Балалар шығармашылық үйіне – 50 жыл

Аудан жаңалықтары 3-06-2026, 08:32 20


 «Өнерлі істе жеміс бар, өрелі істе жеңіс бар» дейді дана халқымыз. Марқакөл ауданындағы талай жас таланттың қанатын қатайтып, өнер әлеміне жол ашқан Балалар шығармашылық үйі өзінің 50 жылдық мерейтойын салтанатты түрде атап өтті.

Мерейтой аясында саналы ғұмырын бала тәрбиесі мен өнер саласына арнаған ардақты ұстаздардың есімі ұлықталды. Балалар шығармашылық үйінің тұңғыш директоры, домбыра және баян сыныбының негізін қалаушы Мұрат Мағмұрұлы Мүфтиевтің есімі теория кабинетіне берілді. Алғашқы ұстаздардың бірі, белгілі әнші әрі домбырашы Бақытбек Сайлауханұлы Көбегеновтің есімі эстрадалық ән айту кабинетіне, өңірдегі тұңғыш «Балдәурен» оркестрінің негізін қалаған дирижер, шебер домбырашы Медет Жөкейханұлы Шахановтың есімі оркестр кабинетіне берілді. 

Шараға арнайы қатысқан ұстаздардың ұрпақтары мен туыстары жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Аудан әкімі Ринат Кемешев кабинеттердің лентасын қию рәсіміне қатысып, шығармашылық үйі ұжымын мерейтоймен құттықтады.

Мерейтой қарсаңында аудан әкімдігі мен демеушілердің қолдауымен шығармашылық үйінің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, кабинеттер заманауи талаптарға сай жабдықталды. Сонымен қатар үйірмелерге қажетті музыкалық аспаптар мен шығармашылық құралдар сыйға тартылды.

Салтанатты жиын ұстаздар мен шәкірттердің қатысуымен өткен әсерлі концерттік бағдарламамен жалғасты. Жас өнерпаздардың өнері көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп, шығармашылық үйінің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындады.

Іс-шара барысында Марқакөл аудандық мәслихатының төрағасы Мамырбек Қалелов сөз сөйлеп, шығармашылық үйі ұстаздарының жас ұрпақты тәрбиелеудегі еңбегіне жоғары баға берді.

Жарты ғасырлық белесті бағындырған Балалар шығармашылық үйінің ұжымын, ардагер ұстаздарын, түлектерін және ата-аналарды мерейтойларымен құттықтаймыз. Өнер ордасының мерейі үстем болып, шәкірттері биік белестерді бағындыра берсін!

Валентина Свириденко

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]