ТУРИЗМ–2026

Аудан жаңалықтары 21-07-2026, 12:14 37


Қиын-Керішті тамашалайтындардың қатары артып келеді

Күршім ауылынан шамамен 120 шақырым жерде орналасқан Қиын-Керіш алқабы соңғы жылдары отандық және шетелдік туристердің қызығушылығын арттырған ерекше табиғи нысандардың біріне айналды. Бұл бірегей табиғат ескерткіші аумағының шамамен 30 пайызы Марқакөл өңіріне тиесілі. Түрлі түске боялған сазды жоталар мен жарқабақтар алыстан қарағанда Қызыл ғаламшар – Марстың тылсым пейзаждарын еске түсіреді.

Халық арасында «Жалынды жартастар» аталып кеткен Қиын-Керіштің қызыл, сары, күлгін және ақ реңктері табиғаттың миллиондаған жылдар бойы қалыптастырған ғажайып туындысы саналады. Мұндағы ыстық климат пен судың жоқтығы өзгеше көркем ландшафттың қалыптасуына әсер еткен.

Алқаптың флорасы мен фаунасы да ерекше. Мұнда сұр атрафаксис пен Крылов феруласы сияқты сирек өсімдіктер өседі. Сонымен қатар құртқашаш, қызғалдақ, шегіршін, әртүрлі жапырақты терек, сораңғы және зайсан мордовнигі кездеседі. Қазақстанның Қызыл кітабына енген дуадақ, үкі, ителгі, бүркіт, дала қыраны, безгелдек және басқа да сирек жануарлар мен құстар осы өңірді мекендейді.

Эол қаласының аңызы

Қиын-Керіш тек табиғаттың ғажайып туындысы ғана емес, сонымен бірге аңызға толы мекен. Ел аузында бұл өңір «Рухтар қаласы» немесе жоғалып кеткен Эол қаласының орны ретінде де айтылады.

Аңыз бойынша, Санжар есімді бала атасымен бірге Қиын-Керішке саяхаттап келгенде, түрлі түске боялған жартастар мен мұнараларға ұқсас сазды төбелерді көріп, өзін ежелгі құпия қалаға тап болғандай сезінеді. Күн сәулесіне қарай құбылатын жартастар, кешкі қызыл шапақтағы ерекше көріністер мен жұлдызды түн бала қиялын еріксіз ертегілер әлеміне жетелейді.

Түсінде ол байлыққа құнығып, түрлі-түсті сазды асыл тас деп ойлаған аңшылар туралы аңызды көреді. Таң ата олардың іздеген «қазынасының» жай ғана саз кесектері екені белгілі болады. Осылайша адамдар ашкөздіктің түбі өкініш екенін түсініп, бір-бірінен кешірім сұрап, адамдық қасиеттің байлықтан әлдеқайда қымбат екенін ұғынады.

Ашық аспан астындағы палеонтологиялық мұражай

Ғалымдардың пікірінше, Қиын-Керіш – әлемдік маңызы бар табиғи әрі ғылыми нысан. Бұл өңірдің түрлі түсті саз қабаттары шамамен 65–70 миллион жыл бұрынғы мезозой мен кайнозой дәуірлерінде қалыптасқан.

Палеонтологиялық зерттеулер барысында бұл аумақтан ежелгі динозаврлардың, қолтырауындардың және тасбақалардың тасқа айналған қалдықтары табылғаны белгілі. Сондай-ақ саз қабаттарынан пальма, магнолия, папоротник секілді субтропиктік өсімдіктердің іздері анықталған. Бұл деректер қазіргі қуаң алқаптың бір кездері қалың орман болғанын дәлелдейді.

Қиын-Керіштің геологиялық қабаттары Жер тарихындағы климаттың өзгеруі мен тіршілік эволюциясын зерттеуде аса маңызды ғылыми мұра болып саналады.

Туристерді баураған мекен

Бүгінде Марқакөлге жол тартқан саяхатшылар Қиын-Керішке арнайы соғып, табиғаттың қайталанбас туындысын тамашалауды дәстүрге айналдырып келеді. Ерекше ландшафты, ғылыми құндылығы мен тылсым аңыздары тоғысқан бұл мекеннің халықаралық деңгейдегі туристік бағыттардың біріне айналуы әбден мүмкін.

Мәтін авторы: Валентина Свириденко

Поделится
0

Пікірлер

Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив
[allow-comments-subscribe]{comments-subscribe}[/allow-comments-subscribe]