты нәтижесі де осында. Себебі тұрғын үйдің бағасы мен құндылығы оның шаршы метрінде емес, сол үйде өмір сүретін адамдардың қуанышымен өлшенбек.

Жаңа шаңырақ иелеріне қоныстары құтты болсын, босағалары берік, төрлері кең, дастархандары мол болсын айтамыз. Жаңа үйлердің әрқайсысынан бала күлкісі естіліп, әр шаңырақтан бақ пен береке арылмасын!

Заңғар Нұрбекұлы

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]