Аудандық басылымға – 90 жыл: Қалам мен қайрат

Тарбағатай топырағында сөз қадірін ту етіп, елдің мұңын, уақыттың үнін газет бетіне түсірген жандар аз болмаған. Солардың алдыңғы қатарында Бижақи Исаұлы Исановтың есімі айрықша аталады. Оның ғұмыры – тұтас бір дәуірдің шежіресі. Қаламгерлік пен азаматтықты қатар ұстанған, майдан мен бейбіт тіршіліктің жүгін бірге көтерген арда азаматтың өмір жолы аудандық баспасөз тарихымен біте қайнасып жатыр.
Бижақи Исаұлы 1922 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданына қарасты Бозша ауылында дүниеге келген. Әкесі Иса Боқышұлы ел ішінде емшілік қасиетімен танылып, көзі ашық, діни сауаты мол адам болған. Анасы Қайша қарапайым еңбек пен адалдықтың үлгісін көрсеткен жан еді.
Еңбек жолын 1940 жылы Ақжар балалар үйінде тәрбиеші болудан бастаған Бижақи Исанов 1941 жылы әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыста әскери қызмет атқарады. Ол Жапонияға қарсы соғысқа қатысып, сегіз жылдық әскери өмір мектебінен өтеді.
Соғыстан кейін ел ісіне араласқан ол 1949 жылы Тарбағатай аудандық «Союзпечать» мекемесінің меңгерушісі қызметіне тағайындалып, баспасөз саласына келеді. Ал 1951 жылдан бастап аудандық «Колхоз туы» газетінде жауапты қызметкер болып еңбек етеді. Осы кезеңнен бастап оның өмірі аудандық газетпен тығыз байланысады.
1957 жылы «Совет туы» газетінде редактор көмекшісі қызметін атқарып, кейін ауылшаруашылық бөлімін басқарады. 1960 жылы аудандық «Ленин туы» газетінің редакторы болып тағайындалуы – оның журналистикадағы тәжірибесі мен беделінің айқын дәлелі еді.
Бижақи Исаұлы редакторлық қызметте талап пен тәртіпті қатар ұстанып, жас журналистерге бағыт-бағдар берді. Тіл тазалығына, ой нақтылығына ерекше мән беріп, аудандық басылымның беделін көтеруге зор үлес қосты.
1951-1954 жылдары Алматыдағы Киров атындағы мемлекеттік институтта білім алып, журналистика саласындағы кәсіби деңгейін шыңдай түсті. Оның мақалаларынан әдеби сауат пен публицистикалық серпін анық байқалатын.
1970 жылдан бастап аудандық бақылау комитетінде қызмет атқарып, өмірінің соңына дейін ел сеніміне адал болды. 1983 жылы дүниеден озған Бижақи Исановтың өнегелі ғұмыры бүгінде кейінгі буын журналистерге үлгі болып қала береді.
Бүгінгі «Тұғырлы Тарбағатай» газетінің 90 жылдық мерейтойы – тұтас өңір руханиятының мерекесі. Сол руханияттың шамын сөндірмей, сөздің салмағын сақтап келген арда азаматтардың есімі әрдайым құрметпен аталады. Бижақи Исаұлы Исанов – аудандық баспасөз тарихында өзіндік қолтаңба қалдырған тұлға.
Заңғар Нұрбекұлы