ТАРБАҒАТАЙДЫҢ ТӨЛ ӨНЕРІ – ФРАНЦИЯ ТӨРІНДЕ

Ұлттық өнер – ұлттың рухани болмысын айқындайтын, өткен мен бүгінді жалғайтын асыл мұра. Домбыраның күмбірі, халық әндерінің әуені, ұлттық би мен салт-дәстүр – қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени құндылықтарының айқын көрінісі. Осы құндылықтарды әлемге таныту – ұлттық өнерді дәріптеудің маңызды жолы.
Жуырда осындай мәртебелі миссия Тарбағатай ауданы Ақжар ауылдық мәдениет үйінің жанынан құрылған өнер ұжымына жүктелді. Ансамбль Францияның Домфрон және Бургей қалаларында өткен халықаралық этнофестивальге қатысып, қазақ халқының ән-күйін, ұлттық биі мен салт-дәстүрін Еуропа жұртшылығына кеңінен таныстырды.
Фестивальге әлемнің тоғыз елінен келген тоғыз өнер ұжымы қатысып, әрқайсысы өз халқының мәдениеті мен дәстүрін, ұлттық киімдері мен музыкалық аспаптарын көпшілік назарына ұсынды. Бірнеше күнге созылған мәдени шара барысында тарбағатайлық өнерпаздар әртүрлі алаңдар мен мәдениет сарайларында күніне бірнеше мәрте концерт қойды. Ұзақтығы 30–50 минутқа созылған бағдарламаларды мыңдаған көрермен тамашалап, қазақ өнеріне қызығушылық танытты.
Француз көрермендерінің ерекше ықыласына бөленген өнердің бірі – қазақтың ұлттық «Қара жорға» биі болды. Би аяқталғаннан кейін көрермендер сахнаға көтеріліп, өнерпаздармен бірге билеп, оның қимылдарын үйренуге ниет білдірді. Олар бұл биді адамға сергектік сыйлайтын ерекше өнер ретінде бағалап, таңданыстарын жасырмады.
Ұлттық нақыштағы киімдер мен қазақтың көне музыкалық аспаптары да көпшіліктің назарын аударды. Көрермендер өнерпаздармен естелік суретке түсіп, Қазақстан, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті туралы көптеген сұрақтар қойды. Кейбірі еліміз жайлы алғаш рет естіп, оның табиғаты мен мәдениеті жөнінде кеңірек ақпарат алуға қызығушылық білдірді.
Тарбағатайлық өнерпаздар фестиваль аясында жиырмаға жуық шығарманы орындап, қазақтың ән-күйі мен ұлттық өнерінің бай мұрасын шетелдік көрерменге кеңінен насихаттады. Әрбір концерт ұзаққа созылған қошеметпен аяқталып, көрермендердің шынайы ықыласы қазақ өнеріне деген ерекше құрметтің белгісіне айналды.
Фестиваль қорытындысында барлық қатысушы ұжымдарға ұлттық мәдениетті дәріптеуге қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хаттар табысталды. Тарбағатайлық өнерпаздардың еңбегі де жоғары бағаланып, халықаралық сахнада ел намысын абыроймен қорғағаны үшін лайықты құрметке ие болды.
Ансамбль құрамында Аян Садуақасов, Назира Көжекова, Назерке Қабыкенова, Жансерік Айдарбекұлы, Елжан Ержанұлы және Думан Серіков өнер көрсетті. Бағдарламаның би бөлімін сахналауға Ақтөбе қаласындағы «Самұрық» би ансамблі қолдау білдірді.
Концерттік бағдарламалардан бөлек, өнерпаздар Францияның тарихи орындары мен мұражайларын аралап, Нормандия өңірінің бай мәдени мұрасымен танысты. Бұл сапар олардың шығармашылық тәжірибесін байытып, жаңа әсер мен тың идеяларға жол ашты.
Шетел сахнасында қазақтың қасиетті домбырасы күмбірлеп, ұлттық әні шырқалып, төл биі биленуі – әрбір қазақ үшін зор мақтаныш. Ал сол өнерді Тарбағатайдың атынан Еуропа төрінде таныстыру – аудан мәдениеті тарихындағы жарқын белестердің бірі. Ұлттық өнердің мәртебесін асқақтатып, қазақ рухын әлемге паш еткен тарбағатайлық өнерпаздардың бұл сапары ел жадында ұзақ сақталары сөзсіз.
Еркежан Бақытбекқызы