Тарбағатайда дүбірлі айтыс

Аудан жаңалықтары 21-05-2026, 20:27 24

Қазақ айтысының ақтаңгеріне арналған айтыс өтті

Тарбағатай төрінде қазақтың қастерлі өнері – айтыс ерекше салтанатпен өтіп, ел рухын көтерген мазмұнды кеш ұйымдастырылды. Қазақ айтысының ақтаңгері, Қазақстанның мәдениет қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты Абаш Кәкеновтің 70 жылдық мерейтойына арналған облыстық ақындар айтысы Тарбағатай ауданы әкімі Дархан Жөргекбаевтың қолдауымен және аудандық мәдениет үйінің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.

«Алаштың Абашы» тақырыбымен өткен айтыс барысында қазақтың сөз өнеріне деген құрмет пен рухани сабақтастық кеңінен көрініс тапты. Сахна төрінде суырыпсалма өнердің биік үлгісі айшықталып, көрермен қауымға әсерлі сәттер сыйлады. Айтыс шымылдығы «Шаттық» би ансамблінің әсем биімен ашылып, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, тақырыпқа сай тағылымды пролог оқылып, өнер иесінің өмір жолы мен айтыстағы дара болмысы әсерлі баяндалды.

Абаш Кәкенов – қазақ айтыс өнерінің дамуына зор үлес қосқан дүлдүл ақын. Ол Алматыда өткен «Наурыз» айтысында бас жүлдені иеленіп, сөз додасындағы биік деңгейімен танылған. Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Баянғали Әлімжанов, Айтақын Бұлғақов, Айнұр Тұрсынбаева сынды белгілі ақындармен қатар айтысып, Шығыс өңіріне 18 бас жүлде әкелген.

Өнер иесінің шығармашылық жолы халықаралық деңгейде де жалғасын тапты. Ташкент, Омбы, Мәскеу, Моңғолия және Қытай елдерінде өткен айтыстарда қазақтың сөз өнерін кеңінен насихаттады. Оның репертуарында халық әндері мен Ақтамберді жырау, Таңжарық Жолдыұлы, Хамит ақын, Жәнібек Кәрменов сынды тұлғалардың мұралары кеңінен орын алған.

Қазылар алқасының төрағасы – ҚР мәдениет саласының үздігі, ақын-жыршы, термешілердің халықаралық одағының төрағасы, «Айтыстың ақтаңгері» атағының иегері Серік Құсайынбаев болды. Қазылар құрамында Әлібек Қаңтарбаев, Құралай Әлкенбаева, Нұртай Тілеужанұлы, Ержан Әділбекұлы және Шәкен Көпшікбаева сынды белгілі тұлғалар болды.

Алғашқы құттықтау сөз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі аппаратының басшысы Ерлан Текешовке беріліп, ол облыс әкімі Нұрымбет Аманұлының құттықтау хатын табыстады. Кейін аудан әкімі Дархан Жөргекбаев сөз сөйлеп, рухани шараның маңызын атап өтті. Абаш Кәкеновке «Тарбағатай тарланы» төсбелгісі табысталып, иығына шапан жабылды. Сонымен қатар, мәдениет саласында бірге еңбек еткен бірқатар азаматтарға құрмет көрсетілді.

Сөз сайысына еліміздің әр өңірінен келген ақындар қатысып, өнер додасының көркін қыздырды. Олардың қатарында Ардабек Ақбаба, Қуатбек Қуанар, Жұлдызай Мұратбекқызы, Қуаныш Еркінұлы, Айдос Рашат, Гүлжан Ықылас, Манарбек Сатыбалды, Қуандық Кенжебекұлы, Әли Ермеков және Аманкелді Тетепов бар.

Айтыс қорытындысы бойынша:
Бас жүлде – Ардабек Ақбаба,
І орын – Қуандық Кенжебекұлы,
ІІ орын – Айдос Рашат, Гүлжан Ықылас,
ІІІ орын – Қуаныш Еркінұлы, Жұлдызай Мұратбекқызы иеленді.

Арнайы сыйлықтар Әли Ермеков, Аманкелді Тетепов, Қуатбек Қуанар және Манарбек Сатыбалдыға табысталды.

Тарбағатай төрінде өткен бұл айтыс – ұлттық руханиятты жаңғыртып, сөз өнерінің салтанатын асқақтатқан ерекше кеш болды. Сахнада төгілген әр шумақ елдік рухтың үніне айналып, көрермен жүрегінен орын алды. Ұлттық өнердің өміршеңдігін дәлелдеген тағылымды кеш көпшілік жадында ұзақ сақталары сөзсіз.

Еркежан Бақытбекқызы

Поделится
1

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]

Ереке
Ереке21 мая 2026 20:35
Ответить
0 0
Бәрекелді!